Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде өз орнын сақтап қалды
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) Ролан Гаррос турнирінен кейін жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Франция ашық чемпионатында ширек финалға дейін жеткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 5973 ұпаймен 4-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 39-дан 41-ге сырғыды.
Аталмыш жарыс жеңімпазы, Польша өкілі Ига Швентек 11 695 ұпаймен өзгелерден оқ бойы озып кетті. Екінші орынға америкалық Кори Гауфф (7 988) көтерілсе, беларусьтік Арина Соболенко (7 788) 3-сатыға төмендеді.
Ролан Гарроста ширек финалда Е.Рыбакинаны жеңіп, соңғы бәсекеге дейін жеткен италиялық Ясмин Паолини (4 068 ұпай) 15-тен бірден 7-орынға шықты.
Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 57-ден 54-сатыға жоғарылады.