Қаңтар оқиғасына байланысты Тараз соты айыпталған 17 адамға үкім шығарды

242

Тараз қаласының № 2 соты қаңтар оқиғасына байланысты  айыпталған 17 адамға үкім шығарды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Фото: Polisia.kzЖаппай тәртіпсіздікке қатысу, адамдар тобының  алдын ала сөз байласуымен қызметтік үй-жайға заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру, қызметтік үй-жайға заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыруға  оқталу бойынша айыптар тағылған.


"Сот 2022 жылы 6 қаңтарға қараған түні Г., Ә., Б., Б., А., Қ., С., Б.,Ш.-ның Тараз қаласындағы жаппай тәртіпсіздік, бүлік пен мүліктерді қирату мен жоюға қатысқанын анықтады. Ш., Ш., А., П., С., М., Е., Ш. жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, қызметтік ғимаратқа заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жымқырған. А. бір топ адаммен алдын ала келісіп, қызметтік ғимаратқа заңсыз кіріп, ұрлық жасауға тырысты", - делінген Тараз қаласының № 2 сот шешімінде.


Іс сотта процестік келісіммен қаралған.

Прокурор 17 сотталушыларға 2 жылдан 4 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазаларын тағайындауды, олардың барлығына ҚК-нің 63-бабына сәйкес, бас бостандығынан айыру жазасын шартты деп санауды және барлық тағайындалған мерзімге пробациялық бақылау белгілеуді сұрады. 

Сотталушылардың  барлығы  кінәларын мойындады және процестік келісімді толық қолдады.

Жәбірленушілер – процестік келісім жасауға қарсылық білдірген жоқ, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде, сот, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың шын жүректен өкінулерін таныды, ал ауырлататын мән-жай ретінде төтенше жағдай кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауларын таныды.

Айыпталушылар "кінәсін мойындап" процессуалды келісімге келгендіктен және істі жеңілдететін жайттар болғандықтан 9 адамға– 4 жыл шартты жаза, 8 адамға үш жыл 6 ай шартты жаза берілген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қасіретті қаңтар оқиғасы

Еліміздегі қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтар айында орын алды. Барлығы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингктер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.

Алайда бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.

Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.

Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.

Кәрім Мәсімов қаңтар айының басында мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған. Қаңтар айының соңында ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі құпия болып, сот оларды қамауға алуға санкция бергенін хабарлады. 10 наурызда департамент Мәсімовтен тәркіленген миллиондар, зәулім үйлер мен қымбат көліктер туралы айтты. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Шілденің 13-і күні Кәрім Мәсімовтің ағасы, Павлодар облысы бойынша ДП-ның бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов Ресеймен шекаралас аймақта ұсталды.