Оққа ұшқан итке Сапарбаев араша түсті

528

Таразда ит аулаушылар атып тастаған ит иесіне мән-жайды түсіндіру үшін, шенеуніктерді ертіп әкімдік алдына шыққан Бердібек Сапрабаевтың әрекеті желіде қызу талқыланып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қаңғыбас иттерді аулау кезінде тараздық қоғам белсендісі Жанна Папинаның «Персик» атты иті оққа ұшыраған болатын. Алайда, белсенді болған жағдайды  айтып, әлеуметік желілерде тікелей эфирге шыққан.  Әкімдіктің  алдына барып, қарсылық білдірген Жаннаның әрекетін назардан тыс қалдыра алмаған болса керек. Сонда Сапарбаев бірнеше шенеунікті ертіп шығып, Жаннаның алдында қоластындағы қызметкерлерге ескерту жасаған видеосы қызу талқыға түсті.



«Екеуің де кінәлісіңдер. Шаш ал десе бас аласыңдар. Сендерге ешкім айтқан жоқ қой, бәрін атыңдар қырыңдар деп. Сендер әуелі алдымен анықтауларың керек еді, мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па? Балдарды қаба ма қаппай ма? Ауру ма, сау ма? Қауіпті ма? Содан кейін ғана әрекет ету керек еді»,-  деді Бердібек Сапарбаев

Ал, желі қолданушылары қаңтар қақтығысы кезінде қырылып қалған жандар ит құрлы болмады ма? деген сауал қойды.

«Есігінің алдына көпбалалы аналар келгенде шықпаған әкім, әкімдікті бүлікшілер өртеп жатқанда шықпаған әкім, журналистерді тергеп тексеріп, тепкілеп жатқанда келмеген әкім, келді! "Шаш ал десе бас аласыңдар. Президент сендерге бәрін атыңдар, қырыңдар деген жоқ қой. Барлығы террористер емес қой, арасында бейбіт шерушілер, кездейсоқ жүргендер бар. Алдымен анықтамайсыңдар ма? Қоғамға зияны бар ма, жоқ па? Қауіпті ме? Содан кейін ғана әрекет ету керек" деп естідім, солай түсіндім!», - деп жазды журналист Жасұлан Әбдіхалық.

Жанна Папинаға жағдайды түсіндіруге шыққан Сапарбаевтың жанында қала әкімі Ержан Жылқыбаев, орынбасары Нұржан Нұржігітов, ветеринария бөлімінің басшысы және баспасөз хатшысы болған. Видеода бір топ шенеуніктің ұяттан кірерге жер таппай, көзімен жер шұқып тұрғаны ыңғайсыз көрінеді екен.  Тіпіті оққа ұшыраған «Персикке» көңіл айтып, енді бірі құран бағыштау рәсімі болатын күнді белгілеп жатыр.