Автобус апатынан тағы бір дәрігер көз жұмды

388

Фото: Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасыБалқаштағы қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде үш күн бұрын 4 адамның өмірін қиған жол апатында жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген акушер Айдана Имашева қайтыс болды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Дәрігердің өмірі үшін әріптестері үш күн күресті. Бірақ бүгін, 22 қыркүйекте ол есін жимастан қайтыс болды.


Айдана Амантайқызы Имашеваның артында үш баласы мен жұбайы қалды.


«Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының ұжымы Жезқазған медициналық орталығының мейірбикесі Айдана Амантайқызы Имашеваның қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол да әріптестері сияқты осыдан бірнеше күн бұрын Ақтоғай ауданында жол апатынан зардап шекті. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті, бірақ бүгін, 22 қыркүйекте өкінішке орай бақилық болды. Айдана Амантайқызы өмірінің көп бөлігін мейірбике ісіне арнады. Оның кәсіпқойлығы мен акушерлік шеберлігі металлургиялық комбинат жұмысшыларының оннан астам перзенттерін дүниеге әкелді. Артында күйеуі мен үш баласы қалды. Айдана Амантайқызы игілікті істерімен емделушілер мен медицина саласындағы әріптестерінің жадында мәңгі сақталады», - деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасынан.


Естеріңізге сала кетейік, 19 қыркүйек күні сағат 19:30-да Ақтоғай ауданында Сарышаған кентінен 30 шақырым жердегі Алматы-Екатеринбург автожолында МАЗ жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусы соғысқан болатын.


Cалдарынан екі көліктің жүргізушісі мен жолаушысы - оқиға орнында, автобустың тағы бір жолаушысы - жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.


Апат кезінде автобуста 11 жолаушы болған. Көбінің жағдайы ауыр.