Футбол матчы кезінде балағат сөз айтқан қазақстандық төреші 5 тәулікке қамалған

2 506

Фото: kff.kzСемей соты "Елімай" – "Ордабасы" футбол матчының бас төрешісі Арман Исмұратовты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бес тәулікке қамауға алған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Сот мәліметінше, 14 маусым күні Семей қаласындағы "Спартак" стадионында өткен матч кезінде төреші мен "Елімай" командасының бапкері Андрей Карпович арасында жанжал шыққан. Исмұратов қоғамдық орында, басқа азаматтардың көзінше жаттықтырушыға балағат сөздер айтып, әдепсіз қимылдар көрсеткен.

Айыпталушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, жәбірленушінің және куәлардың айғақтары, оқиға сәтінің бейнежазбасы, полиция қызметкерінің рапорты және іс материалдарындағы өзге де құжаттармен дәлелденген. 

Жазаны тағайындау кезінде сот жасалған құқықбұзушылықтың сипатын, сондай-ақ құқықбұзушының жеке басына қатысты деректерді ескерген. Сот күдікті Исмұратовтың соңғы бір жыл ішінде әкімшілік жауапкершілікке бірнеше рет тартылғанымен, тиісті қорытынды шығармағанын және қайтадан қасақана құқықбұзушылық жасағанын анықтаған.

"Оқиғаның қайталанбауының алдын алу мақсатында және футбол матчында орын алған жағдайға байланысты туындаған қоғамдық резонансты ескере отырып, сот азамат И-ге 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындады", – делінген сот хабарламасында.