Бейнеуде 20 жыл құмар ойын ойнаған адам букмекер кеңсесін өртеп жіберді
330
Бейнеу ауданында тұрғындардың бірі букмекерлік кеңсені өртеп жіберді. Ол құмар ойынға барлық ақшасын ұтылып, соңында осындай әрекетке баруға бекінген,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында аудан тұрғыны ойынхананы өртеп жіберді.
Бүгін Маңғыстау облысындағы Бейнеу кентінде аудан тұрғыны букмекерлік кеңсеге өрт қойды. "Амалсыз осы әрекетке бардым" деген тұрғын алдын ала бейнеүндеу жариялаған.
"Ағайын-туыс, бауырлар, қазақ елі! Мына букмекерлік кеңселер қазақтын түбіне жетті. Осы ойынды ойнап келе жатырғаныма 20 жылдан көп уақыт болды. Бұл ауру ма, білмеймін… Осы уақытқа дейін "200 000 000 теңге ұтылдым" деп айтуға болады. Осы құмарлық менің түбіме жетті", — деп жазды Әсет Сүлейменов.
Оның айтуынша, жақындарының бәрін жерге қаратқан. Бар тапқанын букмекерлік кеңсеге тіккен ол "береке таппадым" деп отыр.
"Төрт балам бар. Әке-шешем, аға-іні бауырларым, апа, қарындасым, достарымның барлығын жерге қараттым! Екінің бірін алдап, ақшасын алдым. Осы құмар ойынға ақша тауып салу үшін барлық құйтұрқы әрекеттерге бардым. Әр-түрлі өтірік айтасың, сол ақшаны алғанша...", — деді ол.
Әсет Сүлейменов ақша алу үшін әркімге "мал, темір, мотор, тас сатам" деген өтірік айтып келген.
"Сол ақшаға я нан алмайсың, ия бала-шағаңа бұйырмайды. Көлік те алмайсың, жеке үйім жоқ. Қаншама нар жігіттер осыдан қор болып жүр. Көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Қаншама адам қарызданып, асылып өліп жатыр. Мен де өзіме қол жұмсаған кездер болды. Ал енді мен мына Бейнеудегі букмекерлік кеңсені өртемеске болмады", — деп аудан орталығындағы букмекерлік кеңсені өрт қойды.
Бүгінде Бейнеу ауданында аталған орын құмар ойынның ордасына айналыпты. Ешкім келмесін дегенді желеу еткен Әсет мұндағы кейбір ойындардың заңсыздығын да айтқан.
"Ауылымызда осыдан басқа "жын ойнағы" жоқ. Ұзынқұлақтанестуімше, заңды иесі Алматыда тұрады екен. Мен ешқандай жауапкершіліктен қашпаймын Адамдардан алған ақшам осы құмар ойындарға кетті. Осы істеген заттарым үшін тек қана өзім жауап беремін! Мені қор қылған осы құмар ойын. Букмекерлік кеңсені өз еркіммен өртедім. Оның ішіндегі "кено, русская рулетка" ойындары заңсыз. Ауылдың азаматтары, ауыл жастары, мен сияқты қор болмасын. Мен-ақ сотталып кете қояйын..." — деп жазды Әсет Сүлейменов.
Құмар ойынға берілген Әсет Сүлейменов 1985 жылы туған. Жиырма жылдан бері құмар ойынға байланған ол "Бұл жерден ешкім ештеңе ұтпайды" дейді.
Оқиғаға қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді.
"Бүгін 10:23 шамасында Бейнеу кентіндегі Бейбарыс көшесінде "Loto club" кеңсесі өртенді. Ішіндегі барлық жиһаз бен компьютерлер жанып кетті. Өрт 11:06 шамасында толығымен ауыздықталды", — деді МО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.