«Барыс» сапындағы канадалық хоккейшіге ай сайын 39 млн теңге төленбек
«Барыс» клубындағы хоккейшілерге ай сайын қанша жалақы төленетіні белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Клуб хоккейшілерінің бірі Никита Михайлистің жалақысы 32 млн теңге болса, тағы бір ойыншысы канадалық Линден Вейге ай сайын 39 млн теңге төленбек. Бұл жөнінде журналист Аслан Қаженов Facebook-тегі парақшасында жазды.
Ал канадалық хоккейшінің жылдық төлемі 470 млн теңгеге жетіп жығылады. «Барысты» «Самұрық-Қазына» қаржыландырады, демек ұлт спортының дамуына еш пайдасы жоқ легионерлерге төленетін қаржы айналып келгенде халықтың қалтасына түседі. Осы мәселені ашына жазған журналист спортты дамытудан қаржы аямайтын шенеуніктер шаңы шығып жатқан жолдарды жөндеуге келгенде неге ақша бөлуге құлықсыз екеніне таң.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында кәсіби спорт клубтарын мемлекет қаржысы есебінен қаржыландыруды тоқтату керектігін айтқан болатын.