Жалағашта тұрғындарға 500 гектар жер үлестірілмек

202

Жалағашта тұрғындарға 500 гектар жер үлестірілмек,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Қай ауданда болмасын, өзегі шешілмеген, түйіні тарқамаған мәселе көп. Әрине, оны шешу жолында біршама дүниелер атқарылуда. Бір қызығы, өткен жылы Жалағаш ауданында әкімдердің халықпен кездесуі 92 рет өткізілген екен. Бұл туралы Жалағаш аудан әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Алдымен өңір басшысы аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған Әліби Байнахатов пен аудан әкімі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы қызметіне тағайындалған Ғани Сүлейменовты әріптестеріне таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Одан соң аппарат мәжілісінің күн тәртібінде 3 мәселе қаралып, жеке-жеке талқыға түсті. Бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің халықпен кездесуінде айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы туралы Жалағаш ауданы әкімі аппаратының басшысы Қайрат Жаппасбаев баяндама жасады.

Оның мәліметінше, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен жылы аудан бойынша барлығы 92 кездесу өткен. Онда тұрғындар тарапынан 139 ұсыныс түскен. Жер қатынастары саласы бойынша 9 ұсыныс, автомобиль жолдарын жөндеу және салу бойынша 22 ұсыныс, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерін жөндеу және салу бойынша 18 ұсыныс, ауыз сумен, газбен жабдықтау, электрлендіру, интернет жүргізу бойынша 31 ұсыныс, ауыл шаруа-шылығы және ветеринария саласына қатысты 3 ұсыныс, абаттандыру, санитарлық тазалық және экологияға байланысты 13 ұсыныс, басқа да мәселер бойынша 43 ұсыныс түскен екен.

Баяндамашының сөзіне құлақ түрсек, ұсыныстардың орындалу барысы көңіл көншітпейді. Мәселен, жоғарыда аталған 139 ұсыныс-пікірдің бүгінгі күнге дейін 68-і орындалса, 43-і орындалу үстінде, 6 ұсыныстың мерзімі бар, қалған 22 ұсыныстың орындалмағаны анықталған.

Мәліметтерге сүйеніп көрейік, Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылындағы №203 орта мектеп ғимаратын, Мақпалкөл және М.Шәменов ауылындағы балабақша ғимараттарын күрделі жөндеу туралы ұсыныстар көтерілгеніне біраз уақыт болса да, бүгінге дейін мәселенің түйіні тарқамаған. Ауданға қарасты Аққыр ауылдық округі бойынша елді мекенде пошта бөлімшесін ашу және Жаңаталап ауылдық округі бойынша ауыз су мұнарасын ауыстыру туралы мәселе көтерілген. Алайда бүгінгі күнге дейін нақты шешімін таппаған. Мәдениет ауылдық округі бойынша аяқ су келтіру мақсатында «Ияр аша» каналын тазарту жұмыстарын жүргізу, елді мекеннің ішкі көшелерін жарықтандыру, өндіріс қалдықтарын тастайтын полигон орнын қоршау, «Қорқытбай» каналының сағасында орналасқан биік трубаны төмен түсіру туралы да ұсыныс айтылған. Бірақ бұл бағытта ауыл әкімі тарапынан ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Яғни бюджеттік өтінім әзірленіп, жолданбаған.

Ал Қаракеткен ауылдық округі бойынша елді мекендегі жедел жәрдем көлігін жаңалау туралы ұсыныс 2 мәрте көтерілген. Десе де әлі күнге дейін шешімін таппай тұр. Сонымен қатар Далдабай елді мекеніндегі интернет жылдамдығын арттыру туралы ұсыныс қанағаттандырылмаған. Жалағаш кентіндегі Бұқарбай батыр және А.Бисенов көшелерінің қиылысындағы бағаналарды жылжыту жұмысы да орындалмаған. Сондай-ақ Ақсу ауылы мен Жалағаш кенті аралығына қоғамдық көлік жүргізу туралы ұсынысқа сәйкес, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге ұсыныс берумен ғана шектелген.

Өкініштісі сол, орындалмай тұрған ұсыныстардың басым көпшілігі халықтың, қоғамның басты, өзекті мәселелері денсаулық сақтау мен білім саласы, коммуналдық жұмыстар төңірігінде екен. Әрине аудан әкімі Асқарбек Есжановтың ауыл басшыларының жұмысына көңілі толмайтыны да түсінікті. Өйткені кейбір ауыл әкімдерінің өздері басқарып отырған елді мекеннің ахуалына, тұрғындардың өтініштеріне немқұрайлы қарауы халықтың наразылығын, ренішін тудырып отыр. Сөзімізге дәлел, өткен жылы Мәдениет ауылында халықпен 3 кездесу өтіп, 10 ұсыныс айтылған, бірақ 10 ұсыныстың 9-ы орындалмаған болып шықты. Яғни аталған ауыл басшылығында халықпен, қоғаммен кері байланыс мүлдем жоқ екенін көрсетті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасы аясында ауыл әкімдері тарапынан ешқандай ауыз толтырып айтатындай жұмыс жоқ. Таңертең жұмысқа кешігіп келесіңдер, 8 сағатты өткізіп, құр өлең айтып қайтасыздар. Ал тойға сұрануға келгенде белсендісіздер. Бұлай жұмыс жүрмейді. Сондықтан жоғарыда аталған ауыл әкімдеріне тәртіптік шара қолданамын. Ендігі уақытта қызметіне сай келмей ме дереу орнынан босатамын?! Тағы да қайталап айтамын, елді мекенде мәселе туындай ма, дереу сол мәселе бойынша мән-жайды анықтап, шешімін тауып, егер қосымша уақыт керек болса, халықпен кері байланыс жасап, соны түсіндіру керек» деп аудан басшысы қатаң ескертті. 

Сонымен бірге талқылау аудан орталығында қоғамдық көлік, яғни маршруттар санын арттыру бойынша жалғасты. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерінің айтуынша, бұл мәселемен кентте өз қызметін ұсынып отырған кәсіпкерлер жоқ. Бірақ аудан әкімінің мемлекеттік қызметтегі көпжылдық тәжірибесі дейміз бе, бұл мәселенің шешу жолын Асқарбек Темірбекұлы тауып берді. Аудан басшысының сараптауынша, облыс орталығында жаңа автобустар әкелініп, бұрынғы ескі маршруттар жұмыссыз қалып жатыр екен. Соларды ауданымызға жұмысқа шақырсақ, олар қуана келіп, қызмет етуге ниетті көрінеді. Соларды ауданға тартуды тапсырды. Осылайша бұл мәселе де өзінің шешімін мәжілісте тапты деуге болады.

«Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Мәселе туындаса, жасырып, өтірік айтудың қажеті жоқ. Ол заман өтті. Дұрысы сол мәселені көтеріп, шешу жолын табу саған да, маған да, тіпті ел үшін де тиімді. Соны естен шығармайық» деді Асқарбек Темірбекұлы.  

Бірінші мәселе бойынша баяндама да, ескерту де, ұсыныс та, мәселенің шешімі де айтылып, толықтай талқыланды. Ендігі жерде кеткен кемшіліктен сабақ алып, алдағы уақытта өңір үшін ұтымды жұмыс жасау ғана талап етілетіні сөзсіз.
Әрі қарай мәжіліс күн тәртібіндегі екінші мәселе, яки көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы өрбіді. Бұл мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаев кеңінен тарқатты. Оның айтуынша, биыл ауданда 37 052 гектар жерге егiн орналастыру жоспарланған екен. 

«Оның ішінде негізгі дақыл күріш 19800, бидай 750, қант құмайы 70, арпа 70, соя 35, мақсары 520, сүрлемдік жүгері 700, сұлы 5, қант қызылшасы 2, жаңа жоңышқа 4850 гектарға себіліп, 7200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынады, мұнан бөлек картоп 646, көкөніс 1108 және бақша өнімдері 1296 гектарға егіледі. Өткен жылмен салыстырғанда күріш дақылын 1299, бидай 30, арпа 28, жүгері 255 гектарға артады» дейді ол.

Егінді күтіп баптауға қажетті минералдық тыңайтқыштарды дайындау жұмыстары ұйымдастырылуда. Егінге қажетті 10 810 тонна минералдық тыңайтқыштың бүгінге дейін 7124 тоннасы сатып алынды. Алдағы уақытта 24060 литр гербицид дайындау жұмыстары жүргізіледі. Көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына аудан бойынша 887 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен жеке тұрғындарға бақша өнімдерін егуге жер телімі дайындалып, беру жұмысы қолға алынған болатын. Осы үрдіс биыл да жалғасын таппақ. Бөлім басшысының айтуынша, жеке тұрғындарға картоп, бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жаңадан жер дайындау жоспарланған. Жаңадан дайындалатын жерлер шаруашылықтардың демеушілігімен жүзеге асып, тұрғындарға үлестіріледі.

Егістікті суару мәселесі күн тәртібінен әлі де түспегенін аудан әкімі тағы да ескертті. Су тапшылығы кез келген уақытта орын алуы мүмкін. Сондықтан Асқарбек Темірбекұлы ауыл әкімдеріне егін егетін ша-руашылықтармен байланыс жасап, егістікті әртараптандыру бойынша қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ аудан тұрғындарына бау-бақшалық жерлерді тезірек бөліп беруді жүктеді. Өйткені тұрғындар мамыр айына дейін дақылдарын егіп болуы керек.
Көктем келсе, күн жылып, қыс бойы қатып қалған қоқыстар жібіп, кент көркін кетіретіні рас. Сол себепті жылда көктемнің алғашқы күндерінен бастап санитарлық тазарту жұмыстары басталады. Осы орайда биыл Жалағаш ауданында сенбілік 4 наурыздан басталды. Мәжіліс аудан бойынша көктемгі санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты мәселемен жалғасты.

Бүгінде 4 наурыз бен 13 мамыр аралығында көктемгі санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру екі айлығында атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары әзірленген. Соған байланысты санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру барысында меншік иесіне қарамастан барлық мекемелер, кәсіпорындар мен елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, елді мекендердегі санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстарына акциялар өткізу, аяқ су мәселесін шешу мақсатында су бармайтын көшелердегі арықтарды тереңдетіп қазу, жаңадан арық қазу жұмыстарын ұйымдастыру, ағаш көшеттерін, гүлзарлар отырғызуды, күтімге алуды ұйымдастыру, ретсіз жиналған күл-қоқыстарды белгіленген орындарға шығару, елді мекендерде тақырыптық билбордтар орналастыру, кәсіпкерлік нысандарының сыртқы келбетіне ағымдағы жөндеуді ұйым-дастыру аясында болмақ. Сонымен қатар, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында биыл облыстың елді мекендері арасында «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіледі. Конкурсқа өтінім 10 мамырға дейін қабылданады екен.
Жалағаш ауданында қоқыс төгетін арнайы орындардың тапшылығы да үлкен мәселеге айналған. Қоқыс төгетін полигондардың жоқтығынан тұрғындар кез келген жерге төге салуда. Кейбір ауылдарда полигон бар болғанымен, олардың жан-жағы қоршалмаған. Салдарынан қоқыстар жан-жаққа желмен ұшып, айналаны ластауда. Осы мәселе бойынша аудан әкімі бірқатар елді мекен басшыларына ескерту жасады. Мәселен, Мәдениет, Таң, М.Шәменов, Аққұм, Ақсу, Еңбек ауылдарында қоқыс полигондарын қоршау жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілмеген.

Мәжіліс барысында аталған мәселелер бойынша кент әкімі Мардан Жамалатов та сөз алды. Оның айтуынша, аудандық бюджеттен 2023 жылы кент санитариясын қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 20 млн теңге қаражат бөлініп, қаңтар-ақпан айларында санитарлық тазалық жұмыстарын «Сыр-Арна» ЖШС жүргізген. Ал қазіргі таңда кентте санитария жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында конкурстық рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз анықталып, тиісті жұмыстар атқарылатынын алға тартты.

«Жалағаш кентінің көшелеріне 110 қоқыс тастайтын контейнер қойылған. Сондай-ақ кенттің оңтүстік бөлігінде қоқыс төгетін 1 арнайы орын белгіленіп, жұмыс жасап тұр. Дегенмен тұрғындар үйлерінен шығарылған қоқыстарды белгіленбеген орынға бейберекет тастауды тоқтатпай келеді. Осыған байланысты кент көшелеріне «Қоқыс төгуге болмайды, айыппұл салынады» деген тақтайшалар орнату жұмыстары жүргізілуде» деді Жалағаш кентінің әкімі.