Қытайда ХХХІ Дүниежүзілік жазғы универсиада басталмақ
28 шілдеде Қытайдың Чэнду қаласында 31-ші Дүниежүзілік жазғы универсиада басталады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Чэндудегі универсиада 2021 жылы өтуі керек еді, бірақ COVID-19 пандемиясына байланысты бір жылға шегерілді. Пандемия салдарынан 2022 жылы да ұйымдастырылмады. 2022 жылдың маусым айында Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) атқарушы комитеті жарыстың жаңа датасын белгіледі – 2023 жылдың 28 шілдесі мен 8 тамызы аралығы. Универсиада 2023 жылы өтетініне қарамастан, бастапқы «Чэнду 2021» атауы сақталады. Чэнду-2021 ойындарында дүниежүзі университеттерінің студенттері спорттың 18 түрінен 269 медаль жиынтығы үшін сынға түседі. Ұйымдастыру комитетінің өкілдері Универсиадаға жұмылдырылатын 49 стадион екі жыл бұрын пайдалануға берілгенін айтты. Биыл спорт нысандарын қабылдау және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілді, олардың барлығы стандартқа сай және халықаралық жарыстарды өткізуге жарамды. Спорттық шараға 20 мыңнан астам волонтер тартылған.
Қазақстанның 90 спортшыдан тұратын студенттік командасы спорттың 10 түріне қатысады: садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таеквондо, оқ ату және ушу.
Чендудегі жазғы универсиаданың ашылу салтанатына ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қатысатыны күтіледі. Қытай осымен үшінші рет Дүниежүзілік жазғы Универсиаданы өткізгелі отыр. Бұған дейінгі ойындар 2001 жылы Бейжіңде және 2011 жылы Шэньчжэнде өткен еді.