«Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті» атты халықаралық конференция өткізілді
396
Астанадағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназия жақында «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мектеп-гимназия директоры Данара Джумартованың бастамасымен өткізілген шара әлемдік деңгейдегі саяси тұлға және түркі халықтары азаттық қозғалысының көшбасшысы Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлғасына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, оның мағыналы өмірі мен сан салалы саяси қызметін жас ұрпаққа кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Түркиядан тарих ғылымының докторы, Мимар Синана көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара Zoom жүйесі арқылы қатысып, салмақты баяндама жасады. Көп жылғы уақытын Мұстафа Шоқай өмірін зерттеуге бағыттап келе жатқан ғалым ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған арыстарымызға, ұлы тұлғаларға тиісті баға берілмей келе жатқанын тілге тиек етті. Бұрынғы идеологиялық таным-түсініктен арылу қажет екенін, арыстарымызға саяси баға беруде тәуелсіздік мұратын басшылыққа алу керегін ортаға салды. Шоқайдың саяси күресінің басты мақсаты – Түркістандағы кеңес билігінің орнына тәуелсіз ұлттық басқару жүйесін орнықтыру болғанын нақты деректермен дәлелдеп берді.
Осы орайда Мұстафа Шоқайға қарсы кеңестік үгіт-насихат 1968 жылға дейін өте күшті ұйымдастырылғанын айтты. Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы Шоқайды шен-шекпен үшін елін сатқан адам ретінде көрсетті. Бұл кітап бірнеше тілге аударылып, көп тиражбен таратылған. Ғалым неміс нацистерімен Шоқайдың қатыстылығын анықтайтын бірде-бір құжат тіркелмегенін еске салды. Аталған кітапта шындыққа сәйкес келмейтін, көбіне ойдан шығарылған деректер кездеседі. 1942 жылы Мұстафа Шоқайды тірі болған деп көрсетеді. Ал Шоқай болса, 1941 жылы 27 желтоқсанда белгісіз жағдайда көз жұмған. «Кеңестер билігіне ашық қарсы күрескен Мұстафа өлімі де күдікті», – дейді ғалым. Ол Польшадағы Ченстохан лагерінен Парижге қайтып бара жатқанда жолай Берлинде бірден ауырып қайтыс болады. Мұны Кеңес үкіметі «жұқпалы ауру салдарынан қайтыс болды» десе, Шоқайдың зайыбы Мария мен өзге де жақын жолдастары әлдекімдер у беріп өлтірді деген уәж айтады...
Түркиялық ғалым Мұстафа Шоқай мен Алаш жетекшілері арасында елеулі көзқарас айырмашылығы болмағанын айтады. Тіпті, Мұстафа Шоқайды Алаш қозғалысының соңғы жетекшісі ретінде бағалауға болады деген тұжырым жасайды. Алаш туын шетелде көтерді деген байламға тоқтайды. Мұстафа Шоқайдың Еуропа елдерінде ұстанған басты екі мақсаты болған. Бірі – қазақ елінің азаттық алуы, екіншісі – біртұтас Түркістанды құру идеясы. Алаш көсемдері бастапқыда автономия құруды қызу жақтады. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне 1917 жылы қазан айында жазған мақаласында «Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. Автономия болу – өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халқының қараңғылығы һәм шебер адамының жоғы бізден он есе артық» деп жазған. Алайда уақыт өте келе Әлихан Бөкейхан көзқарасы жұмсара бастайды. «Алашорда өз алдына автономия жариялап болып, Түркістан автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіруге шешім қабылдайды» деген үлкен үмітін жаряилаған. Өкінішке қарай, бұл бірігу шарасы жүзеге аспай қалды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкір Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткер болып қалыптасуына ең алдымен оның өскен ортасы, отбасындағы тәрбиесі ықпал еткенін ортаға салды. 1933 жылы Мұстафа Шоқай «Ресейдегі түрік студенттері өмірінен» деп аталатын мақаласында «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси ойкөрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрация жасайтынбыз» деп жазған.
Алаштанушы ғалым, Ә.Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Елдос Тоқтарбай ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әдебиеттегі Түркістан мүддесі туралы айта келіп, Мұстафа Шоқай мұрасын тереңдете зерттеу қажеттігіне тоқталды. Конференцияда ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері, «Әлем» француз-қазақ қауымдастығының вице-президенті Майра Искакова, тарих ғылымының кандидаты, Қызылорда қаласындағы Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің директоры А. Мұсабаева, ақын Қазыбек Иса, Астана қаласындағы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исахан, халықаралық әдеби агент, Еуразиялық шығармашылық гильдиясы ақылдастар кеңесінің мүшесі Бақтыгүл Маханбетова, тележурналист, Мұстафа Шоқайдың ұрпағы Гүлбаршын Зайырова, №51 мектеп-гимназияның Мұстафа Шоқай атындағы музейінің жетекшісі Салтанат Сексембаева, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Роза Есенбаева Қорқыт ата университетінің «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының жетекшісі Сағат Тайман және басқа да мұстафатанушы ғалымдар мен ұстаздар қауымы өз баяндамаларында тарихи тұлғаның өмірі мен саяси қызметін жан-жақты ашып көрсетті.
Назым Сейтова,
Мұстафа Шоқай атындағы
№51 мектеп-гимназия мұғалімі