Ақтауда жас суретшілерге арналған симпозиум шарасы өтті

549
Ақтау қаласында жас суретшілерге арналған симпозиум өтті. Іс-шараға арнайы Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан қылқалам шеберлері келіп, шеберлік сағатын өткізді - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Арнайы жоба аясында өңірдегі суретшілерге арналған отандық және шетелдік суретшілердің шеберлік сағаты, шетелдік сарапшылардың қатысуымен бейнелеу өнерін дамыту тақырыбы бойынша «Жеті әлем – жеті түс» тақырыбындағы симпозиум ұйымдастырылды. Шетелдік және облыс суретшілерінің этюд жазуы үшін Бозжыра шатқалында «Мың бояулы Маңғыстау» пленэрі өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Бозжыра шатқалын таңдауға Үстірттің бұл бөлігі әктастардан құралған шөлді ландшафтардан, биіктігі 250 метрге жететін таңбалы тастардан тұрады. Бұл аумақтан тасқа айналған ұлу қабыршақтарын, теңіз кірпісін, тіпті мезозой дәуіріндегі Тетис мұхитында өмір сүрген акуланың тісін де табуға болатыны себеп. Ежелгі мұхит орнында түзілген әктастар мен құздар Маңғыстаудың, жалпы алғанда Қазақстанның мақтан тұтар «жауһарына» айналған. Шатқалда палеолиттен бастап ерте орта ғасырға дейінгі кезеңге жататын археологиялық ескерткіштер шоғырланған. Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді. Аумағы 316 141 гектардан тұратын Жабайұшқан мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі саналады.

Жалпы, симпозиум екі күнге созылды. Алғашқы күні жас суретшілер мен шеберлер арасында еркін форматтағы сұрақ-жауап көптің көңілінен шықты. Одан әрі шет елдерден келген шеберлер суретшілік өнерінің дамуы туралы айтып, шеберлік сағатының шырайын кіргізді.

"Бұл симпозиумның мақсаты – өңірдегі суретшілердің біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасу. Сондай-ақ жастардың сурет өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Маңғыстау шалғайда орналасқан, яғни Алматы, Астана сияқты мәдени ошақтардан алыста. Бізге мұнда шеберлік сағаттарын өткізіп тұру маңызды. Өйткені суретшілеріміздің дамуы үшін, республикалық және халықаралық деңгейлерге жету үшін мұндай іс-шаралар көп болуы керек", – дейді ұйымдастырушылардың бірі Ақтау қалалық суретшілер одағының мүшесі Тынышбек Балтабаев.

Симпозиумның бірінші күні студияда өтсе, екінші күні Бозжыра шатқалында жалғасты. Онда суретшілер табиғатқа шығып, этюд салудың тың тәсілдерін меңгерді. Өңірдегі жас суретшілер шетелдік шеберлердің туындысына таңдай қақты.

"Өзбекстаннан осы симпозиумға арнайы шақырылған қонақпын. Келгендегі мақсатымыз – неше жылдық жинаған тәжірибемізбен бөлісіп, керек жерінде өзімізге де қажетті дүниелерді алу. Маңғыстауға келіп, картиналармен танысқан уақытта суретшілерінің үлкен әлеуеті бар екенін көрдім. Олардың әртүрлі түсті араластырып, жаңа рең алуы өте керемет. Бұл жерде Маңғыстаудың табиғаты да ерекше рөл ойнайды. Себебі мұнда сарғыш, қоңыр түстің өзінінің сан алуан түрі бар", – дейді Өзбекстаннан келген қонақ Шавкат Маматкаримов.

Симпозиумға қатысқан жас суретшілердің бірі Ақерке Сұлтанғалиға өзбек суретшісінің Бозжырада жазған этюді ұнаған. Түстің қанықтығы, колорит пен контрасты берудің жаңа қырын үйренген. Іс-шараның бірінші күні талқылаған мәселе де Ақеркенің ойын дөп басқан. Оның айтуынша, бейнелеу өнері өкілдеріне Үкімет тарапынан қолдау жоқ. Мемлекет деңгейінде байқаулар ұйымдастырылмайды. Облыс пен республика деңгейіндегі жарыс жайында оқытушылардан естімесе, әлеуметтік желі мен мессенджер үнсіз. Сондықтан ол қылқалам шеберлерін бағалау мен қолдау көрсету жолға қойылғанын қалайды.

«Іс-шарада Өзбекстан және Қырғызстан суретшілерімен жеке танысып, бірге сурет салу мүмкіндігі берілді. Өзімізге жаңа әлем ашқандай әсер алдық. Шыны керек, мұндай шаралар бізде жиі бола бермейді. Өте қалған жағдайда әр жас суретші барынша қатысуға тырысады. Себебі өзімізді жан-жақты дамытып, ойымызды қағаз бетіне дәл жеткізу үшін де көп еңбек ету қажет. Негізі, өңірде осындай шараны жиі ұйымдастырып жүрген «Өнер» және «Марта-арт» студиясына алғысымыз шексіз. Жас суретші ретінде ұлттық өнерді дамытуға үлес қосу жағы ойландырады. Білуімше, қаламызда өтіп жатқан шараның дені мемлекет қолдауымен өтеді. Бірақ суретшілер өздері талпынып сұрастырмаса, Қазақстанда өнер саласына көп көңіл бөлініп жатқан жоқ. Осы салада жүргендіктен мына бір қызық жағдайды бастан кешіреміз. Мысалы, колледж ішінде не іс-шарада жүрсек бейнелеу өнері бар әрі дамып жатқандай көрінеді. Ал оқу орны қабырғасынан шыға берсек, оның бәрі жоқтай көрінеді», – дейді Маңғыстау өнер колледжі Кескіндеу бөлімінің 3-курс студенті Аружан Мұратқызы.