Төретамда бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған отбасы бар

295

Төретамда бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған отбасы бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Біреуге алақан жаймай, өз қолыңды өз аузыңа жеткізу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Кәсіп ашып, жұмысын одан әрі дөңгелетіп отырғандар көп қазір. Ғарышкерлер қаласы атанған Байқоңыр қаласының іргесіндегі Төретам кентінде де жеке кәсібін ашып, өз ісін дамытып, кәсібінен нәсіп тауып отырған жандар жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып өз игілігі жолында оны дамытуда.

Бүгінде қазақстандықтар отбасылық бизнес құруға ден қойды. Әлемнің дамыған елдерінде атадан балаға мұра болып қалатын кәсіп экономиканың негізгі қозғаушы күші болып табылады. Отбасылық кәсібін дөңгелетемін деушілерге мүмкіндік көп. Тек кез келген істің тетігін тауып, мүмкіндікті тиімді пайдалана білсе болғаны. Осылай кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі Төретам кентінің тұрғыны, қайырымды істердің басы-қасынан табылатын жеке кәсіпкер, «Бақдәулет» мейрамханасының иесі Амангелді Жакешев. Төретам халқына етене таныс жеке кәсіпкердің ісіне көпшілік сүйсіне қарайды. Ол кәсіпкерлік әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдыруға қол жеткізіп, өз ісін дамытып жүрген белгілі кәсіп иесі. Заман талабына сай іскерліктің көзін тапқан жас кәсіпкердің кәсібі де сан салалы.

Оның айтуынша, «Бақдәулет» мейрамханасы тұла бойы тұңғыш баласы Бақдәулеттің атымен аталған. Әуел баста бұл ғимаратты сауда үйі деп салып бастағанмен, кейін Бақдәулеттің тұсаукесер тойын жасамақ болып, тойхана іздестіреді. Тойдың көп болатын жаз айларында бұл өңірден кафе табу қиынға соғады. Сол кезде қаладағы кафемен келісіп, той жасайды. Содан «Неге өзіміз тойхана салмасқа?» деген кәсіпкердің өмірлік жары Айнұр Жарылқасынқызының идеясымен салынып жатқан құрылысты мейрамхана етуді ұйғарады. Мейрамхана 2016 жылы халықтың игілігіне пайдалануға беріліпті. Оның құрылыс жұмыстарына төрт жылға жуық уақыт кетіп, қаншама жұмысшының маңдай терінің арқасында хан сарайындай, сыйымдылығы 400 орындықты құрайтын зәулім ғимарат елдің сұранысын қанағаттандыруға жараған. Мейрамханада оннан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Байқоңыр өңірінің жұртшылығы тегіс білетіндей, «Бақдәулет» мейрамханасы біраз уақыттан бері халал мейрамханалардың қатарында. Бұл жайында ағамыздан сұрап білдік.

«Өзім мұсылманның бес парызын өтеп жүрген соң «Халал» деген статусты алу көптен ойымда еді. Елімізге келген нәубет, яғни коронавирус жайлаған уақытта мейрамханалар есігі тарс жабылғаны белгілі. Қаншама жандар, жасы бар, кәрісі бар, аз ғана уақыттың ішінде өмірден өтіп кетті. Төтенше жағдай кезінде бізде жағдайға бой ұсынып тойханамызды жаптық. Осындай қысылтаяң шақта отбасылық кәсібіміз тоқтап қалмас үшін біріміз балалар киімі дүкенін, екіншіміз құрылыс заттарын сататын дүкен ашып, тірлік қылдық. Міне, осы карантиннен кейін, мына өмірдің қас-қағым сәт екенін түсініп, ғұмырымызда берген садақамыз адалынан болсын деген ниетте мейрамхананы «халал» деген статусқа қойған жайымыз бар.», -  дейді кейіпкеріміз.



Кәсіп иесінің «Алина» дүкенін бастапқыда «Эврика» гипермаркетіне жалға берсе, содан соң олар сауда болмағасын жабылған-ды. Бүгінгі таңда дүкен электроника және тұрмыстық техника сататын «Sulpak» дүкендер желісіне жалға беріліп, өңір халқының сұранысын орындап, тұрғындардың көңілінен шығып жатқан жайы бар. Бұл «Sulpak» дүкендер желісі өзінде 30-ға тарта адамды жұмыспен қамтыған. А.Байділдаұлымен әңгімелесе отырып, кәсіптің көзін тапқан жан екен деген ойға келдік. Оған себеп, кентіміздегі бірнеше дүкен ғимараттарын жалға беріп және жекелеген кәсіпкерлердің кәсібінің жандануына ықпал етіп отырғаны да бізді сүйсінтті.

«Бизнесті жалғыз адамның дамытуы қиынға соғады. Бұл жоба серіктестермен жұмыс істеуге, келісім жүргізуге, міндеттемелерді бөлуге, ең бастысы, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға үйретеді. Жер бетіне адам болып келген соң, еңбек етіп қана қоймай, қасыңдағы бауырларыңды, отбасыңды бақытты ету саналы әр адамның міндеті. Шынайы көзбен қарасақ, еңбек етіп жатқан адам көп. Әркім өз деңгейі мен Алла берген ырзық-несібесімен нан тауып жеп жүр. Адам алдына қойған мақсатына тек еңбек арқылы жетеді. Еңбек адамды шынықтырады, шыңдайды. Сондықтан адам өмірінде еңбектенудің маңызы ерекше.», - дейді ол. 


«Отбасы – алтын діңгек» демекші, адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан бастау алады. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекесі тасыған отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, ата мен әже, әке мен бала, ана мен қызы өзара сөйлесіп, береке-бірлікте, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналмақ. Игі іске бастамашы болып отыратын Жакешевтер отбасы Төретам кентінің байырғы тұрғындары. Амангелді ағамыз Байділда Жакешев ақсақал мен абзал ана Күнім Мұқашева апаның отбасындағы жеті баланың бесіншісі. Көпбалалы отбасында дүниеге келіп, әкесі мен анасынан алған тәрбиесін бүгінде ол өз балаларына үлгі етіп айтып отырады. Немерелерінің қызығына тоймай өмір сүріп жатқан қос бәйтерегінің бірі сексеннің сеңгіріне шықса, бірі жетпістен асқан. Берекелі отбасының ұйытқысы болып отырған ардақты қариялар елдің сыйлысы. Ал Амангелді Байділдаұлы өзінің өмірлік жары, берекесі тасыған отбасының отанасы Айнұр Жарылқасынқызы екеуі құдай берген 4 баланың қамқоршы ата-анасы. Үлкені Бақдәулет 15 жаста, Алина 13 жаста, Али 11 жаста, Осман 9 жаста.

Өткен жылдың 20 желтоқсанында «Балалар жылы» аясында есімі елге таныс кәсіпкердің идеясымен Төретам кенті тұрғындарының балаларына арналған «ALI KIDS PARK» атты балалар ойын-сауық орталығы ашылған болатын. Жалпы жоба құны 80 миллион. Мұнда үлкен сырғанақтар, құрғақ бассейндер, яғни балалар атракциондарының жеті түрі бар. Егер отбасымен келген жағдайда ойын орталығында 100 адамға арналған жайлы дәмхана қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, көпбалалы отбасы балаларына жеңілдіктер бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы бір күн арналады деген жоспарлары да жоқ емес. Орталықта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпкермен әңгіме барысында кенттің арғы бетінде мемлекет тарапынан берілген жерге салынып жатқан мешіттің құрылысына осы Жакешевтер отбасының қаржылай қолдау білдіргенін аңғарып, риза болдық. Кәсіпкерлікте адал еңбегімен өз замандастарына үлгі болып жүрген бұл азаматтың кәсіптік идеясы өңір тұрғындарының көңілінен шығуда.