Журналист қазақстандық шенеуніктердің кемшілігін атады

211
Белгілі журналист, бүгінде АҚШ-та білім алып жүрген Ержан Әбдіраман қазақстандық шенеуніктердің бір кемшілігін атады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz ке сілтеме жасап

”Украинадағы қарасаңыз, ондағы биліктің әр өкілінде өзінше дербестік бар. Соғыс басталғалы Зеленскийдің беделі күрт өсіп, әлемге танымал саясаткерге айналды. Сөйтсе де оған жалтақтап отырған өкімет мүшесі немесе аймақ басшысы жоқ. Әрқайсысы өз басы, өз көзқарасы бар қайраткер ретінде әрекет етеді. Мемлекет мүддесін президентке адалдықтан жоғары қояды”,деп жазды журналист Телеграмдағы арнасына.


Ол мысалға саясаткер Мәулен Әшімбаевты алып, оның біздің мемлекеттегі екінші адам, Заң шығарушы билік тармағының басшысы екенін атап өтеді. Алайда, екі жазба жарияласа, біреуіне Президентті қосатынын сынайды.

“Бұл - автократиялық басқару жүйесіне тән нәрсе. Жай жағымпаздық емес. Әлдебір ерекше қасиетіңмен көзге түсуге болмайды. Керісінше, қай жағынан болсын президентке теңесе алмайтыныңды көрсетіп отыруың керек. Сондықтан өзі аса тәжірибелі, ақылды адам бола тұра, Әшімбаев көптің бірі, мемлекет басшысының тапсырмасынсыз тұяғының ұшын қимылдата алмайтын сияқты көрінеді.


Автократиялық қоғамның дамымайтын, болашағы жоқ болатын бір себебі осы. Ол алғыр мен талантты тұншықтырып, сұрқайлық пен жағымпаздыққа жол ашады”,деді Ержан Әбдіраман.