Ауыл шаруашылығы – мемлекетті дамытатын сала - Тоқаев

173
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен ұлықтау рәсімінде ауылшаруашылығына ерекше тоқталу керектігін айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен ұлықтау рәсімінде «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтты. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Сондықтан жұртшылық та жылы қабылдады. Президент сол күні ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойды және осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Шыны керек, бұл бастамадан күтеріміз көп және оған бәріміз атсалысуға тиіспіз. Бұл ретте ауыл шаруашылығы маманы ретінде осы саланы дамытуға қатысты оқырманмен ой бөлісуді жөн көрдім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Бұл шындық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.

Проблемаларды анықтау үшін салада нақты жоспар болуға тиіс. Біз нарықтық экономикада жоспарлау қағидатын ұмыттық. Барлық өзгерістің нәтижесін салыстырмалы түрде ғана анықтауға болады. Ол үшін алдымен өндірісте жоспарлау бағыты жолға қойылуы керек. Дұрыс әрі сауатты түзілген жоспар – жартылай орындалған нәтиже. Өндірістің нәтижесі – алынған өнімнің көрсеткіші. Алынған өнімнің көлемін, жоспарланған мәліметпен салыстырып, оның қажеттілікті қаншалықты қамтамасыз етіп отырғанына талдау жасау керек. Міне, сонда ғана алдағы мақсаттарды айқындауға болады.
Әрине, жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол кадрларға жасату керек. Сонда ол оң нәтиже береді. Мұндай жоспарларды республика, облыстар, аудандар, ауыл әкімдіктері бойынша жасату маңызды. Оған жергілікті ғылыми, өндірістік, әкімдік кадрларын тегіс тарту керек. Кадр демекші, біздің ақсап тұрған тұсымыз да дәл осы маман мәселесі. Кейінгі жылдары жасы ұлғайған мамандарды зейнетке жібердік те, олардың орнына жастарды даярламадық. Мамандарды біліміне қарай емес, тамыр-таныстықпен, қалтасының қалыңдығына, туысқандық қатыстарына қарай іріктедік. Барлық мәселе саланы өз маманы басқарса ғана оң шешілетінін ескерсек, бұған атүсті қарауға болмайды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары салалық мамандар өз саласына керексіз болып қалды да, басқа қызметтерді атқарып кетті.

Айтпағымыз, қай салада болсын, жоспарлы экономикадан қол үзбеу керек. Мәселен, қарапайым отбасының өзінде бір күндік, апталық, айлық, жылдық жоспарлар қағазға түсіріліп, мөр басылып бекітілмесе де, бағыт-бағдар нұсқап үнемі есте жүреді. Демек жоспарды қағаз жүзінде құру жеткіліксіз. Жоспарда әрбір күннің, апта мен айдың, тұтас жылдың шаруасы қамтылып, тиянақты түрде қадағаланып отыруы керек.

Қазақстан жерінің көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орында бола тұра (жайылымның көлемінен – бесінші, егістіктің аумағынан – екінші), өзінің аз ғана халқын осынша жерден алуға болатын экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл жердегі негізгі үлкен кемшілік – салалық министрліктердің жылдық жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибеге сүйене отырып жасай алмауы. Олардың мұндай есептерден алшақтап, тәжірибеден қол үзіп қалғандығы түрлі проблемаларға жол ашып отыр. Бір жағынан мемлекеттік қызметкерлерді де түсінуге болады. Олар өте аз ақшаға жұмыс істеуге мәжбүр. Тапқан айлығы шайлығына зорға жетеді. Ал мұндай жағдайда олардан үлкен бір дүниені талап етудің өзі орынсыз. Дегенмен, алдағы уақытта бәрі жақсарады деген үміттемін. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отырған саясатынан осындай ой түйіп отырмыз. Бұл менің ғана емес, көптің де пікірі екеніне дауым жоқ. Сондықтан басшыға қосшы болып, барынша демеуге тиіспіз.

Алматы қаласында Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты, Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институты бар. Облыстарда да бірнеше университет, ғылыми-тәжірибелік стансалар жұмыс істейді. Соларды аумақтың жер жағдайына ыңғайлап, олардың жасайтын іс-жоспарына қатысуға, ондағы кадрларды тиімді пайдалануға жергілікті әкімдіктерден арнайы жүктеме ретінде тікелей тапсырмалар берілуге тиіс. Ондағы ғалымдармен бірлесе отырып, әр облысқа арнап астық, мал шаруашылығы және жемшөп өндіру бойынша ауқымды жоспар жасау керек. Әр облыстың жерінің көлеміне әрі мүмкіндігіне байланысты қолда бар малдың басын анықтау қажет. Сонда қазіргі қолда бар малдың басы шығады. Содан кейін жерінің көлемі (сулы және егістік жерлердің), ол жерден бір жылда қанша астық, жемшөп өндіруге болатыны анықталады. Жемшөптің көлемін жемшөп бірлігіне айналдырып, сол көлемге сәйкес жыл бойынша қанша мал ұстауға болатынын облыстар, аудандар, шаруашылықтар бойынша есептеп шығаруға тиіспіз. Бұл малдың басы мен жемшөп өндірудің есеп-қисабы.

Енді адамға қажетті тамақ өнімдерінің есебін шығарып көруге болады. Ол да аса бір қиын шаруа емес. Мәселен, елде қанша халық бар, оларға азық-түліктің қандай түрлерінен және қанша көлемде керек екенін салалық министрліктермен бірлесе отырып, есептеп шығару керек. Ал ауыл шаруашылығы мамандары соларды қандай көлемде дайындаудың жолдарын іздейді. Ол үшін әр облыстың мүмкіндігімен есептесе отырып, жерінің, ауа райының жағдайын есепке алып «қай өңір халық үшін не өндіре алады және қандай көлемде» деген сұраққа жауап іздеу шарт. Осылайша, халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін әр облыстың мүмкіндігімен санасып, керекті өнімге тапсырыс берілуін талап ету қажет. Оның орындалуын тиісті министрліктер, әкімдер жыл бойы бақылауда ұстап, қажет болғанда материалдық жәрдем ұйымдастыруға міндетті. Дәл осындай есеп-қисапты аудандар, ауылдар, жеке шаруа қожалықтары бойынша жасау маңызды.

Ауыл әкімдігі жылдық жоспар дайындағанда олар әкімдікке қарасты жеке шаруа қожалықтары жылдық жоспарларының жиынтығынан, яғни әрбір шаруашылықтың көрсеткіштерінен құралған өнімнің жалпы санын қаперге алады. Ол есептерді ауыл әкімдігі шаруашылықтардың мөрін бастырып, басшыларына қолын қойдырып жылдың соңында қабылдап алуға тиіс. Бұл үшін әрбір жеке қожалыққа жылдың басында бизнес-жоспар жасату міндетті. Жоспарды ауыл әкімдері талқылап, мөр басып бекітуі керек. «Жылдың соңында келісімшарттағы міндеттеме орындалмаса, қожалықтың иелігіндегі жерлер қайтарып алынып, тиянақты жұмыс жүргізіп жатқан басқа шаруашылықтарға беріледі» деген талап келісімшартта тайға таңба басқандай көрсетілуі керек. Осыдан біраз жыл бұрын дәл осындай нақты есептерді жүргізу үшін ауыл әкімдерінің өтініші бойынша әрбір ауылдық әкімдікке статистикалық есептерді әзірлеп отыратын қызметкерлер де берілген еді. Бірақ әкімдер оларды дұрыс, тиімді пайдалана алмады да, аталған штат қысқартылып кетті. Осылайша, әкімдер жылда жалған есеп жасап, мемлекетке өткізе салатын болды. Әкімдер статистикалық есептерді жүргізетін мамандардан жалған мәлімет дайындау үшін әдейі құтылды ма деген ой да мазалайды кейде. Өйткені мұндай мамандар әкімдікке емес, тікелей аудандық статистика бөліміне бағынатын еді. Тиісінше, жұмысына жоғары жауапкершілік артылғанын да білетін, сол үшін жалған есеп жасамауға тырысатын. Сондықтан мұндай кемшілікті болдырмас үшін аталған қызметкерлерді қайтару керек. Есеп нақты, дұрыс болғанда ғана жұмыстың нәтижесі шынайы көрініс табады. Сонда ғана әкімдердің жылдық жұмысына дұрыс баға беруге болады. Барлық жерде есеп-қисапты нақты әрі шынайы жүргізуге қол жеткізсек, халықтың жағдайы да жақсара бастайды.

Есептер нақтыланып, заманауи ғылыми-практикалық есепке сүйеніп, негізделіп сауатты жасалынса, онда мемлекет халықты (егістік жерден алынатын, сонымен бірге мал шаруашылығы өнімдерімен) азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады. Бұл қолдан келетін шаруа. Тек, нақты іс, үлкен жауапкершілік керек. Қазіргі жаңа Қазақстан жағдайында осы бір олқы тұсымызды дұрыстап, халық игілігіне жарайтындай етіп, заманауи талапқа сәйкес құруға толық мүмкіндік бар. Оған біздің күш-жігеріміз де, ақыл-ойымыз да, интеллектуалдық қабілетіміз де жетеді.

Бұл жерде ауытқуға болмайтын, тұрақты басшылықта ұстайтын қатаң қағида бар. Қазір әкімдіктің бір жыл ішіндегі жұмысының басты көрсеткіші ретінде негізінен «жолдарды жөндеу» деген талапқа ғана назар аударылады. Бұл да дұрыс шығар. Ол да әлеуметтік саладағы басты көрсеткіштің бірі. Ал біздің пайым бойынша, жылдың соңында әкімдерге баға беретін негізгі көрсеткіш – қарамағындағы жерлерді тиімді пайдалану болуға тиіс. Себебі халықты, жәндіктерден бастап үлкен жануарларға дейін ашықтырмай, аздырып-тоздырмай асырап отырған – Жер-Ана. Жердің қадірін тек адамдар ғана түсінеді десек, қателесеміз. Жерден қорек алып, күн көріп жүрген жәндік пен жануарлар да оның қадірін біледі. Тек, адамдар секілді айтатын тілі жоқ. Айтпағымыз, қасиетті Жер-Ананы қадірлеп, анамыздай аялап, қадіріне жете білуіміз керек. Өміріміздің мәні де, сәні де жерге тікелей байланысты. Сондықтан ұлтарақтай жердің өзіне дұрыс қарап, оны керекті қоректік заттармен қамтамасыз етіп, өңдеп, тиісті агротехникалық жұмыстарды өз деңгейінде атқарып, жер беретін өнімді барынша алуға қол жеткізуіміз керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ол үшін жылдың басында жоспар құрып, соны негізгі бағдар етіп ұстау керек. Ал жылдың соңында аудан, ауыл басшылары жоспарланған жұмыстың қаншалықты сапалы я сапасыз аяқталғаны туралы есеп беруге міндетті. Баға да жерлердің түгел игеріліп, алған өнімінің санына, сапасына қарай анықталуға тиіс. Жергілікті билікке берілетін жылдық баға Жер-Ананы қалай пайдаланғанына тікелей байланысты болса, міне, сол әділ әрі орынды болар еді. Мұндай қадам жергілікті биліктің жауапкершілігін арттырар еді және өнімнің қажетті көлемде дайындалуына тікелей септігін тигізері анық.

Осы жерде айтпай кетуге болмайтын, Үкіметтің жіберіп алған тағы бір үлкен кемшілігі бар. Ол – халық саны азайып бара жатқан ауылдарды келешегі жоқ деген сылтаумен таратып жібергендігіміз. Бұл әлдекімдердің уақытша қиындықтан қашып, мәселені оңай шешеміз деп халыққа жаны ашымай, ауылдың келешегін ойламай жасалған қадамы болды. Бұл бір жағынан Үкіметтің ауыл шаруашылығы саласына деген жүрдім-бардым қарайтын көзқарасының «жемісі» секілді көрінеді. Әйтпесе, ауыл шаруашылығы дегеніміз – ауылдың өзі емес пе?!

 Мемлекет басшысы «ауылды қайта жаңғыртып, ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуіміз керек» деп, Үкіметтің алдына нақты міндет қойды. Келешегі кемел, көңілге қонымды, қайтарымы зор, халықтың қарнын тойғызып, киімін бүтіндейтін, хал-ахуалын жақсартып, жақсылыққа жетелеп, тұрмысын түзетуге апаратын сара жол да осы негізі. Ауылда бес-он үй қалса да, сол елді мекеннің жағдайын жасап, халықты ауылға шақыра беруіміз керек. Қажетті инфрақұрылымдарды жедел тартып, халықтың мұқтажын мұқият зерттеп, зерделеп шұғыл түрде шешу – кезек күттірмейтін мәселе. Әрі-беріден кейін бұл біздің азаматтық парызымыз һәм қарызымыз екенін түсінуге тиіспіз.

Ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекетті алға сүйреу, оның келешегін ойлау. Ауылшаруашылық өнімін өндіретіндер – ауылдықтар. Өйткені олардың тұрмысы мен табысы ауылмен, жермен байланысты. Оларды таратып жіберу, яки қалаға көшіру – үлкен қателік. Енді оларды ауылға қайтару оқиын. Бірақ басқа амалымыз да жоқ. Ауылда тұратын халықтың жағдайын жасап, оларды материалдық тұрғыдан қолдау арқылы ғана мәселені шеше аламыз. Ал жердің ыстық-суығын сезінбеген, халықтың адал еңбекпен тапқан өнімдерін орта жолда иелене кететіндер өздерін «кәсіпкерміз» деп жүр. Олар бар болғаны алып-сатарлар. Оларда елдік мүдде деген болмайды. Абайша айтсақ, «өзің үшін еңбек етсең, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың».

Біз бірнеше мемлекетпен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақ құрдық. Менің түсінігімде, одақтың негізгі міндеті – одақ мүшелерінің арасында өзара экономикалық байланыс жасау, сауда-саттық қарым-қатынас орнату, қажетті өнімдермен алмасу, бірінде жоғын біріне сату, сөйтіп, әр ел өзінің қажеттілігін одақ мүшелерінен алып, мәселені бірлесіп шешу. Бұл жердегі үлкен мәселе әр мемлекеттің өз халқына, яғни өнім өндірушілеріне қаржылай (субсидия есебінде) беретін жәрдемінің көлеміне де байланысты. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру шығыны (өзіндік құны) өте жоғары. Табысы шығынын жаппайды. Дамыған мемлекеттерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет субсидия береді. Ұзаққа бармай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің көрсеткішіне назар аударайық. Мәселен, Беларусьта ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілетін субсидияның жалпы көлемі өндірілген барлық ішкі өнімнің пайызына шаққанда 24 пайызды, Ресейде 16 пайызды, ал Қазақстанда 6 пайызды құрайды. Бұл бірер жыл бұрынғы дерек. Қазіргі көрсеткіштер біршама өзгерген де шығар. Айтпағымыз, осы бір көрсеткішті ұлғайтуға әлі де болса күш салуымыз керек. Сонда ғана мемлекет халықты жергілікті өніммен – қажетті азық-түлікпен 70 пайызға дейін қамтамасыз ете алатын болады. Қалған 30 пайызын импорттың есебінен толықтыруға мүмкіндік бар. Әзірше көрсеткіш керісінше болып тұр.

Түйіндей келе айтарымыз, қазақтың кіндігі ауылға байланған. Ендеше ауылға оралу, тамырдан ажырамау – елдік парызымыз!

 Нұрмаханбет АЙТУҒАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты