"Қайсар" футбол клубында жаңа бас бапкер
Алдағы маусымда Қызылорданың «Қайсар» футбол клубын Андрей Ферапонтов жаттықтырады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-лигаға жақсы таныс, тәжірибесі мол бапкер түрлі командаларда еңбек етіп, өзіндік ойын стилін қалыптастырған.
Ферапонтов бас бапкерлік мансабын «Мақтаарал» клубында бастап, кейін «Оқжетпес» тізгінін ұстады. Бұған қоса «Ақтөбе», «Ордабасы», «Қайрат» және Беларусьтің «Рух» командасында бапкерлік штаб құрамында болды. Ұлттық құрамалар жүйесінде де тәжірибесі бар.
«Қайсарда» соңғы үш жыл бойы жұмыс істеген Виктор Кумуковтың келісімшарты аяқталып, ол клубтан кетті. Кумуков команда тізгінін 2023 жылдан бері ұстап, «Қайсарды» 2023 жылы – 6-орынға, 2024 жылы – 8-орынға, ал 2025 жылы – 11-орынға жеткізді. Бұған дейін ол 2003–2004 жылдары да қызылордалық клубта еңбек еткен. Тәжірибелі маман әр жылдары «Спартак» Нальчик (Ресей), «Елімай», «Шахтер», «Ордабасы», «Атырау» (Қазақстан), сондай-ақ Өзбекстанның «Машал», «Насаф», «Алмалык» клубтарында бас бапкер қызметін атқарған.







