Қазалыда Сапарбек Көбегеновті еске алуға арналған республикалық турнир басталды
Бүгін Қазалы ауданында білікті бапкер, Қазақстан Республикасының Құрметті қызметкері, КСРО спорт шебері Сапарбек Төлегенұлын еске алуға арналған 2011–2022 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы грек-рим күресінен республикалық турнир өзінің шымылдығын түрді. Айтулы спорттық доданың ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жас балуандарға сәттілік тілеп, турнирді ресми түрде ашық деп жариялады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Спорт инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінуде
Аудан әкімі өз сөзінде мемлекет тарапынан, Президент пен Үкіметтің, сондай-ақ облыс басшылығының қолдауымен Қазалы ауданында спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Әкімнің айтуынша, грек-рим күресі Қазалы ауданында жақсы дамыған спорт түрлерінің бірі саналады. Бұл бағытта жүлдегерлер де, чемпиондар да аз емес. Турнирдің өткізілуі жас балуандардың шеберлігін шыңдап, болашақ спорт жұлдыздарының шығуына серпін береді.
Спорт ардагерлері мен құрметті қонақтар бапкердің еңбегін еске алды
Турнирдің ашылу рәсімінде облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп, спорт ардагері, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» Қуанған Бәкен және Сапарбек Төлегенұлының туыстары атынан Мұратбек Жарылқасынов сөз сөйлеп, елге белгілі бапкердің өмір жолы мен спорт саласының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Сапарбек Көбегенов шәкірт тәрбиелеуде елеулі еңбек етіп, аудан спортының дамуына үлкен серпін берген тұлғалардың бірі болғаны жиында ерекше құрметпен айтылды.
200-ге жуық жасөспірім өзара бақ сынауда
Екі күнге созылатын додаға еліміздің түрлі аймақтарынан – Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан және басқа да қалалардан 200-ге жуық жас балуан қатысып жатыр.
Турнир Әйтеке би кентіндегі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өтуде. Алғашқы белдесулерді аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қонақтармен бірге тамашалады.
Жеңімпаздар ертең анықталады
Ертең жарыстың қорытындысы шығарылып, үздік нәтиже көрсеткен жасөспірімдер арнайы дипломдармен марапатталады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың атынан бағалы сыйлықтар табысталады деп жоспарлануда.







