Асхат БАЙДАУЛЕТОВ, кондитерлік цех директоры: Торт арқылы әрбір үйге қуаныш сыйлаймыз
20 шілде – халықаралық торт күні. Бұл мерекенің тарихы ертеден басталады, ол кезде торттар үлкен мереке мен молшылықтың символы болған. Уақыт өте келе торттар туған күндерден бастап үйлену тойларына дейін түрлі мерекелердің ажырамас бөлігіне айналды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Ақмешіт апталығы" сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі торттарды еске түсіретін тәтті тағамдар тіпті Мысырда да табылған. Бұл мерекелік тәттілердің тарихы бай екенін көрсетеді. Тарихшылар тортты нақты біл¬месе де, оның тарихы шамамен екі мың жыл бұрын басталған деп санайды. Лингвисттер пікірінше, итальяндық «Торта» сөзі «Дөңгелек нан» дегенді білдіреді екен, яғни алғашқы торттар Италиядан шығуы мүмкін. Сонымен қатар ежелгі грек қалаларында ою-өрнекпен безендірілген ұннан жасалған нан өнімдерінің табылуы ал¬ғашқы торттардың Грецияда пайда болуы мүмкін деуге де негіз бар. Уақыт өте келе торт мерекені бейнелейтін нағыз өнер туындысына айналды. Модельдеу мен сурет салуды зерттеген ХVII ғасырдағы француз кондитерлері бисквит, безе және кілегейден күрделі композициялар жасап, кондитерлік саланың дамуына үлкен үлес қосты. Алғашқы көп деңгейлі торттар композициясы ХVIIІ ғасырда Лондонда пайда болып, молшылық пен сән-салтанаттың символына айналды. Ресейде мерекелік нан пісіру дәстүрінің өзіндік ерекшеліктері болды: мұнда той үстелінде қа¬мырдан жасалған гүлдер мен пішіндермен безендірілген нан болды. Уақыт өте торт күрделі және әр түрлі болды. Кондитерлер тортты пісіру үшін карамель, безе және майлы крем сияқты жаңа қоспаларды, сондай-ақ әр түрлі пішіндер мен өлшемдерді пайдалана бастады. Бірегей рецепттерімен және теңдесі жоқ шеберлігімен танымал шығыс тәттілері түрлі торт дайындауға әсер етті. Шығыста ертеде тәттілер аспаздық өнердің жоғары деңгейін көрсететін еді.
Халықаралық торт күнінің тақырыбын жалғастыра отырып, тортты дайындаудың қыр-сырын және осы тәтті шедеврлердің өмірімізді жарқын ететінін білу үшін кондитерлік цех директоры Асхат Байдаулетовпен сұхбаттасқан едік. Ол кондитерлік саланың көпжылдық дәстүрі, әрбір мерекеге ерекше дәм берудің қаншалықты маңызды екендігі туралы айтып, өзінің білімі мен тәжірибесін бөлісті.
Қазіргі таңда цехта кондитерлік өнімдерге, әсіресе, тәтті крем дәмімен тұрғындардың жүрегін жаулаған «Молочная девочка» тортына деген қы¬зығушылық ерекше артуда. Қытырлақ торт пен хош иісті пісте кремінің керемет үйлесімі «Фисташка қосылған орама-рулет» те өте танымал. Жаңадан шыққан «Тары чизкейк» бар, мұнда дәстүрлі ірімшік торттары жергілікті сөк пен талқан қосып жасалған. Бұл десерттер көз тартарлық түрімен көзді қуантып қана қоймай, сонымен қатар ерекше дәмімен тамсантады.
Кондитерлік цех директорының айтуынша, керемет торт¬ты жасаудың құпиясы оның құрамындағы заттардың сапасында немесе безендірудің күрделілігінде ғана емес, кондитердің көңіл-күйіне де байланысты.
Кондитерлік цех директоры олардың дәмді тәттілері қазірдің өзінде дәмхана, мейрамханалар мен фуд-корттарда үлкен сұранысқа ие екенін айтып, кәсібін кеңейту жоспары бар екенін айтты.
Қорыта айтқанда, халықаралық торт күні тәттіні жақсы көретіндер үшін қуаныш пен мереке күні ғана емес, кондитерлік сала мамандары үшін де айтулы оқиға. Бұл торттың жай ғана тәтті тағам емес, адамдарды жақындастырып, ұмытылмас бақыт пен қуаныш сыйлайтын өнер туындысы екенін еске салады.
София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ







