Қалам ұстаған жандарға құрмет көрсетілді

1 506

Фото: Қазалы ауданыБүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерінің төл мерекесіне орай журналистика саласының ардагерлерімен, жергілікті басылымда қызмет жасап жүрген тілшілер қауымымен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Шараға аудандағы журналистер қауымы мен сала ардагерлері, аймақтық «Тұран - Қазалы», аудандық «Қазалы» газеті редакциясының ұжымдары мен «Серік тв» телеарнасының қызметкерлері қатысты.


Мерекелік кездесуді аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп ашып, журналистер қауымының бүгінгі қоғамдағы атқарып жүрген елеулі еңбектерін атап өтті.


Жиын барысында ардагер-журналистер Қазалы ауданының құрметті азаматы Қасқырбек Мамбетжанов, Махамбет Жеткербай, аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің бас редакторы Раушанбек Сейтенов, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, ақын Алмагүл Қаржаубаева баспасөз саласына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, құрмет көрсеткен аудан басшысына алғысын айтты.


Кездесуде аудан әкімі ауданымыздағы жаңалық жаршысына айналған ұжымдарға ақпарат саласындағы еселі еңбектері үшін құттықтау хатын мен бағалы сыйлықтар табыстады. Одан бөлек, ауданның мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласып, оқырман жүрегіне жол таба білген ардагер-журналистерге сый-құрмет көрсетті. 


Сонымен қатар БАҚ саласында еңбек етіп жүрген тілшілер мен сала қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік басқосу соңы аудан өнерпаздарының әншашуына ұласты.