«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін»: Тоқаев өз бағдарламасымен таныстырды

132
Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабта сөйлеген сөзінде «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталатын бағдарламасымен таныстырды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Құрметті отандастар!

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты.

2022 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтеді.Бұл – біздің болашақ дамуымыздың стратегиялық бағытын айқындайтын науқан.

Парламенттік партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдарды жұмылдырған Халық коалициясы мені Президент үміткерлігіне ұсынды. Осыған байланысты еліміздің алдағы жеті жылдық кезеңдегі даму барысы туралы пайымымды ортаға салғым келеді.

Ең алдымен экономика, әлеуметтік сала мен өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер туралы бастама көтермекпін. Алдағы реформалар халықтың мұң-мұқтажына тиімді жауап болмақ, сонымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұрақтылығымызды күшейтпек.

Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әділеттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өткеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәселелерді шешу керек.

Мемлекет монополияларды жояды, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді.

Біз ауызсу тапшылығы мәселесін біржола шешеміз, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеміз. Мемлекет ауыл тұрғындарын кәсіби медицинамен қамтамасыз етеді.

Мемлекет өскелең ұрпаққа білім беру үшін осы салаға инвестиция құя береді. Білім саласының барлық деңгейінде қордаланған мәселе шешіледі. Бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өмірі біздің жіті назарымызда болады.

Ауылда өмір сүру, жұмыс істеу қаладан еш кем болмайтындай етіп, ауыл шаруашылығын қайта жандандырамыз. Фермерлер экономиканы ілгерілетуші жаңа күшке айналады.

Ел тұрғындары мен қонақтары өзін қала мен ауылда бірдей жайлы сезінуі үшін көше қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

Біз ұлттық мүддені қорғауды, барлық мүдделі мемлекетпен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сыртқы саяси бағытты жалғастыра береміз.

Біз өзара байланысты үш қағидат негізіндегі жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз: ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ– ӘДІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ.

Барлық шешімді екшеп, ашық әрі әділ, ең бастысы - қоғам мүддесі мен талабын ескере отырып қабылдаймыз. Сондықтан бірінші қағидат саяси жаңғыру үдерісін жалғастыруды, мемлекеттік және корпоративтік кәсіби басқаруды енгізуді көздейді. Үкімет, әкімдік, сот, прокуратура мен полиция қызметі азаматтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты негізгі міндеттерді шешуге бағытталады.

Екінші қағидат азаматтар, бизнес және мемлекет мүддесі мен игілігі теңгеріміне, сондай-ақ ел ресурсын тиімді пайдалануға негізделген экономика құруды білдіреді. Сол үшін қоғамның жұмыспен жоғары деңгейдегі қамтылуын, азаматтардың әлеуметтік ауызбірлігін, сонымен бірге теңгерімді аумақтық дамуды қамтамасыз ететін өнімді еңбек нарығы құрылады.

Үшінші қағидат дамыған әлеуметтік инфрақұрылым жасауды және адам әлеуетін іске асыру үшін жан-жақты мүмкіндік беруді көздейді. Біз саламатты, білімді, еңбексүйгіш, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған және отаншыл қоғам қалыптастырамыз.

Аталған өзгерістің бәрін жақын арада жүзеге асыруға ниеттімін. Халық қолдауы осы мақсаттарға жетудің басты кепілі болады. Көзделген игі өзгерістерді іске асыруға неғұрлым көп азамат қатысса, нәтижеге соғұрлым тезірек жетеміз.

Қазақстан азаматтарының жақсы өмір сүргенін қалаймын. Мұны халқымыз түгел қолдайтыны маңызды.
І. ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ

Біз «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы негізінде саяси жүйені жаңғыртуды жалғастырамыз.

Тек ұлт игілігі үшін жұмыс істейтін, ішкі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу мен мемлекеттің сыртқы мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік аппарат құрамыз.

Мемлекеттік қызметшілер өз жұмысын ел мен халықтың шынайы мүдде-мұқтажына бағдарлайды. Имидждік жобалар мен ретсіз шешімдердің орнына жүйелі жұмыс атқарылады. Кең қоғамдық бақылау, ашық диалог, азаматтың пікірін міндетті түрде есепке алу мемлекеттік басқару мен шешім қабылдау үдерісінің ажырамас бөлігіне айналады.

Әділетті Қазақстан, ең алдымен, адал сот төрелігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресті және полицияның тиімді жұмысын білдіреді. Осы салалардағы реформалар құқықтың шынайы үстемдігін қамтамасыз етеді, барлық азаматтың құқығы сақталуына кепілдік береді.

Мемлекет әлеуметтік-экономикалық реформаларға қажетті қоғамдық қауіпсіздіктің негізі ретінде заң мен тәртіпті қамтамасыз етеді.

Алдағы жеті жылдағы маңызды міндетіміз әскерімізді жаңғырту болмақ. Біз оны заманауи қару-жарақпен және күшті әлеуметтік ынталандыру шараларымен қамтамасыз етеміз. Әскери білім беру жүйесі мен басқару әдістемесін жетілдіреміз әрі жемісті халықаралық өзара іс-қимылды жолға қоямыз.

Халықаралық аренада мемлекеттің ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған теңгерімді, сындарлы дипломатия жүзеге асырылады.

1. Саяси жаңғыру

Саяси қайта құру биліктің барлық тармағының оңтайлы теңгерімі сақталған тұрақты мемлекет базасын қалыптастыруға бағытталады.

Конституциялық реформа Қазақстанның жаңа саяси моделінің саяси-құқықтық негізін қалады.

Еліміздің саяси жаңғыруы – кері қайтпайтын үдеріс.

Біздің стратегиялық мақсатымыз – халық пен биліктің ұйысқан түрдегі ұстанымы бойынша шешім шығаратын әділетті мемлекет құру.

Бір рет жеті жылдық мерзімге сайланатын Президент барлық қоғамдық-саяси күштен бірдей арақашықтық сақтайтын болады.

Конституциялық сот азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтаудың сенімді кепілі болады.

Жаңа саяси модельде үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, саяси партиялар, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, мүлік иелері бірлестігі мен кәсіподақтар сынды азаматтық қоғам институттары маңызды рөл атқарады.

Ауыл және аудан әкімін, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарын тікелей сайлау, облыс әкімін баламалы негізде тағайындау, Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттар депутаттарын аралас жүйе бойынша сайлау – осының бәрі азаматтың мемлекеттік негізгі институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз етеді.

 Осы мақсатта:

Біз тиімді мемлекеттік модель құруға бағытталған саяси реформаларды жүзеге асыруды жүйелейміз.
Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын Конституциялық сот, Адам құқығы жөніндегі уәкіл, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл сынды жаңа институттардың жұмысын күшейтеміз;
Партиялық тізімдер мен бір мандатты округтер бойынша жаңа сайлау жүйесі негізінде жүзеге асатын Парламент пен мәслихаттардың әділ қалыптасуын қамтамасыз етеміз.
Партиялар арасындағы пікірталастың және қоғамдық талқылаудың өркениетті түрде өтуіне, шынайы саяси бәсеке дәстүрін орнықтыруға, сайлаудың озық мәдениетін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасаймыз.
Ұлттық құрылтай мен қоғамдық кеңестердің азаматтық қоғамды дамыту ісіндегі рөлін күшейтеміз.
Қалалар мен аудан әкімдерін тікелей сайлау арқылы жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырамыз.
 2. Тиімді мемлекеттік аппарат

Барлық мемлекеттік стратегия, үкіметтік және аймақтық бағдарламалар, салалық жоспарлар мен нақты шешімдер азамат өмірін жақсартуы керек.

Бұл – тиімді әрі технологиялық, прагматикалық әрі оңтайлы негізде жұмыс істейтін мемлекеттік аппараттың басты және негізгі міндеті.

Мемлекеттік қызметке іріктеу үміткердің жоғары кәсіби және моральдық қасиеттері негізінде жүргізіледі, ал мансаптық ілгерілеу тек меритократия қағидаттарына сай жүзеге асырылады.

Басшының жеке басына деген адалдық, халық пен мемлекетке деген адалдыққа біржолата орын беруі керек.

Осы мақсатта:

Мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттырамыз.
Жастар президенттік кадрлық резервінің тәжірибесін жалғастырамыз, еліміздегі барлық кәсіби, білікті және отаншыл азаматтың мемлекеттік қызметке келуіне мүмкіндік береміз;
Мемлекеттің өз азаматтарымен және бизнеспен қашықтан өзара іс-қимылына арналған цифрлық инфрақұрылым құрамыз.
«Халық қатысатын бюджет» жобасын аудандық маңызы бар қала мен ауыл деңгейіне дейін кеңейтеміз.
3. Әділ және тәуелсіз сот 

Қоғам мен бизнестің басты талабы – сот төрелігінің объективті және тәуелсіз жүзеге асырылуына кепілдік беру.

Барлық азаматтың заң алдындағы теңдігі ғана құқықтық әділетті мемлекет құруға деген сенімді нығайтады.

Бұл үшін жоғары кәсіби, адал, ымыраға келмейтін судьялар корпусы қажет.

Осы мақсатта:

Біз барлық судья мәртебесінің тең болуын қамтамасыз етеміз.
Азаматтарды қудалаудан бас тартуымыз керек, сондай-ақ қылмыстық қудалауға тап болған азаматтың құқықтарын қорғауды күшейтеміз.
Біз сот төрелігін жүзеге асыруда бірізділік орнату үшін зияткерлік жүйе енгіземіз.
Апелляция институтын реформалаймыз.
Алқабилер соты қарайтын істер санатын кеңейтеміз.
Сот қазысына әрбір жойылған сот актісін тексеру құқығын береміз.
Бас бостандығынан айырудың балама жазасын қолдануды кеңейтеміз.
Қазіргі заманғы технологиялар мен медиацияны пайдалана отырып, тиімді азаматтық сот ісін жүргізуді жолға қоямыз.
Біз сотқа дейінгі іс жүргізу жүйесін күшейтеміз және айыптау мен қорғау тараптары арасындағы нақты бәсекелестікті қамтамасыз етеміз.
 4. Азаматтар құқығын қорғау

Азаматтардың құқықтарын қорғау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау қызметінің негізгі басымдығына айналады.

Бизнестің ісіне орынсыз араласу фактілері, сол сияқты лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдаланудың басқа да формалары біржола келмеске кету керек.

Ол үшін жақын арада қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу заңнамасына ревизия жүргізіледі.

Азаматтарды қылмыстық процеске мейлінше аз тарта отырып, барлық рәсімді шындықты толық ашу тұрғысынан оңтайландыру қажет.

Жауапкершілікті белгілейтін заңдар, ең алдымен, әділ болуы керек, сондықтан құқықбұзушылық жасағаны үшін белгіленетін санкциялар жүйесі де өзгереді.

Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарды қолдану аясы кеңейтілетін болады.

Құқыққорғау органдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі қылмысы, алаяқтық, қаржы пирамидалары сияқты отандастарымыз ең көп зардап шегетін қылмыстарға назар аударуы керек.

«Ақжағалылар» қылмыстарымен күрес саласында сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою басты басымдық болып қала береді.

Сондай-ақ, қылмысты тіркеуден гөрі, тиімді түрде оның алдын алуға баса назар аудару қажет.

Осы мақсатта:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті жалғастыра береміз.
ХХІ ғасырдың кәсіби, сервистік Қазақстан полициясын құрамыз.
Азаптау мен адамның қадір-қасиетін төмендететін және азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін тергеудің басқа да рұқсат етілмеген әдістерінің алдын алу үшін шаралар қолданамыз;
Есірткімен, әсіресе синтетикалық препараттармен күресудің тиімділігін арттырамыз;
Азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына прокурорлық қадағалауды күшейтеміз.
Азаматтардың құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шешімдер әзірлеуге қатысуын кеңейтеміз.
Заң жауапкершілігін одан әрі күшейтуді қоса алғанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша неғұрлым тиімді шаралар кешенін қабылдаймыз.
 5. Ел қауіпсіздігі

Еліміздің тәуелсіздігін, тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық азаматтың қасиетті борышы, Қарулы Күштеріміз бен сыртқы саясатымыздың басты міндеті.

Біз әскерімізді жаңғыртуды және әскери қызмет жағдайын жақсартуды жалғастырамыз.

Аумақтық қорғанысты нығайту мен әскери білім беру сапасын арттыру шараларын қабылдаймыз.

Әскери қызметкер Қазақстан патриотизмінің және болашаққа деген сенімділіктің жарқын үлгісі болады.

Осы мақсатта:

Біз ұлттық мүддені мүлтіксіз қорғауға, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін дамытуға бағытталған теңгерімді сыртқы саясат жүргізетін боламыз;
Қазақстанның БҰҰ аясындағы халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға қосатын үлесін арттырамыз;
Еліміздің әскери қауіпсіздігіне қауіп төндіретін сын-тегеурінге сай әрекет ете алатын озық қару-жарақ, басқару жүйесімен жабдықталған жоғары технологиялық және ұтқыр әскер құруды жалғастырамыз;
Қазіргі заманғы технологиялар трансферті мен өндірістің жоғары шоғырлануын ескере отырып, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша шаралар қабылдаймыз.
Әскери білім беру жүйесін жетілдіреміз, оны кәсіби әскери кадр даярлауға бағыттаймыз, сондай-ақ әскери ғылымның деңгейін көтереміз.
Әскери қызметтің беделін, әскери қызметші мәртебесін, Қазақстан армиясының абыройын арттырамыз.
Жастарды Қазақстан халқына адалдық рухындағы патриоттыққа, Отанды қорғау әскери борышын бұлжытпай орындауға тәрбиелеудің жаңа тәсілін енгіземіз.
ІІ. ӘДІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА

Қазақстандағы олигополиялық капитализм әлеуметтік теңсіздік пен ішкі нарықтың теңгерімсіздігін тудырды. Компаниялардың кейбірі тіпті ауыр дағдарыста да көп табыс тапты.

Монополистер қызметін адал атқармай, азаматтардың нақты табысының өсуіне кедергі келтіріп, оларға «кедейлік қамытын» кигізді және орта таптың нығаюына жол бермеді.

Біз экономиканың даму моделін түбегейлі өзгертеміз.

Экономика монополиясызданады, ал мемлекет бизнес саласына араласуын айтарлықтай азайтады.

Адал бизнес бюрократиялық қысымға ұшырамайды. Біздің барлық күш-жігеріміз кәсіпкерлікті ынталандыруға және қорғауға бағытталады.

Құнды активтерді жекешелендіру ісі қатаң бақылауда болады, оны шағын топтың иеленіп кетуіне жол бермейміз.

Заңсыз алынып шетел асырылған активтерді елге қайтару жұмысын жандандырамыз. Оның игілігін бүкіл халқымыз көретін болады.

Елімізде ұлттың әл-ауқатын қамтамасыз ететін ресурстар жеткілікті.

Қазіргі кезде азаматтардың табысы экономикалық әлеуетімізбен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұл ахуал, негізінен, Қазақстанда шикізатты ауқымды өңдеу ісінің жолға қойылмауына байланысты қалыптасты. Сондықтан дайын өнім шығару үшін бизнеске қолжетімді шикізат жеткізуді қамтамасыз етеміз.

Әділетті Қазақстанда заң талаптарын сақтайтын кез келген шағын, орта және ірі бизнеске лайықты жағдай жасалады.

Экономиканың барлық саласында тұрақты жұмыс орындары ашылады. Барлық өңірді кешенді дамытуға ерекше назар аударылады.

6. Мемлекеттің әділетті және айқын экономикалық саясаты

Мемлекет салық, бюджет, ақша-несие және тарифтік саясатты теңгерімді әрі ашық жүргізеді.

Салық саясаты шикізаттық емес экспортты және ішкі өндірістер құруды ынталандырады. Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылатын болады. Ұлттық қордың толығуы мен жұмсалуына бақылау күшейтіледі. Осылайша, біз өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етеміз.

Бәсекеге қабілетті бизнестің дамуына кедергі келтіретін нәрсенің бәрі жойылады. Бұл етек жайып кеткен мемлекеттік монополияларға да, көлеңкелі экономикаға да қатысты. Мемлекет жеке бизнес жұмыс істеуге дайын емес салаларға ғана белсенді қатысады.

Еңбек кірісінің өсуі мен инфляцияны тежеу есебінен азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылданады.

Экономикалық саясаттың тиімділігі ІЖӨ-нің өсуі бойынша ғана емес, ең алдымен сапалы жұмыс орындарын құру, азаматтардың нақты табысын ұлғайту, білім деңгейін арттыру, қоғамды денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша бағаланады.

Азаматтардың адал өнімді еңбегі құрметтеледі, қорғалады және оған лайықты еңбекақы төленеді. Қызметкерлердің мансаптық болашағы мен табысы олардың кәсібилігіне, жауапкершілігі мен әбжілдігіне байланысты болуы керек.

Біз жұмысшы құқықтары мемлекеттің қатаң қадағалауымен және күшті кәсіподақтармен қамтамасыз етілетін бәсекеге қабілетті және қауіпсіз еңбек ортасын құрамыз.

Мемлекет заңға бағынатын кәсіпкерлерді негізсіз әкімшілік қысымнан және тексеруші құрылымдардың себепсіз араласуынан қорғайды.

Елдің өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны күшейеді. Ел ішінде тиімді индустриялық тізбек құру жұмысы қолға алынады. Мұнда бірте-бірте неғұрлым терең өңделген өнімдер шығарылады.

Өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жаңғырту жүргізіледі.

Біз индустрияның базалық салаларын күшейтеміз. Табиғи байлықтарымызды: мұнай, газ, минералдарды барлау мен өндіруге тың серпін береміз. Өнеркәсіптің жаңа секторларын және жоғары бөліністі өнімдерді кезең-кезеңімен құруға көшеміз.

Жаңа өндірістерді инфрақұрылымдық тұрғыдан қолдау ұлғая береді. Химия өнеркәсібін дамытуды жалғастырамыз.

Мемлекет озық технологиялары бар ірі инвесторларды тарта отырып, ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын бастауға қабілетті жаңа «ойын ережелерін» қалыптастырады. Бұл ретте жергілікті қамту мен технологиялар трансфертін барынша қамтамасыз етеміз.

Осы мақсатта:

Қорды сапалы басқаруды, оның сақталуын және лайықты инвестициялық табысты қамтамасыз ете отырып, Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға дейін ұлғайтамыз.
Көлеңкелі экономика деңгейін ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішіне ІЖӨ-нің 15%-ына дейін төмендетеміз.
Мемлекеттің экономикадағы қатысуын 2025 жылға қарай 14%-ға дейін қысқартамыз.
Кем дегенде 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартамыз.
Экономиканы монополиясыздандыруды жалғастырамыз, монополистерді бақылауды және бәсекелестікті қорғауды күшейтеміз.
Біз салық жинау ісінің әділ, ашық, айқын болуын қамтамасыз ету үшін жаңа Салық кодексін қабылдаймыз.
Біз қымбат тауарларға жоғары салық мөлшерлемесін енгіземіз.
Мемлекеттік қолдау шараларына ие болу кезінде бизнестің көлденең міндеттемелерін белгілеу арқылы қызметкерлердің жалақысын көтеруді ынталандырамыз.
Кәсіпорын кірісін өндіріс персоналы еңбекақы қорын ұлғайтуға бөлінген қаражат көлемінде салықтан босатуды қарастырамыз.
2025 жылдан бастап инфляция деңгейіне байланысты ең төменгі жалақыны көтеру механизмін енгіземіз.
Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санының 4,7 миллион адамға дейін өсуін қамтамасыз етеміз.
Біз ішкі еңбек нарығын, еліміздің азаматтары саналатын еңбеккерлердің мүддесін қорғаймыз.
3,3 миллион азаматқа, оның ішінде 2,3 миллион жасқа жұмыс береміз.
Жалдамалы еңбектің қашықтан жұмыс, икемді жұмыс уақыты, толық емес жұмыс күні, фрилансинг сынды жаңа нысандарын дамыту үшін еңбек заңнамасын ырықтандырамыз.
Біз «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдаймыз. Онда сатып алынатын тауардың, жұмыстар мен қызметтің ең төменгі бағасынан сапа басымдығы, сондай-ақ жергілікті қамту басымдығы белгіленеді.
Дайын өнім өндіру үшін ішкі нарыққа негізгі материалдарды әлемдік бағадан жеңілдікпен жеткізуді қамтамасыз етеміз.
Шетелдік серіктестермен бірлесе отырып, ірі мұнай жобаларын дамытудың жаңа ұзақ мерзімді жоспарын әзірлейміз.
7. Бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы және орнықты ауыл 

Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз.

Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз.

Аграрлық сектордағы монополиясыздандыру ашық құқықтық рәсім, салықтық ынталандыру және технологияларды енгізу жұмыстарымен қатар жүруге тиіс.

Су үнемдейтін тиімді технология енгізіп, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру керек.

Мемлекет ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру үшін ауқымды жобаны іске асырады. Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыламыз.

Осы мақсатта:

Ауылды жедел дамытуға басымдық береміз.
Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлейміз.
1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтитын ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 трлн теңге бөлеміз.
Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, шағын несие алу және ірі қаладағы өткізу нарығына қол жеткізу үшін жеңілдіктер береміз;
Кооперативтік кәсіпкерлікке барлық жеке қосалқы шаруашылықтың жартысын тартамыз, нәтижесінде ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орны пайда болады.
Суару алаңын екі есе арттырып, оны кемінде 2,2 млн гектарға дейін жеткіземіз.
3,5 мың шақырым суару каналдарын қайта жөндейміз.
4 текше шақырым суды жинақтауға мүмкіндік беретін жаңа 25 су қоймасын саламыз, қолданыстағы 16 су қоймасын жөндеуден өткіземіз.
8. Ашық көлік дәліздері және логистика

Қазақстан экономикасы көлік дәліздерін кеңейтуді қажет етеді. Бұрыннан бар жаһандық тауар жеткізу жүйесінің бұзылуы біздің болашақ транзиттік мүмкіндігімізді күшейтті.

Біз жаңа сапалы жолдар, қоймалар салып, айлақтардың әлеуетін арттыруымыз керек, саланы локомотивтермен, жүк көлігімен, контейнерлермен қамтамасыз етуіміз қажет.

Мемлекет транзиттік дәліздердің жүк айналымы мен өткізу қабілетін арттырады. Сол арқылы ел экономикасына мол инвестиция тартуға тың серпін береміз.

Осы мақсатта:

Транзиттік және экспорттық мүмкіндікті әртараптандыру үшін Транскаспий халықаралық бағытын негізгі байланыстырушы буынға айналдырамыз.
Теңіз порттары мен флотты нығайтамыз, Каспий теңізінде заманауи контейнерлік хаб құрамыз.
Ресей, Қытай, Орталық Азия және Каспий өңірі елдерімен шекара маңында сауда-экономикалық орталықтар желісін ашамыз.
Отандық өндіруші мен экспорттаушыға бірдей қолжетімді, транзиттік тасымал үшін бірыңғай цифрлық жасыл дәліз құрамыз.
Ұшақ билетінің бағасын төмендету үшін әуе нарығында нақты бәсекелестік құрамыз.
11 мың шақырым теміржолды жөндейміз.
«Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтарал» теміржол желісін, Алматының айналма тармағын, Қытаймен «Бақты» теміржол өткелін іске қосамыз.
 9. Сенімді энергетика

Қолжетімді әрі тұрақты энергетика секторы – индустриялық өсудің негізі.

Біз тәуелсіз энергетикалық жүйе құруды жалғастырамыз. Ол халықтың тұрмыстық қажеттілігі мен өнеркәсіптің сұранысын толық қамтамасыз ететін болады.

Көмірсутегі өндірісін дамытып, өңірлерді газдандыруды жалғастырамыз.

Жасыл технологияларға баса назар аудара отырып, баламалы энергия көздерін де дамытамыз.

Осы мақсатта:

Өңдеу көлемін жылына 21 миллион тоннаға дейін ұлғайту арқылы ішкі нарықты мұнай өнімі түрлерімен қамтамасыз етеміз.

Мұнай өндіру өсіміне қарай көмірсутегі шикізатын экспорттау дәліздерін әртараптандырамыз.

Тауарлық газ ресурсын 30 млрд текше метрге дейін ұлғайту үшін жаңа газ өңдеу қуаттарын саламыз.

Елдегі газдандыруды 60 пайыздық деңгейге жеткіземіз.

3,7 Гвт электртүрлендіретін қуат пен жылу электрорталықтарын жаңғыртамыз және саламыз.

Жаңартылатын энергия өндірісінің көлемін 1,5 есеге арттырамыз.

Еліміздің энергия жүйесін сақиналайтын электр беру желісінің құрылысын аяқтаймыз.

10. Қуатты аймақтар мен дамыған инфрақұрылым     

Әділетті өңірлік саясат – адамдардың үлкен қалада да, шағын ауылда да жайлы өмір сүруі деген сөз.

Әрбір отбасы таза ауыз суға, сапалы жолдарға, жылдам интернет пен тұрақты ұялы байланысқа қол жеткізетін болады.

Мемлекет жаңа тұрғын үйлер салады, барлық өңірдегі жергілікті инфрақұрылым мен инженерлік коммуникацияларды жаңартады. Біз сапалы жұмыс орнын қамтамасыз етеміз, әр азаматтың өзін дамытуына тең мүмкіндік жасаймыз.

Мұның бәрі өңірлерді тұрғындар мен инвестициялар үшін тартымды етеді.

Осы мақсатта:

7 жылдың ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй саламыз.

Үлестік қатысуы бар проблемалы үйлер құрылысын аяқтаймыз.

40 мыңға жуық апатты және тозған тұрғын үй иесін жаңа үймен қамтамасыз етеміз.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелендіруді жалғастырамыз.

Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын инженерлік коммуникациялармен жабдықтауды белсенді жүргіземіз.

Елді мекендердің 100%-ын сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етеміз.

Ыстық сумен жабдықтау және сутарту желілерінің тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендетеміз.

Республикалық маңызы бар 8 мың шақырым және облыстық, аудандық маңызы бар 14 мың шақырым автожолдың сапалы салынуы мен жөнделуін қамтамасыз етеміз.

Барлық республикалық және негізгі облыстық автожолдарды сапалы ұялы және интернет-байланыспен қамтимыз.

 11. Озық қолданбалы ғылым 

Мемлекет базалық өндірістен күрделі өндіріске және жоғары технологиялық тауарларды шығаруға көшудің технологиялық тұғырнамасын жасамақ.

Ол үшін ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін жаңа өндіріс технологияларына бағытталатын болады.

Біздің ғалымдардың күш-жігері жол құрылысын жақсарту, ауыл шаруашылығын жаңғырту, өнеркәсіптің тиімділігін арттыру сияқты практикалық мәселелерді шешуге жұмылдырылады.

Бұл жұмысты мемлекет, ғылым және бизнестің тығыз ықпалдастығы арқылы жүзеге асырамыз.

Осы мақсатта:

Қолданбалы ғылымды, оның ішінде ірі бизнестің ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржыландыруын кезең-кезеңмен арттырамыз;
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялау, атап айтқанда, гранттар бөлу үшін жағдай жасаймыз;
Жетекші жоғары оқу орны мен ірі кәсіпорынның жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар құрамыз;
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдаймыз.
12. Жаңа цифрлық мүмкіндіктер

Цифрландыру тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады және азаматтардың мүмкіндіктері бірдей болуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызметтер мен жеке сервистегі IT-шешімдер еліміздегі әлеуметтік қатынастарды өзгертіп жіберді.

Біз өмірдің барлық саласына цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыра береміз.

Азаматтар сапалы цифрлық қызметтерге қол жеткізе алады. Ұялы байланыстың бесінші буыны (5G) барлық облыс пен аудан орталығында пайда болады.

Азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін оны жинау және сақтау, сондай-ақ жіктеу бойынша үздік әлемдік стандарттар енгізу есебінен күшейтеміз.

Жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шынайылық, цифрлық активтер мен блокчейн технологияларының таралуына жан-жақты жәрдемдесетін боламыз.

Осы мақсатта:

Қалалар мен аудан орталықтарын кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етеміз.
Біз қуатты деректер орталықтарын салып, трансшекаралық талшықты-оптикалық күрежол жүргізбекпіз және цифрлық аймақтық хаб болу үшін IT компаниялардың халықаралық «ойыншыларын» тартуға қажетті заңнамаға ерекше назар аударамыз.
Біз IT-компанияларда кем дегенде 150 мың жаңа жұмыс орнын ашамыз.
Біз цифрлық технологиялардың экономикаға қосқан үлесін ІЖӨ-нің 1 пайызына дейін жеткіземіз.
III. ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ

Әділетті әлеуметтік саясат жүргізу – Әділетті Қазақстан құрудың базалық алғышарты.

Азаматтың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты. Әлеуметтік бюджетіміз өсіп келеді. Бұл – балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге, атаулы көмекке бөлінетін триллиондаған теңге.

Қаражат сомасынан гөрі әрбір мұқтаж адамның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі маңыздырақ екенін естен шығармауымыз керек.

Ұзақ уақыт бойы елімізде әлеуметтік шығын мәжбүрлі шара ретінде қарастырылып келді. Мұндай көзқарасты түбегейлі өзгертеміз.

Бұдан былай әлеуметтік төлемдер адам капиталына салынатын тікелей инвестиция болып есептеледі. Мемлекеттің азаматтарға жұмсайтын барлық күш-жігері және қаржысы тұрақты әлеуметтік дамуға, экономиканы өркендетуге негіз болады.

Біз балаларымызға барынша жайлы оқу жағдайын жасаймыз – оларды заманауи әрі қауіпсіз балабақшамен, мектеппен, тегін тамақпен, қосымша біліммен, жылдам интернетпен қамтамасыз етеміз.

Оқушы орны мен студенттік жатақхана тапшылығын жоямыз, білім беру жүйесінде цифрлық орта қалыптастырамыз.

Колледждер мен жоғары оқу орындары еліміз бен әлемде сұранысқа ие кәсіби маман дайындайтын болады.

Азаматтардың сапалы медициналық қызметке қолжетімдігі арта түседі.

Біз мемлекет пен бизнес мүмкіндігін біріктіре отырып, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртумен айналысамыз. Бұл ұлт денсаулығын жақсартуға, адам өмірі ұзақтығын арттыруға мүмкіндік тудырады.

Әлеуметтік мемлекеттік бағдарламалар еңбек нарығы мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Біз әлеуметтік төлем көлемін ұлғайтып, халықтың мұқтаж топтарын қолдаудың жаңа құралын енгіземіз, жаңа білім мен өнімді еңбек арқылы әр азаматтың басты қажеттілігін қамтамасыз етуге және өмірін жақсартуға көмектесеміз.

13. Қолжетімді  және сапалы білім 

Елімізде 6,5 миллион бала бар. Олардың бәріне тұрған жеріне және қай тілде оқитынына қарамастан, іргелі білім, цифрлық технология, жайлы білім инфрақұрылымы тең дәрежеде қолжетімді болуға тиіс.

Әділетті Қазақстанды құрудың негізінде ағартушылық құндылықтар жатыр.

Талантты, білімді, отансүйгіш ұрпақ неғұрлым көп болса, әл-ауқатымыз соғұрлым тез артады. Бұл істе педагогтеріміздің рөлі зор.

Біз мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін арттыруды, шығармашылық жұмысына қолайлы жағдай жасауды және оларды артық міндеттерден босатуды жалғастырамыз.

Мәртебелі мұғалім атағы бедел мен даналықтың тұрақты синониміне айналады.

Осы мақсатта:

2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар сапалы мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамтамасыз етіледі.
«Балаға берілетін ақша» қағидатын іске асыруға мүмкіндік туғызатын мемлекеттік балабақшаларда орын бөлудің бірыңғай және ыңғайлы ақпараттық жүйесі құрылады.
Әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балалары балабақшада тегін тамақтанады және барлық бастауыш сынып оқушы-
лары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Шамадан тыс жүктемесі бар сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысымды білім беру мәселесін түпкілікті шешу үшін оқуға қолайлы жағдайы бар 1,5 млн оқушы орны енгізіледі.
Жыл сайын шағын қала, аудан орталығы мен ауылдағы кемінде мыңнан астам мектеп заман талабына сай жаңартылатын болады.
Роботтехника, химия, биология және физика пәндеріне арналған кемінде 7000 заманауи кабинет ашылады.
Пән оқытудың инновациялық әдістері енгізіледі, қажетті оқу материалдары цифрлық форматқа ауыстырылады.
Оқушылар оқу материалдарына лезде қол жеткізетін, билет алу, төлем құралына айналатын, ауыр арқақоржынды алмастыратын сәйкестендіру карталарына ие болады.
Компьютері жоқ балаларға арналған жалға беру бағдарламасы іске қосылады, ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушылар компьютерлерді ақысыз жалға алады.
Білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Барлық колледж, мектеп мен балабақшалар тиісті түрде жабдықталады.
Балаларға арналған 50 сауықтыру лагері ашылады, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін оқушылар сарайы, жас техник бекеттері, балалар технопаркі, музыка және өнер мектептері сынды кемінде 100 жаңа ірі нысан салынады.
Әрбір тілек білдірген балаға спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге тегін қатысуға мүмкіндік беріледі.
Студенттердің шәкіртақы мөлшері 2 есеге ұлғайтылады;
Барлық студент әлемдік цифрлық кітапханаларға тегін қол жеткізетін болады.
Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі шешіледі.
 14. Заманауи медицина 

Медицина саласының негізгі міндеті – өмір сүру ұзақтығын арттыру, азаматтарымыздың денсаулығын жақсарту.

Ол үшін кәсіби білікті кадр даярлау ісі мен профилактикалық жұмыс күшейтіледі, ауыл медицинасы қалпына келтіріледі. Әрбір қала, аудан орталығы, ірі ауылдарда сапалы медициналық көмек көрсетілетін болады. Бұл – Әділетті Қазақстанның маңызды басымдығының бірі.

Азаматтарымыз шетелдік клиникаларға амалсыз барып емделіп жүрген медицина түрлеріне ерекше назар аударылады. Импорталмастыру мен Қазақстанда медициналық туризмді дамыту денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің басты міндетіне айналады.

Осы саланы дамытудың тұрақты моделі құрылып, 2027 жылы оны қаржыландыру деңгейі ішкі жалпы өнімнің 5 пайызынан кем болмайды.

Дәрігерлік кәсіптің мәртебесі мен беделі арта түседі.

Ішкі нарықты қолжетімді әрі сапалы отандық, шетелдік дәрі-дәрмекпен толтыру өз алдына үлкен міндет болмақ. Отандық фармацевтика өнімдеріміз бәсекеге қабілетті әрі халықаралық стандартқа сай болуға тиіс.

Осы мақсатта:

Саламатты өмір салтын насихаттауды күшейтіп, халықтың денсаулық мәселесі туралы сауатын арттырамыз.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің сапасын жақсартамыз.
Дәрігер мамандығының мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекітеміз және медицина қызметкерлерін қорғау мен қолдаудың тиімді тетіктерін енгіземіз.
Тұрғындарды профилактикалық, оның ішінде онкологиялық және жұқпалы емес аурулар бойынша тексеруді кеңейтеміз.
Жаңа құрылғылармен жабдықталған, білікті медицина қызметкерлері бар заманауи перзентхана орталықтарының желісін құрамыз.
Балалар онкологиясы мен гематологиясы ұлттық орталығын ашамыз.
Онкологиялық қызметті кешенді түрде жаңғыртамыз.
Уақтылы көмек көрсету үшін бірыңғай консультативтік инсульт орталығын іске қосамыз.
Ішкі нарықтағы отандық дәрілік зат өндірісінің үлесін 50 пайызға дейін ұлғайтамыз.
Ауылдық жерде жаңа жабдықпен жарақталған, білікті медицина қызметкерінен жасақталған 700 жаңа медициналық нысан ашамыз.
Төрт миллионнан астам ауыл тұрғынын (қалалық және облыстық ауруханалар деңгейінде) қосымша мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтимыз.
Телемедицина арқылы орналасқан жері бойынша медициналық қызметке қолжетімділікті арттырамыз.
Цифрландыру арқылы дәрігерлер есептілігіндегі қағазбастылықты азайтамыз, денсаулығы туралы ақпараттың әр азаматқа толық қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз.
Азаматтарға «Электрондық үкімет» порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы дәрілік заттар алу
рецептілеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеміз.
 15. Әлеуметтік қорғау       

Біздің барлық әлеуметтік шығындарымыз – ұлттың әлеуетін дамытуға салынған инвестиция.

Сондықтан біз азаматтарымыздың өмірлік қиындықты жеңуіне көмектесеміз, сонымен бірге олардың еңбектенуге, өз әл-ауқатын арттыруға деген ұмтылысын ынталандыратын боламыз.

Ең алдымен, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттің ерекше қамқорлығында болады.

Біз азаматтың өмірін жақсартуға, білім беру жүйесін, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бар күшімізді саламыз. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы жұмыс орындары ашылады.

Азаматтарға әлеуметтік кепілдік берудің барлық тәсілдері Әлеуметтік кодексте бекітілетін болады.

Осы мақсатта:

2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа толғанға дейін баланың жинақтаушы шотына аудара отырып, «Ұлттық қор – балаларға» жалпыхалықтық бастамасын іске қосамыз.
«Самұрық-Қазына» қоры таза табысының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына жыл сайын аударуды қамтамасыз етеміз.
Уақытша жұмыссыз азаматтарды қолдау жүйесін күшейтеміз.
2023 жылдан бастап жұмысынан айырылғаны үшін берілетін әлеуметтік төлем мөлшерін табыстың 45 пайызына дейін ұлғайтамыз.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша әлеуметтік жобаларды «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырамыз.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды туғаннан бастап жеке қолдаумен қамтамасыз етеміз.
Ерекше қажеттілігі бар барлық азаматқа Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызметті, тауарды, жеткізушіні, ұйымды және әлеуметтік қызметкерді таңдау мүмкіндігін ұсынамыз.
Бірінші топтағы мүгедек адамды күтетін отбасы мүшелеріне жалақы, әлеуметтік аударым төлеп, еңбек өтіліне қоса отырып, оларды жеке көмекші ретінде рәсімдеу мәселесін шешеміз.
Балалардың арнаулы мекемелерін балаларды қолдау орталығы ретінде қайта құрамыз.
Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алатын кәсіби отбасыларға балаларды орналастырудың баламалы нысанын енгіземіз.
Әр мекемеге бір жүгінбей, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта алу үшін адам өмірінің барлық бағытын қамтитын отбасының цифрлық картасын енгізуді аяқтаймыз. Ақпараттық жүйе мемлекеттік көмекті арнаулы түрде және әділ көрсетуге мүмкіндік береді.
Табысы төмен отбасынан шыққан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакеттегі көмекті азық-түліктен ақшалай түрге ауыстырамыз.
Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтамыз.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық қызметке жұмсалатын шығынның кемінде 30 пайызының өтемақы тетігін іске қосамыз.
Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылдаймыз.
16. Ортақ құндылықтар мен мәдениет

Мемлекетті халық құрады, ал халықты ортақ құндылықтар ұйыстырады.

Әділетті Қазақстанды айқындайтын басты құндылықтар – еліміздің тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы мен унитарлығы, бірлік, отаншылдық, еңбекқорлық, отбасылық құндылық, халқымыздың тарихы мен дәстүрі. Осы құндылықтарды нығайта отырып, біз елімізді ішкі және сыртқы сын-қатерден қорғаймыз, азаматтарымызды жарқын болашаққа бастаймыз.

Осы мақсатта:

Мемлекеттік тілдің одан әрі дамуын және күнделікті өмірдегі қолданысын ынталандыратын боламыз.
Тілдік негіздегі кемсітушіліктің кез келген түріне қатаң түрде қарсы тұрамыз.
«Бірлігіміз – әралуандықта» әмбебап қағидаты бойынша этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісімді нығайту саясатын жалғастырамыз.
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының нысандарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне ұсынамыз.
Қазақстанды халықаралық аренада бірегей ұлттық мәдениет пен бейбітшілік, төзімділік, келісім мен ізгілік елі ретінде ілгерілететін боламыз.
17. Жаңа буын

Жастар – қоғамдағы өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Жастарымыз бастамашыл, ел тағдырына белсене араласуға дайын.

Біз билік институттарының және дарынды, белсенді жаңа буын өкілдерінің өзара ықпалдасуы үшін барлық жағдай жасаймыз.

Ол үшін біз жастар саясатының тұжырымдамасын қайта қарастырамыз, яғни «Жастар үшін» қағидатынан «Жастармен бірге» қағидатына көшеміз.

Еліміздің барлық жас азаматының өз қабілетін толық жүзеге асыруы үшін әлеуметтік-экономикалық тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеміз.

Осы мақсатта:

Жастар саясаты туралы жаңа тұжырымдама мен заң қабылдаймыз.
Қоғамдық кеңестерде жастар квотасын енгіземіз.
Конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен несие беруді ұсынамыз.
Ерекше қажеттіліктері бар жас кәсіпкерлерге қосымша грант бөліп көмек көрсетеміз.
Креативті индустрияны дамытуды қолдаймыз.
Музыка, кино, театр, әдебиет, диджитал графика және т.б. бағыт бойынша жас таланттардың халықаралық фестивальдарын тұрақты түрде өткіземіз.
Жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын беретін боламыз.
Еріктілер қозғалысын күшейтеміз.
18. Экологиялық ойлау 

Азаматтардың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер ететін экология – мемлекеттік басымдықтар тізіміндегі өзекті мәселе.

Біз табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, қоршаған ортаны сақтауымыз керек. Қоршаған ортаны қорғаудың жаңа тәсілдерін енгізіп, таза технологияларды дамытуымыз қажет. Қоғамда экологиялық мәдениеттің деңгейін арттырамыз.

Экологиялық шығарындыларды азайтуға қол жеткіземіз және биоалуантүрлілікті сақтауға бар күшімізді саламыз.

Бұл аса маңызды жұмыс экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге ықпал етеді.

Осы мақсатта:

Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім берудің барлық деңгейінде экологиялық білім сапасын арттыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарастырамыз.
Елдің өнеркәсіптік кәсіпорындарында, бірінші кезекте – ірі кәсіпорында зиянды заттар эмиссиясын экологиялық бақылауды күшейту есебінен 20 пайызға азайтамыз.
Су ресурстарын ұтымды пайдалануға, қорғауға және тазартуға бағытталған жаңа Су кодексінің қабылдануын қамтамасыз етеміз.
Еліміздің су нысандарының экожүйесін бірінші кезекте оларды өнеркәсіптік кәсіпорындардың ластануынан қорғай отырып, сақтап қалуға күш саламыз.
Ормандар аумағын 14,5 миллион гектарға жеткіземіз.
Жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері санын қалпына келтіруге кірісеміз.
Барлық ірі қалада электрмобильдерге арналған қажетті инфрақұрылым қалыптастырамыз.
Құрметті отандастар!

Үш жарым жылда біз сан алуан кедергіге қарамастан өмірдің барлық саласындағы үлкен реформалар қиындығынан сүрінбей өттік.

Әрқайсыңызға атқарған жанкешті еңбегіңіз, белсенді отансүйгіштік, сындарлы азаматтық ұстанымыңыз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Біз ең ауыр сынақты – табиғи және техногендік апаттарды, өлімге әкеліп соғатын пандемия мен Қасіретті қаңтарды біртұтас ел болып бірігіп еңсердік.

Қазіргі кезде еліміз жаһандық нарық дағдарысы мен азық-түлік инфляциясын, халықаралық қақтығыстардың шиеленісуін тікелей не жанама түрде сезініп отыр.

Әділетті Қазақстанды құру – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – бәріміздің ортақ ісіміз. Біздің мұқият ойластырылған іс-қимыл жоспарымыз бар, барлық қажетті ресурс, ең бастысы, баға жетпес капитал – еліміздің жауапкершілігі мол азаматтары бар.

Мұндай тарихи өзгерістер ұлттың ұйысуын және әрқайсымыздың күш-жігерімізді қажет етеді.

Біз алдымызға барлық азамат өмірін жақсартатын прагматикалық мақсат қойып отырмыз. Бүкіл мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғамның күші мен тәжірибесі осы мақсаттарға жетуге бағытталмақ.

Алға қойған міндеттерді бірге шешеміз әрі жұмысымыздың нәтижесін – барлық азаматтың әл-ауқаты мен өмір сапасының айтарлықтай жақсаруын, экономиканың түбегейлі қайта құрылуын, саяси жүйенің жаңғыруын бірге көреміз.

Халықтың бірлігі мен ынтымағы – жоспарланған реформалардың табысты аяқталуының басты шарты.

Жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін жаңартпай, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырмайынша, еліміздің тұрақты және жан-жақты дамуы мүмкін емес.

Сондықтан да мәдени кодымыздың бір бөлігі – еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық, заңды құрметтеу мен тәртіп сақтау, популизм мен радикализмді, пайдаға табынушылық пен шектен тыс тұтынуды айыптау, адамгершілікке, ынтымақ пен өзара көмекке ұмтылу сияқты қасиеттер берік ұстанымымызға айналуға тиіс.

Осы құндылықтарды бекіту, оларды берік ұстану нағыз отансүйгіштіктің үлгісі болмақ.

Көк байрағымыз, көгілдір төлқұжатымыз бен мемлекеттік тіліміз жалпыазаматтық бірегейліктің шынайы нышаны ретінде қалыптасты. Олар тәуелсіз мемлекетіміздің түптамыры мен өзегін, ұлтымыздың бірлігі мен ынтымағын, Қазақстан Республикасының күші мен қуатын бейнелейді.

Қилы замандарда басына түскен қиындықты жеңген сайын халқымыздың парасаты мен қуаты еселене артып отыратын болған.

Осындай сыртқы және ішкі қатердің сан қилы күрделі кезеңінде біз барлық үмітіміз бен арманымызды шындыққа айналдыра алатынымызға сенімдімін.

Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір!

Әділетті Қазақстанды – мүмкіндіктер беретін және өркениетті елді бірге құрайық!