Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде жастармен кездесу өтті

216

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде «Ашық есік күні» аясында жастармен кездесу өтті,  - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Кездесуге  «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университеті «Құқықтану» факультетінің 3-4 курс студенттері және «Қаржылық қауіпсіздік-2023» республикалық олимпиадасына қатысушы оқушылар шақырылды.

Негізгі қызметі – елдің экономикалық дамуына кедергі келтіретін қылмыстарды анықтау, тергеу және олардың алдын алу болып табылатын экономикалық тергеу органдарында қызмет етуге жастарды қызықтыру мақсатында  Департаменттің Тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлы «Экономикалық қылмыстарды тергеу ерекшеліктері» тақырыбында, Криминалистика бөлімінің басшысы Батырхан Садиков «Криминалистика – қылмыс ізінің анықталуында маңызды ғылым» тақырыбында қызықты баяндамалар жасады. 

Мұнан соң, университет студенттері – екінші жыл қатарынан департаментте тәжірибеден өтуші,  осы жылы өткен «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясының 1 және 2 орын жүлдегерлері Зарина Есқалиева мен Айнұр Әжіғали студент достарына тәжірибеден өту туралы әңгімелеп, өздерінің құқық қорғау органында қызмет ету туралы қабылдаған шешімдерімен бөлісті. 

«Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университетінің «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ерлан Алтаев Департамент пен Университет арасындағы ынтымақтастық байланыстың жетістіктері туралы айтты, студенттер үшін тағлымды кездесу үшін ризашылығын білдірді. 

Департамент басшысы Бақыт Сапарғалиұлы Қайшыбеков Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі мен Білім министрлігінің бірлескен жобасы – биыл бірінші рет өткізіліп отырған республикалық олимпиадаға Қызылорда қаласының 4 мектебінен  қатысып келген 13 оқушыны марапаттады. 10-11 класс оқушылары «Қаржылық қауіпсіздік-2023» тақырыбында өткен олимпиадаға қатысу арқылы өздерінің азаматтық позицияларын білдіргені үшін, қаржылық сауаттылыққа жоғары мән бергені үшін Алғыс табыстады. 

«Қоғамды қылмыстан тазарту үшін ең алдымен адамдар құқықтық жағынан сауатты болуы керек. Яғни – адамдар заңды білгенде ғана,  өзіне өзі сенімді болғанда ғана, еңбексіз пайда болмайтынын түсінгенде ғана өмірден өз орнын табады, қылмысқа жақын болмайды», - деді департамент басшысы.

Жас маман Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау академиясының түлегі Бағдат Қалқабай аналитикалық талдау тобындағы жұмысы туралы әңгімелеп, түрлі деректер қорымен жүргізілетін зерделеудің сызбаларын көрсетіп берді. 

Студенттермен және республикалық олимпиадаға қатысушы оқушылармен кездесу жастармен арада тығыз әрі пайдалы байланыс орнату мақсатында жасалды және өте тартымды өтті.