"Ұят": Қазақстандық шахматшылар Олимпиаданың ашылуында тусыз шықты

321
Қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова Үндістанда басталған шахмат Олимпиадасына Қазақстан командасының тусыз барғанын айтты. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жариялаған, деп жазады Ulysmedia.kz

«Бүгін Ченнаиде 44-і шахмат Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Мұнда өзара мықтыны анықтау үшін әлемнің 186 елінен 1736 шахматшы келді. Бұл керемет қойылым болды. Шахматтың отаны Үндістан Олимпиаданы алғаш рет қабылдауда. Ашылу салтанаты 186 ұлттық құраманың шеруімен аяқталды.

Олардың ішіндегі 185 команда өз елдерінің мемлекеттік туымен жүріп өтті. «Команда саны 186 болса, тудың саны неге 185?»,- деп сұрайтын шығарсыздар. Себебі, команданың Олимпиадаға қатысуына тікелей жауапты Қазақстан шахмат федерациясы туды керек қылмаған. 20 мың теңгесін аяп, туды ұмытып, бүкіләлемдік Олимпиадаға Қазақстанның туын әдейі апармаған. Соның салдарынан Қазақстан командасы шеруге тусыз шықты. Ұят!

Мүмкін, Хусаинов-Сәдуақасов мырзалар тудың маңызды мемлекеттік символ екенін ұмытып кеткен шығар? Кешіріңіздер, бәрін ұмытуға болатын шығар, бірақ туды ұмыту мүмкін емес. Өйткені, ұлттық құраманы ұлттық құрама қылатын тап осы Ту. Шахмат федерациясының басшылығы команданы мемлекеттік тумен қамтамасыз етпей, Қазақстан халқын сыйламай отыр. Ту ұстаушылардың қолында ту болмағаны үшін федерация жауап беруі тиіс
», - деп жазды Таңжарықова