Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді – Сауда және интеграция министрлігі

2 259

Фото: Жасанды интеллект2025 жылғы қазан айының басынан бастап елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеу үрдісін көрсетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Статистикалық деректерге сәйкес, қазанның бірінші аптасында әлеуметтік маңызы бар 8 тауардың бағасы төмендеген, 6 тауардың бағасы өзгеріссіз қалса, кейбір өнімдер бойынша бағаның өсуі байқалды. 30 қыркүйек пен 7 қазан аралығындағы кезеңде аталған тауарлар тобы бойынша баға индексі 0% деңгейінде тіркелді.

Атап айтқанда, келесі өнімдер арзандады:

  • Пияз – 2,6%-ға,
  • Сәбіз – 1,7%-ға,
  • Қырыққабат – 1,0%-ға,
  • Картоп – 0,8%-ға,
  • Күнбағыс майы және қант – 0,3%-ға,
  • Ұн және күріш – 0,1%-ға.

Бағасы өзгермеген азық-түлік тауарлары:

  • Нан, рожки, тауық еті, айран, тұз.

Сонымен қатар, келесі тауарлар бойынша аздаған қымбаттау тіркелді:

  • Қарақұмық жармасы – 0,7%-ға,
  • Сиыр еті – 0,4%-ға,
  • Сары май және жұмыртқа – 0,3%-ға,
  • Сүт және сүзбе – 0,1%-ға.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, өңірлік комиссиялар баға қалыптастыру тізбегіндегі тиімсіз және негізсіз делдалдарды анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылдың басынан бері 797 отырыс өтіп, негізсіз баға үстемелері анықталған. Аумақтық департаменттер 15%-дық шекті сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жалғастыруда. Нәтижесінде, 2 293 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылған.

Сонымен қатар, 9 890-нан астам электронды шот-фактура (ЭШФ) талданып, оның ішінде 886-сы бойынша заңнама бұзушылықтары анықталған.

«Береке Fest» жобасы іске қосылды

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігін арттыру мақсатында республика аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері белсенді өткізіліп жатыр. Сонымен бірге, «Береке Fest» жобасы іске қосылды. Жоба аясында 80 сауда желісі әлеуметтік жауапкершілік танытып, арнайы сөрелер ұйымдастырды. Агрофирмалар ет және әлеуметтік маңызы бар өнімдерді жеткізу жүйесіне тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Республика күніне арналған жеңілдіктер

Бүгінде Республика күнін мерекелеуге дайындық жүргізілуде. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі ірі сауда және ойын-сауық орталықтарымен, сондай-ақ онлайн сауда платформаларымен келіссөздер жүргізіп, жеңілдіктер акцияларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл акциялар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың кең ауқымын қамтитын болады.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасады

Төртінші тоқсан ішінде сенбі, жексенбі және мереке күндері елімізде шамамен 1 700 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі деп жоспарланған. Бұл шара отандық өндірушілер үшін тиімді сауда алаңына айналады. Жәрмеңке алаңдары кәсіпкерлерге тегін ұсынылады.