Венгрия Қазақстанды тізе бүктірді
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Ойын Венгрияның Дебрецен қаласындағы «Надьердеи» стадионында өтті. - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Матч қазақстандықтар үшін сәтті басталды. Кездесудің 9-минутында Сергей Малый Максим Самородов орындаған бұрыштама добын баспен дәл бағыттап, есеп ашты.
Алайда екінші таймда ойын тізгінін алаң иелері өз қолына алды. 52-минутта Венгрия құрамасының капитаны Доминик Собослаи әріптесінің пасын тиімді пайдаланып, есепті теңестірді.
Ойынның 63-минутында Қазақстан құрамасы азшылықта қалды. Максим Самородов екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Бірнеше минуттан кейін, 67-минутта Андраш Шефер алыстан бағыттаған дәл соққысымен Венгрияны алға шығарды. Доп қақпа маңдайшасына тиіп, қақпаға енді. Қосымша уақыттың 90+3-минутында Раймунд Тот мергендік танытып, матчтың қорытынды есебін 3:1-ге жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы Арменияға қарсы жолдастық кездесуде 1:1 есебімен тең түскен болатын.







