Оттық үшін танысының басын кесіп, тоңазытқышта сақтаған ер адам сотталды

1 364

Фото: istockphoto.comХромтау ауданында жуынатын бөлмеде  бөтелкелесін ас үй пышағымен өлтіріп, басы мен денесін тоңазытқышқа сақтап қойғандарға үкім шықты. Екі сотталушының бірі қылмыс жасаған, екіншісі жасырып қалғаны үшін жазаланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқа билердің қатысуымен ауыр қылмыстық оқиғаға үкім шығарды. Ішімдік ішіп отырып, оттық таппай жанжалдасқандардың бірі пышақ жарақатынан көз жұмды. Сотталушы қылмысын жасыру мақсатында денені бөлшектеген. Қапшыққа салынған аяқ-қолын карьерге лақтырып, бөлшектенген басы мен денесін  иіс шықпас үшін тоңазытқышқа салған. 

Істе екі сотталушы бар. Константин Панаскин Қылмыстық кодекстің 99 бабы 1 бөлігімен айыпты деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Михаил Лукин Қылмыстық кодекстің 439 бабы бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Екеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. 

«Сот-наркологиялық сараптама қорытындысына сүйенсек, Лукин мен Панаскин психикалық ауруға шалдыққан. Ішімдікке тәуелді. Панаскин мен Лукин ішімдіктен мәжбүрлі түрде емделіп, психиатрдың қарауына алынады», - деді судья. 

Іс материалдарына сүйенсек, оқиға 2024 жылдың 25 қыркүйек күні Ақтөбе облысының Хромтау ауданында болды. Жанжал бірге ішімдік ішіп, кейін араздасқандар арасында ушықты. Панаскин танысы Михаил Лукиннің үйіне барған. Сол жерде ортақ таныстары Денис Кузменко да бар. Бірге ішімдік ішкен. Оттықтың табылмай қалуы жанжалға себеп болған. Бір-бірінен көріп, сөзге келген.  Панаскин сөзді көтере алмай, қорлады деп санайды. Сол сәтте Кузменконы бірнеше рет жұдырығымен ұрып, ас үй пышағын ішіне сұғып алады. Кейін оқиға орнында көз жұмған танысының денесін жасыру үшін жуынатын бөлмеде бөлшектеген. Полиция тоңазытқыштан кесілген адамның басы мен денесін тапты. Аяқ-қолын карьерге апарып тастаған. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.