«Парсы әлеміне қазақ руханиятын танытқым келеді»

323
Иран еліндегі қазақ қызы Гауһар Омарханова   қазақша радиобағдарламаны жүргізу арқылы қазақ руханиятын шет елдіктерге танытып жүр - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда қандасымыз  Иранның Pars Today ақпарат агенттігінде қазақ тілді радио­бағдарламаның жүргізушісі. Осы салада қызмет ету арқылы, иран жұртшылығына Мақпал Жұмабай, Ақберген Елгезек, Есей Жеңісұлы, Қалқаман Сарин т.б  сынды қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын танысырып жүр.

Гауһар ханыммен сұхбаттасу барысында, алдағы уақыттарда  он бес ақынның шығармаларын аударып, жинақ етіп шығару жоспарымда бар - дейді

– Көпшілік сізді «Ирандағы Қазақ ра­­диосында жұмыс істейтін журналист» деп емес, парсыларға Абайды наси­хат­тап жүрген аудармашы» деп біледі. Тіл маманы болмасаңыз да, жастайыңыздан әдебиетке етене жақын болып өскен бо­ларсыз деп ой түйіп отырмын. Солай ма?

– Иә, расымен әдебиетке жақын болып өс­тім. Әңгімені әріден бастасам, Семейден 90 шақырым жерде орналасқан Жаңа Семей ауданы Шаған ауылында дүниеге келгенмін. 7-сыныпты бітірген соң ауылда жақсы оқи­тын екі оқушымен бірге Алматыдағы Рес­пуб­ликалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқы­татын мектеп-интернатында оқу бақыты бұйыр­ды. Аталған мектепті Алтын белгіге бітір­ген соң, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шы­ғыстану факультеті ирантану кафед­ра­сына оқуға түстім. Иранның мәдени өкілдігі Алматыда жыл сайын Орта Азия елдері сту­денттерінің арасында парсы тілінен олим­пиа­да өткізіп, жүлделі орындарға іліккен­дер­ді Тегеранға тіл курсына жіберетін. Мен сол олим­пиадада екі рет жүлделі болып, Теге­ран­ға екі рет бардым. Университет бітіргелі жат­­қанда профессор Сафар Абдолла Қазақ­стан­дағы Иран елшілігіне аудармашының қызметіне шақырды. Онда үш жыл жұмыс істеген соң, Тегерандағы Алламе Табатабай университетінің парсы тілі және әдебиеті фа­культетінде білімімді жалғастырдым. Ма­гистратура бөлімінде оқып жүргенімде осын­да қазақ тілінде ақпарат тарататын Қа­зақ ра­диосы бар екенін естіп, бірлестік өкіл­дері­нен жұмыс сұрадым. Сөйтіп, қазір сол бірлестікте он жыл бойы жұмыс істеп келемін. Ал Иранда Абайды насихаттап жүрген аудар­ма­шы ретінде танылғаным рас. Біле білсеңіз, Иранда Абайдың бірнеше туындысы мен қара сөздері, сондай-ақ, М.Әуезовтың «Абай жолы» романы парсы тіліне аударылды. Негізі, Тегеранда әдебиет пен мәдениетті жаң­ғыртуға бағытталған екі үлкен іс-шара өтеді. Біріншісі, Тегеран университетінде ұлт­тар күні тойланып, көрме ұйымдастырылады. Сол кезде университет өкілдері студенттерге «Әркім өз елін таныстырсын» деп арнайы орын бөліп берді. Осылайша, жан-жақта оқи­тын қазақ студенттер қолымызда бар зат­тарды көрмеге әкеп қоямыз. Сөйтіп, сегіз жыл бойы пандемияға дейін үздіксіз қаты­сып жүрдік. Сосын Тегеранда жыл сайын елшіліктердің қолдауымен кітап көрмесі өтеді. Сол көрмеге біздің елшіліктің атынан мен қатысамын. Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігінің өкілдері көптеген кітап пен бук­леттер беріп жібереді. Одан бөлек, кітап­тарды өз бетімше жинаймын. Елге барған сайын сатып әкелемін. Біздің стендке келген­дер­дің көпшілігі «Сендерде ақын-жазушы­лар­дан «Мынау мықты» деп көрсететіндей кім бар?» деп сұрайды. Сұрамай-ақ, бас ақын Абай екенін бірден білсін әрі Абайдың бет-әл­петін жаттап қалса екен, кемі есімін жат­тап алса екен деген мақсатпен көрменің бір бұрышын арнайы жасақтап қоямын. Жалпы, Тегеранда көрмеден бөлек Рамазан айында да көптеген мәдени іс-шаралар өтеді. Сол жерлерге де Абайдың кітаптарын көтеріп апа­рамын, сөйтіп ақын туралы мол мағлұмат беремін. Одан бөлек, әлеуметтік желідегі парақ­шама парсы тіліне аударылған кітап­тарды жариялап отырамын. Мұны көрген ирандықтар оқи тұруға сұрайды, сөйтіп, пошта арқылы оларға салып жіберемін.

– Ирандағы Қазақ радиосы дегенге біз­дегі Qazaq radiosy-ның филалы шы­ғар деп ойлаған біз бұл бірлестіктің Иран үкіметі тарапынан құрылғанын ес­тігенде таңғалдық.
– Иә, Иран үкіметі 1979 жылы Иран те­лерадио бірлестігі жанынан Әлемдік қызмет торабын құрған болатын. Әу баста олар шет тілдерінде Иранның мәдениеті мен әдебиеті туралы ақпарат таратуды мақсат еткен. Сөй­тіп, олар Ираннан 32 ұлттың өкілін іздеп, ел­ден табылмаса туған елінен арнайы ша­қырып, әрқайсысына редакциядан орын беріп, студия ашып, алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасап берген. Ал қазақ бөлімі 1997 жылы ашылған, былтыр қазақ редак­ция­сының жиырма бес жылдығын тойладық. Pars Today ақпарат агенттігінің ресми сайтын ашсаңыз, ақпараттың 32 тілде таратыла­ты­нын байқайсыз, соның ішінде біз әзірлейтін қазақ тіліндегі жаңалықтарды оқи аласыз. Негізі, бұған дейін ұжымда он бес шақты ма­ман болған еді. Бұл іске Иран қазақтары жұ­мыл­дырылып, тіпті елден де мамандар арнайы шақырылған болатын. Алайда пан­демия салдарынан қызметкерлер саны қыс­қарып, қазір үш ғана қазақ жұмыс істейміз. Міндетіміз – Иран мен Қазақстанға қатысты жаңалықтарды, сараптама материалдарды аударып, қазақтілді бағдарлама әзірлеу. Сон­дай-ақ сайтқа Иран мен Қазақстанда болған елеулі оқиғаларды да жариялап отырамыз.

– Радиодағы жұмысыңыздан бөлек, қа­зақ ақындарының таңдаулы шығар­ма­ларын парсы тіліне аударып жүрге­ніңізден хабардармыз. Аудармашы­лар­дың көбі поэзияға қарағанда прозаны аудару жеңіл екенін айтады. Ал Мақпал Жұмабайдың отыз өлеңін, Қалқаман Сарин мен Ақберен Елгезектердің таң­дау­лы шығармаларын аударған сізге поэ­зияны аудару әлдеқайда оңай се­кілді.

– Иә, маған поэзияны аударған ұнайды. Не­гізі, парсы тіліне аударуды Мақпал Жұ­мабайдың шығармаларынан бастадым. Оның «Мақпал шер» поэтикалық жинағына енген 30 өлеңін аудардым. Отыздың 15-ін өң­деуден өткізіп, түрлі платформаға, әсіресе әлеу­меттік желідегі жеке парақшама жария­лап жүрмін. Алдағы уақытта 30 өлеңнің қос тілдегі нұсқасын жинақ етіп шығару ойда бар. Неге Мақпал десеңіз, маған оның шы­ғар­малары ерекше ұнайды, әмбе оның тілі жеңіл. Мысалы, Дәулеткерей Кәпұлының туын­дыларын аудара алмас едім, себебі оның тілі тым шұрайлы, шығармаларында қазақша «реңк» бар, оны тек қазақ түсінеді. Ал Мақ­палды кез келген ұлт түсінеді, өйткені ол шы­ғар­маларында бір ұлттың ғана емес, жал­пы адамзатқа ортақ мәселелерді сипаттайды. Оның үстіне, Мақпал өз өлеңдерін гитарамен сүйемелдей отырып өзі айтады. Негізі, парсы тілін жетік білген соң, қазақ тіліндегі кез келген өлеңді оқыған кезде бірден «Мына өлеңді парсышаға аударсам қалай болар екен? Қай сөзбен жеткізсем болады?» деген ойға шомамын. Сосын оқып отырып, сол ара­да қалайша оны парсыша «сөйлеткенімді» сезбей қаламын. Ал өзге ақындар туралы сөз етер болсам, Алматыдағы достарыммен ақыл­­­даса келе, елдегі 4-5 ақынды Иран жұрт­шылығына таныстыруды жөн санадым. Сөйтіп, Ақберен Елгезектің «Мінәжат», «Сені ешкімге бермеймін», «Бақыт», Қалқаман Са­ри­н­нің «Оқырман қызға», «Отан» деген өлең­дерін аудардым. Сондай-ақ Танакөз Тол­қынқызының «Сағыныш», «Әдемі» деген туын­дыларын тәржімаладым. Одан бөлек, Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» пен Шәкәрімнің «Адамдық борышың» деген өлеңдерін аударғаным бар.

–Иран жұртшылығының қазақ ақын­дарының, әсіресе Абайдың туын­ды­ларын оқыған кезде қандай әсер ала­тыны бізге қызық…
– Олар Абайдың туындыларын «хикмет­ке толы екен» деп айтады. Тағы бір қызығы, олар «Мәссаған, сендер де біз секілді ойлайды екенсіңдер ғой!» деп аң-таң болады. Әсіресе, олар Абайдың мінез-құлық, дүниеге көзқарас туралы өлеңдерін оқығанда таңғалысын жа­сырмайды. Сосын ақынның туындыларынан «Адамды сүй, Алланың хикметін сез», «Алла­ның өзі де рас, сөзі де рас» деген өлең жол­да­рын кездестіргенде қазақ даласында дін, мұсыл­маншылық туралы философиялық ой-толғамдары болғанын біліп, тағы таңыр­қайды. Олар ертеректе арабтар ғана осылай ой түйеді деп ойласа керек. Сосын қазақ әдебиетіндегі басты тақырыптар – туған жер, туған ел, Отан -ана, әке, ана ғой. Ал ирандық­тар көбіне ер мен әйелдің арасындағы ғашықтықты жырлайды. Әсіресе, парсы әдебиетінде әйел адамға арналған одалар көп. Бірақ олар ғашықтық жырларын біз секілді табиғатпен астастырып сипаттамай­ды. Мысалы, «Япурайдың» бірінші шумағында табиғат сипатталса, екіншісінде ғашықтық ғаламаты баяндалады ғой. Ал ирандықтар мұндайды «нақышына» келтіріп, құрастыра алмайды. Бірде режиссер Жаңабек Жетіруов­тың Тегеранда өткен кинофестивальде «Шыңы­рау» фильмі көрсетілетінін естіп, ирандық достарымды ертіп бардым. Субтитр арқылы ұғынып отырса да, фильмдегі кейбір сәттерді оларға түсіндіріп отырдым. Бізде адамның мінезін түнерген бұлтпен немесе тулап жатқан теңіз арқылы білдіреді. Сосын Иранда қар аз жауады. Ирандықтарға қыста қалың қар басқан дала таңсық. Сәйкесінше олар төрт мезгіл арқылы адамның мінезін сипаттауға болатынын білмейді екен. Сосын кино­дан шыққан олар таңғалысын жасыр­май, әлгі кинотуындыны менің көмегіммен әлдеқайда түсініп көргенін айтады. Айта кетерлігі, сексен миллионнан астам халқы бар Иранда Жазушылар одағы болуы мүмкін емес екені түсінікті, себебі мыңдаған жазушыны бір одаққа біріктіре алмайсың. Сол себепті әр облыстың ақын-жазушылары ұйым құрып, конференциялар өткізіп тұрады. Мақпалдың өлеңдерін аударғанымды естіп-білген Ираннның бір облысындағы әдеби клуб мүшелері конференцияға қа­тысуға шақырды. Оларға бірден «Сіздерге ал­дымен Мақпалдың гитарамен сүйе­мел­деген нұсқасын тыңдатайын, өлеңнің ырға­ғын сезініңіздер, сосын парсыға аударған нұсқасын оқып беремін» дедім. Сөйтіп, сек­сенге жуық адамға алдымен видео көрсетіп, артынша өлең оқыдым. Аң-таң болған олар соңында «Жүрекке жетті! Сөздерді дұрыс таңдапсыз. Керемет!» деп ризашылығын білдірді. Горганда тұратын қазақтар да «Жақ­сы аударады екенсіз, біз мұндай ақындар бар екенін білмеппіз» дейді. Сөйтіп, олар өлеңдердің қазақша нұсқасын іздеп, оқып жүреді. Шыны керек, Горган қазақтарының арасында кирилл қарпін танитындар аз. Жастар мүлде білмейді. Бірақ олар қазақша жақсы сөйлейді. Үлкендер Ақтаудан «Отау TV» спутниктік телеарна қабылдағыштарын ар­найы алдыртып, орнатқалы бері жастар тек қазақтілді арналарды қарайтын болды. Сөйткен олар қазір қазақ әншілерінің бар­лығын таниды, қазақстандықтар қатысатын спорттық ойындар мен айтыстарды қалт жібермей көреді.
 
 –Абайды арабша сөйлеткен, Каирде тұратын Рабиға Төлебай араб ақын­дары­ның оған көмектескенін, әдеби жа­ғы­нан редакциялап, кем-кетігін түзеп бергенін айтқан еді. Сізге де осылай көмектесетін ақындар бар шығар?
– Әлбетте. Парсы тілін білетін қазақтар көп болған соң, мені түзейтіндер табылады, сол себепті жарияламас бұрын осында тұра­тын екі ақынға аудармамды жіберіп отыра­мын. Олар сыни тұрғыда талдап, әділ баға­сын береді. Бірақ «Жүре берсең, көре бересің» демекші, бәлкім 1-2 жылдан соң бұрын аудар­ған дүниелерді басқаша жеткізермін. Қазір парсышадан қазақ тіліне аударып жүрмін. Иранға танымал, ғылыми фантас­тика жазатын Ирач Бакчич деген қаламгер сиясы кеппеген әңгімелерін маған жібереді, мен қолым бос болса тура сол күні қазақшаға аударып беремін. Мұны да жеке жинақ қы­лып шығарғым келеді.