Шиелі ауданында он айлық сәби ауруханада көз жұмды
Қызылорда облысы Шиелі ауданында екі күн ауырған он айлық сәби ауруханада көз жұмды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Кішкентай қыздың ата-анасы қайғылы оқиғаға дер кезінде көмек көрсетпеген дәрігерлерді кінәлайды.
Қызылордалық ата-ана бірге толмаған қызының ауруы асқынып, ауруханаға барғандарын айтады. Сөздерінше, өлім аузында жатқан бүлдіршінге ақ халаттылар салғырт қараған. Тек қызуын түсіретін дәрі беріп, суық палатада жатқызып қойды дейді. Сондықтан отбасы кінәлі мамандардың жазаланғанын талап етеді.
Сап-сау жүрген Айлин бір апта бұрын қызуы көтеріліп, қайта-қайта лоқси берген. Айтуларынша, сол сәтте жедел жәрдем алғашқы көмек көрсеткен. Бәрі қалыпқа келгендей болғанымен, екінші күні түнде ауруы қайта асқыныпты.
Мөлдір Дүйсенбінің сөзінше, баланың жағдайы нашарлағанына қарамастан, ол ұзақ уақыт суық палатада жатқан. Тек есінен танған сәтте жансақтау бөліміне апарыпты.
Қайғылы оқиғадан кейін дәрігерлер отбасыға келіп кешірім сұраған екен.
Аудандық аурухананың басшылары 10 айлық Айлин Бекмағанбет нақты қандай аурудан көз жұмғаны әзірге белгісіз деп отыр. Емдеу мекемесінде болған жайтты медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің мамандары тексеріп жатыр екен.
Ата-ана прокуратураға шағым түсірген. Олар кішкентай бүлдіршінді емдей алмай, ісіне салғырт қараған ақ халаттылардың жазаланғанын қалайды.