Қазақстан құрамасы күрестен алғашқы Олимпиада лицензиясына ие болды

2 129

ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев күрестен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы медаль мен олимпиадалық лицензияға ие болғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков 86 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, осы күндері Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған.


«Бахрейн өкіліне қарсы өткен «жұбаныш финалында» біздің спортшы өзінің шеберлігін ғана емес, мінезін де көрсете отырып, соңғы секундтарда жеңісті жұлып алды. Азамат пен Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабын осы нәтижемен құттықтаймын, сондай-ақ Париж Олимпиадасында елімізді лайықты түрде танытуға тілектеспін», - дейді министр.


Ол сондай-ақ, тағы бір қазақстандық палуан Ризабек Айтмұханның 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалға сенімді түрде жолдама алғанын атап өткен. Бүгін ол әлем чемпионы атағы үшін күресетін болады.