Фонограмма туралы заң өнерді ғана емес, қоғамды да тазартады
Бұрынғы мәдениет және спор министрі, ҚР ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде қабылданған фонограмма туралы заңға қатысты пікір білдірді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы фонограмманы тек телевизиялық жобаларға ғана қолдануға рұқсат етіп, үлкен сахнада мүлдем тыйым салу керектігін айтты. Бұл туралы ол Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.
"Фонограмма туралы заң қазір бекітілді. Оған бастамашы болған мен. Заңның қалай жұмыс істейтіні нормативтік актілерде нақты көрсетіледі. Біз осы заң арқылы фонограмманы толық тоқтатуымыз қажет. Тек телевизиялық жобаларға ғана «плюске» рұқсат беруге болады. Себебі түсірілім алаңының жағдайы шығарманы таза орындап шығуға мүмкіндік бермеуі мүмкін. Ал үлкен сахнада мүлдем болмауы керек. Фонограммаға шектеу эстрадаға ғана емес, өнердің бүкіл саласына қатысты болуы тиіс", - дейді ол.
Экс-министр фонограмма орындағаны үшін әртістерді қатаң жазалау қажет деген пікірге де өз ойын білдірді.
"Әртістерді емес, концертті ұйымдастырушыларды жазалау керек. Сол кезде олар өздері үшін әртістерге таза орындау туралы талап қояды. Әншілер де сонда еңбектеніп, күн сауын дауыстарына жаттығу жасайды, өз-өзіне қарайды, залға бір сағат бұрын келіп дайындалады. Бұрынғыдай жылдам-жылдам келіп, киім ауыстырып сахнаға жүгіріп шыға салу деген болмайды",- деп айтты Мұхамедиұлы.
Оның сөзінше тойдағы фонограммаға ешкім шектеу қоя алмайды. Себебі қуанышына әншіні шақыру-шақырмау мәселесін той иелері өздері шешеді.
"Өнерге тазалық, шынайылық керек. Сонда ғана оның келешегі болады. Фонограмма деген бір-бірімізді алдау. Оған көз жұмып қарап отыруға беруге болмайды. Фонограмманы шектеу тек эстраданың ғана емес, бүкіл қоғамның өзгеруіне, тазаруына әсерін тигізері сөзсіз" , - деді ол.
Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақ әншілерінің көбінің вокалдық қабілеті концерттерді толық таза дауыспен өткізуге жететініне сенеді.
Еске салсақ, 2020 жылдың аяғында парламент сенаты әртістердің сахнадағы жүріс-тұрысын, фонограмма қолдануын реттейтін заң жобасын мақұлдап, желтоқсанда президент қол қойған болатын.