Қызылордада мектеп директоры ата-анамен сөйлескісі келмей қуып шықты

586
Қазалы ауданындағы №266 мектепте директор алдына келген ата-ананың сөзіне құлақ аспай, кабинетінен қуып шыққан, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Бұл жағдай әлеуметтік желіде жарияланды. Оқушының анасы директордың өзімен не үшін сөйлескісі келмейтінін сұрайды. Бірақ білім ұясының басшысы өктем дауыспен "шығыңыз, сау болыңыз" дейді. Сөйтеді де, жұмсақ креслосына жайғаса кетеді.

Менің басқа жұмыстарым бар. Сізбен сөйлеспеймін. Айтыңыз басқа жұмысы бар екен деп, - дейді директор.

Бұл жағдайға байланысты мектеп әкімшілігіндегілер оқушының анасын кінәлап отыр. Олардың айтуынша, әйел өзінің баласын басқа мектепке ауыстырмақ болған. Ата-ана қазір баласы оқып жатқан мектептің директоры сұраған құжаттарды дұрыс әкелмеген көрінеді. Кикілжің осыдан басталған.


Басқа мектепке ауыстыру үшін құжаттарын сұраған ата-анаға заңдылыққа сәйкес алдымен қабылдайтын білім ордасынан баланы мектепке қабылдағаны туралы анықтама алып келу керек екенін айтқан. Ал оқушының анасы эмоцияға ерік беріп, құжаттарды талап еткен, - дейді мектеп әкімшілігіндегілер.