Елордада республикалық айтыс жеңімпаздары анықталды

525
Астанада «Тәуелсіз елім – тірегім» атты Республикалық ақындар айтысы өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Сөз сайысына талай бәйгеде топ жарып, жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Төлеген Жаманов, Біржан Байтуов, Рүстем Ақылбеков бастаған 14 ақын қатысты.

Әділ қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, ақын Әсия Беркенова, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы мен «Хабар Агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәли болды.

«Менің көтерген мәселем Жаңа Қазақстанға байланысты болды. Елде бірқатар өзгеріс орын алды. Осы төңіректе негізгі айтпағым «көп дүниенің атына емес, затына мән берейік» деген тақырыпта өзекті болып тұрған Ұлытау, Жаңаарқа ауданындағы әлеуметтік мәселелерге назар аударайық, жаңғырайық деген ой болды. Өздеріңіз білетіндей, биыл ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы аталып өтіп жатыр. Алаш арысы, әдебиеттің атасы деп айтылғанымен, көсемнің саяси қайраткерлік қырын да көрсетуге тырыстым», – деді Ұлытау облысынан келген ақын Төлеген Жаманов.

Нәтижесінде бас жүлде – 3 миллион теңгені Мейірбек Сұлтанхан иеленді.

I орынды (2 млн теңге жүлде) Бекарыс Шойбеков, II орынды (1,5 млн теңге) Төлеген Жаманов, III орынды (1 млн теңге) Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртай, Нұрбол Жауынбай, Нұрмахан Жақыпбек жеңіп алды.