Жалағаштық спортшы әлем біріншілігінде жүлделі болды
213
Еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан байрақты бәсекелерде аталған спорт клубының спортшылары жеңіс тұғырынан табылып жүр.
Қарашаның алғашқы онкүндігінде Индияның Нью Дели қаласында өтіп жатқан гір спортынан әлем біріншілігінде жалағаштық Қайсар Төлеген жеңіс тұғырынан көрініп, тұтас мемлекеттің мерейін үстем етті.
Байрақты бәсекеге әлемнің 30 мемлекетінен 800-ге жуық спортшы қатысса, оның жүзге жуығы – қазақстандық спортшылар. Білектілер сайысында саңлақтар 63-тен 95 келіден жоғары салмақ арасында өзара мықтыны анықтады. Жерлесіміз Қайсар Төлегенұлы бұл додада 73 келі салмақта сынға түскен. Қайсардың бапкері – қазір аудан халқының ауызында жүрген Абдулхасан Сейтенов.
Әлем біріншілігінде Қайсар Төлеген гір тасын ұзын циклды серпе көтеру бойынша сынға түскен болатын. Бұл сайыста қатысушыларға 10 минут уақыт берілген. Осынша уақытта 32 келілік 2 гір тасын 45 рет бағындырған мақтанышымыз үздік үштікті түйіндеді. Ал бірінші және екінші орындарға ресейлік спортшылар жайғасты. Жерлесіміз бұл жетістігін бапкермен жасаған ұзақ жылдық жаттығумен байланыстырады.
«Жалпы гір спортымен 7 сыныптан бері айналысып келемін. Мені сол уақыттан бері бапкерім Абдулхасан Жанатұлы жаттықтырады. Сол білікті бапкерімнің берген тәлімінің арқасында бойдағы күшті қабілетпен байланыстырып, бұған дейін де талай додаларда жеңіс тұғырынан көріндім. Салада жеткен барлық жетістігім сол жаттығу залында өткен күндердің жемісі деп білемін. Бұл жеңісімді барша отандастарыма арнаймын. Алдағы уақытта мұнан да биік белесті бағындыруға тырысамын. Алда әлі жарыстар бар, енді соған дайындықты бастауымыз қажет. Биылғы жылдың қорытындысы, яғни гір спортынан Қазақстан кубогына арналған дода күтіп тұр. Бұл жарыста да жерлестерімді жерге қаратпаймын», – дейді жеңімпаз.
Қайсар Төлеген – Жадағаш кентіндегі Дәуімбай елді мекенінде орналасқан З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің түлегі. Ол бүгінде облыс орталығындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру» факультетінде облыс әкімінің грантымен білім алып жатыр. Бұған дейін салада жеткен жетістігін тарқатып айтсақ, Қайсардың атына заты сай азамат екеніне көз жеткізесіз.
Жалағаштық спортшы осыған дейін Қазалы қаласында өткен «Алтын күз» ауыл спартакиадасында да 73 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеді.
Мұнан бөлек «Ақбидай» сайысында, ҚР біріншілігінде де жеңіс тұғырынан көрініп, аймақтың мерейін үстем еткен болатын. Ал биыл Бурабайда өткен гір спортынан Азия біріншілігінде де Қайсарға қарсылас шақ келмеді. Осылайша ол ел намысын қорғап, көк туымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды шырқатты.