Қызылордада кітапсүйер оқырман үшін жаңа бастама қолға алынды

1 357

Фото: pixabay.comӨңірімізде де кітапхана ісін дамыту мақсатында жаңа бастама қолға алынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» деп атап өткен болатын.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана мен 1 қалалық, 7 аудандық орталық кітапханалар қызмет көрсету режимін түнгі сағат 24:00-ге дейін ұзартқан.

Кітапхана — білімді кеңінен тарату үшін маңызды алаң. Ол жеке тұлғаларды және тұтас қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етеді, білім алу мүмкіндігін кеңейтеді. 

Кітапхана білім алу үшін ресурстарды тегін немесе төмен бағада ұсынады, бұл оны әлеуметтік теңдік үшін маңызды етеді. Әсіресе, әлеуметтік әл-ауқаты төмен адамдар мен студенттер үшін бұл өте пайдалы. 

Кітапханалар оқырмандарды оқуға ынталандыру үшін әртүрлі іс-шаралар мен бағдарламалар ұйымдастырады, мысалы, кітап оқу марафондары, әдеби кештер, авторлармен кездесулер. 

Қазақстанда кітапханалар дамудың бірнеше кезеңінен өткен және қазіргі кезде көптеген жаңа мүмкіндіктермен жабдықталған. Қазақстан Республикасының әрбір аймағында түрлі кітапханалар жұмыс істейді, олар оқырмандарға кітаптар мен ғылыми материалдарды ұсынумен қатар, мәдени және білім беру іс-шараларын ұйымдастырады. Қазіргі кезде Қазақстандағы кітапханаларда цифрлық ресурстар мен интернет қолжетімділігі кеңейтілуде, бұл әртүрлі әлеуметтік топтарға ақпарат алу мүмкіндігін арттырады.

Кітапхана — бұл тек кітаптар мен ақпаратты жинақтайтын орын ғана емес, білім мен мәдениетті таратуға арналған маңызды алаң. Ол қоғамның рухани дамуы мен жеке тұлғаның білім алуына үлес қосып, мәдениет пен өнердің таралуына көмектеседі. Кітапханалар өзгеріп жатқан әлемде маңызды рөл атқара отырып, ақпараттық және білім беру орталығы ретінде қазіргі заманға лайық қызметтер ұсынады.

Түнгі кітапхана оқимын, ізденемін деген кез келген адамға қолайлы ортаға айналды. Күндіз жұмыста, сабақта болатын кітапсүйер қауым енді қарастырылған уақытта кітапханаға келіп, кітап, газет-журнал оқуына мүмкіндік бар. Мұнда жайлылық, тыныштық әрі қор байлығы қызықтырмай қоймайды. Облыстық кітапхана – барлық жастағы оқырмандарға қызмет көрсететін аймақтағы ең ірі қазына орталығы.

Қазір кітапхана оқырманға кітап ұсынып, оны қайта қабылдап алатын орын ғана емес, жұмысы жүйеленген үлкен орталыққа айналды. Заман талабына сай кітапхана қызметі де түрленіп келеді. Бізде кітап оқуды насихаттау мақсатында жылына 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Кітапхана қазір қоғамдық даму орталығы, әлеуметтік институт, шығармашылық алаң ретінде, барлық мәдени ортаның тоғысуынан тұрады. Түнгі кітапханаларда маусым-шілде айларында 895 оқырманға қызмет көрсетіліп, кітап ұстанымы 5609-ға жеткен. Сонымен қатар келушілер саны 2640 адамды құрады. Басты міндет – оқырман санын көбейту, жастарды дәстүрлі оқуға тарту. Біздегі болып жатқан жаңашылдықтың бәрі осыған бағытталады, – дейді оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Қалдыгүл Досмағанбетова.

Айта кету керек, мұнда коворкинг орталығы, «Еркетай» балалар алаңы, «Жас қалам», «Кездесу» клубы, IT сауаттылыққа үйрететін «Шаңырақ» интеллект орталығы, АРТ-студия, сурет салу, «Ісмер», «Көркемсөз», «English for kids» үйірмелері жұмыс істейді.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де Президент пәрменіне орай оқырмандарға оқу ықтималдығын арттырып отыр. А.Пушкин атындағы орталық кітапханада 107 мыңнан астам кітап қор бар. Жыл сайын 6 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетеді.

Түнгі кітапхана жобасының мақсаты айқын. Оқырман қауымды кітапханаға кеңінен тарту. Жастар арасында қызығушылық артып келеді. Көркем әдебиетке, тарихи туындыларға оқырман тарапынан сұраныс жоғары. «Универсам» аумағындағы оқырмандар ата-аналарымен келіп түнгі кітапхана қызметін пайдаланады, – дейді кітапханашы Гүлзия Молдасанова.