Өзін нашар сезінген жігітке жедел жәрдем шақырылмай, полицияға жеткізілген

1 561

Фото: Әсел ӘбдірахмановаАлматыда 26 жастағы жаттықтырушы қоғамдық тамақтану орнында өзін кенеттен жайсыз сезініп, инсульт алғанына қарамастан, тиісті медициналық көмек көрсетілмей көз жұмды. Марқұмның туыстары оқиғаға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды талап етеді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Әсел Әбдірахманова Threads желісіндегі жазбасында інісі Жандосқа қатысты оқиғаның қалай өрбігенін баяндады. Оның айтуынша, қараша айында Mysato мейрамханасында жігіт өзін нашар сезініп, құса бастаған. Кейін оның инсульт алғаны анықталды.

Әйелдің сөзінше, мекеме қызметкерлері жедел жәрдем шақырудың орнына оны полицияға тапсырған. Құқық қорғау органдары уақытша ұстау изоляторына алып кеткен, ал жақындарына ешқандай хабар берілмеген.

“Біз 11 қарашада інімізден айырылдық. Әлі күнге дейін іс қозғалмады, бәрі бір-біріне сілтеп жатыр. Егер ол өзін нашар сезінген сәтте дер кезінде медициналық көмек алғанда, аман қалар еді. Ол түнімен еш көмексіз жатқан. Жандос құсқандықтан, оны мас деп ойлаған, бірақ одан алкоголь иісі де шықпаған”, – деп жазды марқұмның әпкесі.

Жандостың ата-анасы ауруханаға өздері жеткізгеннен кейін ғана МРТ жасалып, миына қан құйылғаны белгілі болды. Дәрігерлер ота жасағанымен, жігіт комаға түсіп, сегіз күннен кейін қайтыс болды.

Оқиғаға қатысты полиция департаменті әзірге ресми түсініктеме бермеді.