Сатушы жалған түбіртекке алданып қалды

260
Шымкентте ер адам сатушыны жалған түбіртекпен алдап кетті, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Дүкеннен ішіп-жемін тегін алғысы келіп, құнын төлемей кеткен күдікті ұсталды. Оқиға Шымкент қаласындағы сауда дүкендерінің бірінде күндізгі уақытта орын алған.

Бұл жайт бойынша 20 қыркүйекте Абай ауданының Полиция басқармасына 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Ол арызында бөгде азамат дүкенінен әрқайсысының құны 350 теңге тұратын төрт энергетикалық Dizzy сусынын және біреуінің құны 150 теңгелік 20 самса алып, кассирге телефон қосымшасындағы жалған түбіртекті көрсетіп, оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Жалпы келтірілген шығын – 4400 теңге.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 187-бабы 1-бөлігімен (Ұсақ-түйек жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Абай АПБ полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Сұрастыру жұмыстары қолға алынып, жақын маңайдағы бейнебақылау камералары жіті қаралды. Нәтижесінде күдікті азаматтың жеке басы анықталып, тәулік ішінде ұсталды. Ол Жамбыл облысы Жаңатас қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 25-те.

Күдікті өз кінәсін толықтай мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылып, тіпті тамаққа теңге таппай қалғандықтан амалсыз барғанын жеткізді. Ұсталған азамат бұрын-соңды сотты болмаған. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.