Әскери-техникалық мектепте курсанттардың ант беру рәсімі өтті
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Қызылорда қаласындағы филиалының сарбаздары әскери ант берді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Әскери-техникалық мектеп сарбаздары 40 күндей кәсіби даярлықтан өтті. Бұл биылғы жылы осы мектепті тәмамдап отырған түлектердің бесінші легі. Олар осы уақыт аралығында теориялық, тактикалық дайындықтарды меңгерумен қатар, «Тереңөзек» оқу-жаттығу полигонында екі мәрте қарудан оқ атып үлгерді. Тактикалық дайындықтар мен қаруды қалай қолдану керектігін жете меңгерді. Сабақ барысында жауынгерлік атысқа дайындықтың ерекшеліктерін оқып, әскери-патриоттық тәрбие сағаттарына қатысты.
Әскери-техникалық мектептерге іріктеу жылына 7 рет өткізіледі. Қызылорда қаласындағы мектеп жылына шамамен 130-дан астам азаматты оқуға қабылдайды.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров