Министр әнші Алтыншаш Мұқатаеваның шығармашылық кешіне барды

1 567

Министрлік ерекше қажеттіліктері бар артистер мен инклюзивті шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетуді жалғастыруда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Ол үшін жақында бекітілген Мәдени саясат тұжырымдамасында нақты шаралар қарастырылған. Мәселен, онда ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен осы топқа жататын балалардың қатысуымен спектакльдер қоюды үйренетін жоба бар. Асхат Оралов әнші Алтыншаш Мұқатаеваның шығармашылық кешіне барды.


«Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші Алтыншаш Мұқатаеваның «Самға,алға» атты шығармашылық кешіне бардым.


Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Бейбітшілік және келісім сарайында өткен іс-шараға отандық эстрада жұлдыздары мен көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.


Залда жайлы, жүрекке жылы атмосфера болды. Көрермендер кештің басты әншісі мен концерт қонақтарының орындауындағы әндерді тамашалап, қойылымды зор қошеметпен сүйемелдеді. Кеше музыканттар мен бишілер залдың қолдауын толық сезінгеніне сенімдімін.


Іс-шара аяқталғаннан кейін әншіні сәтті өткен шығармашылық кешімен құттықтап, онымен бірге сахнада өнер көрсеткен басқа әртістермен кездестім. Концертке қатысушылар мен көрермендер кештен жағымды эмоция мен күшті мотивация алды деп ойлаймын.


Алтыншаш Мұқатаева бізге қандай жағдайда да сүйікті ісіңмен айналысуға және үлкен жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдеп берді. Мен оған шығармашылық шыңдарды бағындырып, толайым табыстарға жете беруін тілеймін.


Министрлік ерекше қажеттіліктері бар артистер мен инклюзивті шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетуді жалғастырады. Мәселен, ҚР-ның 2023-2029 жылдарға арналған жақында бекітілген Мәдени саясат тұжырымдамасында ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен осы топқа жататын балалардың қатысуымен спектакльдер қоюды үйренетін жоба әзірлеу қарастырылған», - деп жазды министр Telegram арнасында.