"Бұл жағдай маған ауыр тиді"

246
Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Абылайхан Жүсіпов Токио Олимпиадасындағы жеңілісіне қатысты пікір білдіріп, қазақстандық спортшылардың "алтынсыз" қалғанына өкінетінін жеткізді.

Абылайханның айтуынша, қазақстандық спортшылардың оның ішінде боксшылардың алғаш рет Олимпиада ойындарынан алтын жүлдесіз оралуы өзіне де ауыр тиген.

"Қазақстан құрамасы тәуелсіздік жылдарынан бері алғаш рет жазғы Олимпиададан алтын жүлде алмады. Бұл жағдай маған ауыр тиді. Өйткені, боксшыларымыз әр Олимпиададан алтынсыз қайтпайтын. Токиода бізге мұндай бақыт бұйырмапты. Бәріміз де еліміздің көк туын желбіретеміз деп бардық. Бірақ команданың басым бөлігі сәтсіздікке ұшырады", – дейді боксшы.

 Оның сөзінше, боксшылардың барлығы да Олимпиадаға үлкен дайындықпен барған. "Көпшілігі боксшылардың көзінде от жоқ деп айыптап жатыр. Шамадан тыс жаттығу жасады деп сөгіп жатқандар да бар. Бұл пікірлермен келіспеймін. Өз басым Олимпиадаға нағыз бабымызда бардық деп айта аламын. Бапкерлеріміз де қолдан келгенін аяған жоқ", - дейді ол.