Жас жігіт пойыз астына құлап кеткен балақайды өз басын қатерге тігіп құтқарып қалды

309
Қытайда жас жігіт өз басын қатерге тіге отырып, пойыз астына құлап кеткен балақайды құтқарып қалды.

Бұл жайттың видеосын People's Daily, China атты YouTube каналы жария еткен. Видео авторларының айтуынша, оқыс жағдай Қытайдың Ганьсу провинциясындағы платформалардың бірінде болған. 


Пойыз бен платформа арасына құлап кеткен бала қауіпті жерден өздігінен шыға алмай қалған. Осы сәтте бүлдіршінге колледж студенті көмекке асыққан. Жас жігіт өз өміріне де қауіп төнгеніне қарамастан, балақайдың соңынан пойыз астына түскен. 


Ол тар қуыстан баланы тез арада алып шығып, артынша өзі де қауіпті жерден
 аман-есен шығып үлгерген. Жас жігітке оқиға куәгерлері қол созып, алдымен балақайдың, артынша жігіттің платформаға өрмелеуіне көмектескен. 

Видеоны көрген көпшілік студентке мақтауларын жаудыруда. 


"Қажет кезде қаһарман болуға әзір қарапайым жан", "Екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік", "Қалайша көп адамдар көмектеспей жай қарап тұр", - деп жазған пікір қалдырушылар.