Джиу-джитсудан қазақстандық спортшы әлемнің екі дүркін чемпионы атанды

1 487

Атыраулық спортшы джиу-джитсудан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Атырау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Моңғолияда джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтіп жатыр.


«Моңғолияда жалауы желбіреген ересектер мен ардагерлер спортшылар арасындағы әлем чемпионаты 15 шілде басталды. Әлемдік додаға 41 елдің 500 спортшысы бақ сынап жатыр. Спортшылардың арасында Қазақстан намысын қорғаған атыраулық Жеңіс Нұрлыбаев 56 келіде сынға түсті. Ол қарсыластарының бәрінен басым түсіп, джиу-джитсудан әлемнің екі дүркін әлем чемпионы атанды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.


Бұл – Жеңіс Нұрлыбаевтың әлемдік додадағы екінші жеңісі. Ол 2021 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында спорттың осы түрінен өткен әлем чемпионатында алғашқы алтын медальге ие болған еді


Ал Моңғолияда өтіп жатқан әлем чемпионатында атыраулық тағы үш спортшы табысты өнер көрсетті. Оның бірі – әйелдер арасында сынға түскен Әйгерім Төреғожина күміс медальды иеленді.


Сондай-ақ атыраулық ардагер спортшы Русланхан Мадыханов та әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Тағы бір ардагер спортшы – Атырау облыстық джиу-джитсу федерациясының президенті Есенғалиев Айбар қола жүлдеге ие болды.


Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраулық жас шахматшы қыз әлемнің үш дүркін чемпионы атанғанын хабарлаған болатынбыз.


Жасөспірім шахматшы Зарина Нұрғалиева 2019 жылы Беларусь Республикасында өткен әлем чемпионатында 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. Былтыр Румыниядағы әлем чемпионатында екінші рет чемпион атағын жеңіп алды. Ал биылғы 5-11 маусымда Грузияның Батуми қаласында шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында үшінші рет чемпиондық тұғырға көтерілді.