Чехияда тоғызқұмалақтан әлем кубогінің жеңімпаздары анықталды

2 514

Фото: Дәулет ӘбдікәрімовЧехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында әлем кубогі өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Әбдікәрімовтің мәлім еткеніндей, классика мен блицтен өткен жарысқа Германия, Чехия, Латвия, Польша, Колумбия, Италия, АҚШ, Румыния, Түркия, Аустрия, Украина, Мажарстан, Қырғызстан және Қазақстан, барлығы 14 елден спортшылар қатысып, мықтыларды анықтады.


Тоғызқұмалақтың классика түрінен әйелдер арасында қарағандылық Аңсаған Қожанәсіп топ жарса, Ұлдана Махамбетамин екінші, латвиялықтар Карина Алексеева мен Валерия Кагина үшінші орынға ие болды. 


Ерлер арасында батысқазақстандық Дархан Әнуарбеков үздік шықса, қырғызстандық Сырттан Сырғақ улы күміс, астаналық Ерсұлтан Әуелбай мен тағы бір қырғызстандық Кубанычбек Ибрагимов қола жүлдені қанағат тұтты.


Блиц түрінен қызылордалық Ермұхамед Алайдар ешкімді шақ келтірмесе, алматылық Рахат Айтбаев екінші, ақтөбелік Азамат Қайдаров пен қызылордалық Бексұлтан Бостандықов үшінші сатыдан көрінді. 


Әйелдер арасында блицтен түркістандық Аружан Салман чемпион атанса, шымкенттік Салтанат Сапарбекова күміс, тағы бір түркістандық Әсел Далиева мен павлодарлық Аяжан Егінбай қола медальмен марапатталды.