Жұмағұлов Макгрегормен бір турнирде өнер көрсетуі мүмкін

299
Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов (13-5) Instagram желісіндегі парақшасында UFC-дегі келесі жекпе-жегі туралы ақпаратты бөлісті. 

32 жастағы спортшы ауыр салмақтағы бұрынғы UFC чемпионымен суретке түсіп, маңызды ақпарат жариялады.

«Қарсыласым бар, жекпе-жек күні бар. Жұмысты бастадық, алға!», - деді Жұмағұлов.
Кейін бұл фотосуретке қатысты Жалғастың менеджері Саят Әбдірахманов пікір білдірді. Оның айтуынша, Жұмағұлов UFC 264 турнирінде өнер көрсетеді.

UFC 264 10 шілдеде өтеді. Турнир Лас-Вегас немесе Әбу-Дабиде өтуі мүмкін. Кештің басты жекпе-жегінде екі салмақ дәрежесінде бұрынғы чемпион Конор Макгрегор мен Дастин Порье трилогия өткізеді деп жоспарланып отыр.

Еске салайық, Жалғас Жұмағұлов америкалық промоушенде 2020 жылдың шілдесінде дебютін өткізіп, алғашқы жекпе-жегінде бразилиялық Раулиан Пайвадан төрешілер шешімімен жеңілген болатын. Биыл қаңтарда Амир Албазиге де төрешілер шешімімен жол берген.