TikTok қолданушысы үй жағдайында алтын өндіруді үйретіп жүр

609
Түркістан облысының тұрғыны Ержан Бақтыбекұлы TikTok желісінде  үй жағдайында құмнан алтын тұндыруды үйретіп жүр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Өзінің айтуынша, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолын салуға қатысқан мердігер компания банкротқа ұшырап, жұмысынан қысқартуға іліккен.

Қазір Ержан жүк көліктерін айдайды. Ал бос уақытында қосымша табыс көзі ретінде үйінде құмнан алтын тұндырып, өткізеді.

«TikTok-та әкемнен үйренгендерімді көрсетіп жатырмын. Ол кісі өмір бойы тіс дәрігері болып жұмыс істеді. Көптеген химиялық қышқылдармен жұмыс істейтін. Өзім бұл іспен хобби ретінде қосымша айналысып жүргеніме 20 жыл болды», – дейді Ержан Бақтыбекұлы.


Оның айтуынша, алтынды тұндыруға көбіне өзен жағасындағы құм жарамды келеді. Бірақ алтыны бар құмды іздеп табудың өзінің әдісі бар.

Арнайы құм жуатын табақтары болады. Алтынды құмнан бөлек радиоломнан, микросхемалардан аламын. Құмға азот қышқылынан 100 грам құйып, материалға салып қайнатасыз. Алтын йонын тұндырып, отқа балқыту арқылы айырып аласыз, – дейді ол.


Ержанның айтуынша, алтынға сұраныс көп. Тұрмыс-тіршілігіне қосымша нәпақа ретінде пайдасын да тигізіп отырған көрінеді.

Ал тұндырылған алтынды «қара» базарға және Halyk Bank-ке өткізуге болады.

«Құмның құрамында алтын бірде көп, бірде аз кездесіп жатады. Егер рұқсат беріп жатса, аптасына бір келі алтын шығаруға болады. Алтынның бір килограмы – 28 млн теңге. Егер қызығып істейтін адам болса, тиімді кәсіп. Алтынға сұраныс бар. «Қара» алатындарға, құйма ретінде Halyk Bank-ке өткізуге де болады. Ол үшін арнайы лицензия болуы керек», – дейді Ержан Бақтыбек.

Ол әлеуметтік желі арқылы қызыққан талаптанушыларға ақылы негізде алтын тұндыруды үйретіп жүргенін айтады. 10 күндік курстың бағасы – 300 мың теңгенің айналасында.

Алтын өндіруге заңды рұқсат алу үшін тұрғылықты әкімшіліктен рұқсат алу керек. Қойылған талаптарды орындау қиын. Мысалы, бір айда 15 килограм өткізу керек. Ондай мүмкіндігім жоқ, – дейді ол.




2018 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгеріс енгізіліп, рұқсаты бар «кен іздеушілер» алтын шаюға кірісе бастады. Бұл ретте геолог Ерқанат Тұрсынжанұлы алтын өндіру белгіленген тәртіп асында жүзеге асырылса заңға қайшылығы болмайтындығын айтады.

Заңға өзгеріс енгізіліп, кен іздеушілерге өзен бойындағы алтынды өндіруге рұқсат берілді. Әкімшілікке барып тіркеліп, рұқсат алады. Талап бойынша 3-5 метр тереңдікке дейін қазуға болады. Ал үй жағдайында алтын тұндырудың процесін көрсетудің ешқандай заңға қайшылығы жоқ. Ары қарай заң аясында лицензия алып, кәсіп істеу әркімнің жеке шаруасы, – деп түсіндірді ол.

Айта кетелік, кен іздеушілікке арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және қарау қағидаларын бекіту туралы заң бойынша жеке тұлғалар да айналыса алады. Көрсетілетін қызметті алушы www.egov.kz веб-порталы арқылы «Кен іздеушілікке лицензия беру» сәйкес нысаны бойынша өтініш береді.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзімі – 7 жұмыс күнін, сондай-ақ лицензияны қайта ресімдеу кезінде – 7 жұмыс күнін құрайды.

Заң бойынша шашыранды алтынды бойынша күнтізбелік жылда елу килограмнан аспайтын алтын өндіруге рұқсат етілген.