Теннисшілер Кенжебаева мен Жиенбаева Астанадағы жарыстың 1/8 финалына шықты

2 517

Фото: ҚТФҚазақстандықтар Сандуғаш Кенжебаева мен Соня Жиенбаева Астанада өтіп жатқан ITF W35 турнирінің екінші айналымына жолдама алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Дүниежүзілік рейтингіде 1013-орында тұрған С. Кенжебаева бастапқы кездесуін әлемнің 419-ракеткасы, ресейлік Екатерина Маклаковамен өткізді.


Бірінші партияны Сандуғаш 6:4 есебімен өз пайдасына шешті. Екіншісінде тай-брейкте Маклакова сәтті ойнады — 7:6 (7:0).


Үшінші, шешуші сетте Кенжебаева жеңісті жұлып алды — 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 53 минутқа созылды. 


Әлемнің 866-ракеткасы Соня Жиенбаева отандасы Анастасия Крымковадан айласын асырды — 6:3, 6:3. 


Басқа қазақстандық теннисшілер алғашқы айналымнан аса алмады. С. Кенжебаева ширек финалға шығу үшін рейтингіде 1268-сатыдағы әзербайжандық Мишель Джачангировамен сынға түседі.


С.Жиенбаеваның келесі қарсыласы — әлемнің 349-ракеткасы, оңтүстіккореялық Да Ён Бэк.


Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс Варшава челленджер додасының екінші айналымында Польша өкілі Майя Хвалинскадан 4.6, 0:6 есебімен ұтылып, ширек финалдан тыс қалды.


Қазақстанның ерлер арасында жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге Китцбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің ширек финалында германиялықтар Хендрик Йебенс — Константин Франценнен жеңіліс тапты — 4:6, 3:6.


Есесіне Дмитрий Попко түркиялық Ерги Киркинмен бірге Тампере (Финляндия) челленджер турнирінің алғашқы айналымында қарсыластары келмей қалды да, ойнамастан ширек финалға жолдама алды.