Алматыда 11 бала уланып қалды

225
Желіде  Алматы қаласында  бассейндерінің бірінде 11 бала уланды деген ақпарат пайда болды  - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.  

Aquastars желісінің бассейндерінің бірінде сабақ кезінде 11 бала хлор буынан уланған. Бұл жағдайға қатысты бассейн әкімшілігі түсініктеме берді.
"17 бала бассейнде шомылып жүргенде, мөлшерлеу-дезинфекциялау бекетіндегі ақаудың салдарынан құрамында хлор бар дезинфекциялаушы зат бөлінген. Бассейн қызметкерлері мұны бірден байқап, балалардың судан шығуына көмектесті. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды"- дейді мекеме басшылығы.

Әкімшіліктің дерегіне сүйенсек, мекемедегілер қазір зардап шеккен балалардың ата-аналарымен байланыс үзбей отыр. Сонымен қатар, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 11 балаға медициналық көмек қажет екенін хабарлады.


"Жедел жәрдем бригадасы тамақ қышу, түшкіру диагнозымен 11 баланы балалар шұғыл медициналық көмек орталығына жеткізді. Олар бассейнде өтіп жатқан сабақ кезінде хлор буынан уланды. Балалардың жасы 12-14 жас аралығында. Барлығының жағдайы тұрақты, ауруханадағы бейінді бөлімге жатқызылды. Алмалы ауданының санитарлық дәрігерлері бұл факті бойынша тергеу жүргізуде", – делінген ведомствоның түсініктемесінде.