Неліктен азық-түлік бағасы күн санап шарықтауда?

167
Алматыда азық-түлік бағасының өсуіне геосаяси жағдай мен жанар-жағармайдың қымбаттауы себеп. Қала әкімі Ерболат Досаев жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар 85 мың тонна тауардың құны шарықтамайтынын айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Әкімнің Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде тұрғындарың бірі қымбатшылықты ауыздықтау үшін жергілікті билікті не істеп жатқанын сұрады.

«Қалада негізгі азық-түліктің бағасы үнемі өсіп келеді. Мысалы, жыл басында күріш 230 теңге болды. Қазір 470. Қарақұмық 540 теңге болды. Ол 100-150 теңгеге қымбаттады. Әкімдік қалада бағаның өсуін тежеу үшін қандай да бір шаралар қолданып жатыр ма?» деп сұрады қала тұрғыны.

Әкім Алматыға өнімдер сырттан тасымалданатындықтан геосаяси жағдай мен жанар-жағармайдың бағасына байлаулы екенін алға тартты.  Сондай-ақ ортадағы делдалдарды тоқтату үшін қаңтардан бастап арнайы жоспардың бар екенін айтты.

«Мұнда көптеген факторлар бар. Бұл геосаяси оқиғалар және жанар-жағармайдың қымбаттауы объективті себептер. Қала көп импорттайды. Қазір біз өңірлермен келісіп жатырмыз. Бізді Алматы облысы көкөністер мен күріш бойынша аудандар қолдады. Сондай-ақ біз Үкіметпен алдын ала уағдаластық.
Қала тарапынан жыл соңына дейін біз 85 мың тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін белгіленген бағамен сатуға келістік. Астық пен күнбағыс майы бойынша келісімге келдік. Қант, қарақұмық және күрішті қамтамасыз ету мәселесі бойынша 6,4 млрд теңге қарастырдық.
Әділетсіз баға белгілеудің негізгі проблемасы делдалдық схемалар болып қала береді. Қаланың негізгі жеткізушілері – базарлар. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап шаралар кешені болады. Негізгі міндет – делдалдарды жеткізу тізбегінен шығару. Бүгінде олар тек қалада тауардың негізгі бағасына 40-50 пайыз қосып сатады», - 
деді әкім.