13 маусым - Қазақ елінің алғашқы Уставы жазылған күн
Бүгін Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Қазақ елінің алғашқы Уставы жазылған күн, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі SN.kz сайтына сілтеме жасап.
13 маусым – қазақ тарихындағы маңызды күн. 1911 жылдың 13 маусымында Петерборда тұңғыш рет қазақ халқының профессионалды конституциясы – «Қазақ елінің уставы» жазылды. Авторы – үлкен оқымысты, реформатор, демократ Барлыбек Сырттанұлы. Құқықтық құжат Алаш ұранды қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның тікелей тапсырмасымен жазылған. Ескі заманнан тарихи жәдігер болып жеткен саяси құжатқа автор «С.Алашинский» деп қол қойған.
Алаш мұрасының бүгінге жетуінің өзі тарих. 1909-1911 жылдары Патша үкіметінің басшысы П.Столыпиннің аграрлық реформасы бойынша қазақ даласына ішкі Ресейдің қарашекпенділері қоныстанып, жеріміздің ең шұрайлы бөліктерін тартып ала бастады. Жерінен, атақонысынан айырылған қазақ жұрты көтеріліске шығып, талаптарын қояды. Жер-жерде патша үкіметінің алым-салығы мен жөнсіз реформаларына қарсы бағытталған түрлі толқулар өткен. Ұлт-азаттық жолындағы қарсы толқудың бірі – Алматының маңында өткен Ұзынағаш съезі. Съездің қаулысымен халық сенімін арқалап Барлыбек Петерборға аттанған. Сол сапарында Орталық биліктің басшыларымен келіссөз жүргізеді. Бірақ шовинистік билік оның арман-тілегін орындамай, өзінің авторитарлық өктемдігін күшейте түскен. Сағы сынса да, рухы түспеген қайраткер замандасы Әлихан Бөкейханның пәтерінде отырып, бір түнде еуропалық стильдегі жаңа заң жобасын жазады. 15 маусым күні қазақ заңын Думаның қарарына жолдап, тіркетеді. Сөздің ашығын айтқанда, бұратана ұлт өкілінің батыл қадамы патшалық билік құрылымын тітіркенткен. Сол күннен бастап Барлыбек Сырттанұлы қатаң бақылауға алынады. Ал заң жобасы Дума кеңсесінде-ақ жөргегінен тұншықтырылған.
Барлыбек патшалық биліктің түрлі сатыдағы жоғары қызметтерін атқарып жүргенінде, саяси көзқарасына байланысты «сенімсіз» боп, отставкаға шыққан. Демалысқа шыққан соң, елдік мұрат ісіне шындап кіріскен қайраткер жер үшін, шекараны белгілеу үшін зор істерді тындырады. Конституция жазғанға дейін «Қарқаралы құзырхаты» құжатын даярлауға және 1905 жылдың желтоқсанында Орал қаласында өткен бес облыс делегаттарының жиынына қатысып, «Қазақ» конституциялық-демократиялық партиясын құру туралы бастаманы қолдаған-ды. Сонымен қатар Алматы қаласынан Мұсылмандар кітапханасының ашылуына, Міржақып Дулатұлының тыйым салынған «Оян, қазақ» кітабын таратады. Қазақ мектептерінің ашылуына ұйытқы болады. Осындай әрекеттері үшін ол «Ұлтшылдық элементін қозғады» деген желеумен үш рет қатаң сөгіс те алыпты. 1908 жылы халықшыл Барлыбек биліктегі карьерасын туған ұлысының мүддесін қорғап барып аяқтаған екен.
1911 жылдың күзінде еліне келіп, «Мамания» мектебінде оқытушылық қызметпен айналысады. Осы уақытта «Қазақ», «Айқап» басылымдары арқылы қазақ оқығандарына хат жазып, жалпықазақ съезін өткізу туралы мәселе көтереді. Ел-жұртты жеке-дара мемлекет құруға үгіттейді. Ақырында, 1914 жылдың 26 қарашасында аяулы Барлыбек Сырттанұлы жандармерия жендеттерінің қолынан қаза табады. Оның өлімінен соң жары Еркежан Аталыққызы да тергеуге тартылып, бақылауға алынған. Тіпті Еркежан екі рет Қапалдағы түрмеге қамалды.
Совет заманы орнаған шақта да Барлыбектің балалары саяси қысымның түр-түрін көрген. Абдулқадыр мен Дәрібек оқудан шығарылып, «Алаш ісі» бойынша жауапқа тартылады. Ташкенттегі САГУ-да оқып жүрген Дәрібек Барлыбекұлы М.Әуезов, Ж.Күдериндермен бірге қамауға алынған. Жазасын өтеп келген соң, Дәрібек «Халық жауы» емеспін» деп ұлдары Талғат, Самұрат үшеуі 1941-1945 жылдағы соғысқа қатысқан. Соғыстан аман қалған Барлыбектің немересі Самұрат қазақтан шыққан алғашқы алты генералдың бірі болып, Совет үкіметінің әскери ісінің дамуына зор үлес қосқан.
Әуелі 1914, 1915 жылдары, кейін совет кезеңіндегі 1924, 1929, 1936 жылдар аралығында Барлыбектің үйі бір рет емес, әлденеше рет тінтіліп, тексерілген. Осы уақиғалардың бәрін өз көзімен көрген Мүгілсім Абдулқадырқызының айтуына қарағанда, атасының барлық жазған-сызған дүниелері тәркіленіп, өртелгенге ұқсайды. Ал «Қазақ елінің уставы», «Ынтымақ ережесі», «Дәрілік өсімдіктер» сияқты бірқатар еңбектерін киізге орап, жерге көміп, аман-есен сақтап қалған тұлғаның 1903 жылы туған қызы Ханифа әжеміз еді. Құқықтық-саяси құжатты алғаш жариялап, ғылыми айналымға енгізген профессор Сәкен Өзбекұлы болатын.Ақиқатында, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары тәжірибешілдер еді. Қоғамдық-саяси өмірімізге елеулі өзгеріс қосқан азаматтардың тәжірибесінен туындаған ой-пікірі, тұжырымы әлі күнге дейін өзекті. «Қазақ елі», «Қазақ жері», «Президент», «Ұлт мәжілісі» т.с.с. ұғымдарының тілдік қолданысымызға алғаш рет енуі Барлыбектің есімімен тікелей байланысты. Осының бәрі қазақ тілінде жазылған кіріспе сөз, 4 бөлім және 28 баптан тұратын заң жобасында айтылған. Уақыт өзі көрсеткендей заңгер «С.Алашинский» енгізген сөздер ұғымдық категорияға айналды. Қазақтың құқықтық-саяси ілімінің бастауына өзек болды.
Әуелі 1914, 1915 жылдары, кейін совет кезеңіндегі 1924, 1929, 1936 жылдар аралығында Барлыбектің үйі бір рет емес, әлденеше рет тінтіліп, тексерілген.
Құқықтық тарихи жәдігерде: «...Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады» делінген. Петербордағы Императорлық университетті үздік бітірген әрі «құқықтық заң», «саясаттану негіздері», «халықаралық құқық» пәндерін ерекше сүйіп оқыған, орыстың демократ, революционер қайраткерлерімен қоян-қолтық араласқан Барлыбек АҚШ, Еуропа елдерінің конституцияларын жетік білген. Ол Британ империясының құрамындағы ұсақ мемлекеттердің хал-ахуалын зерттей келе, британдық үлгідегі өзін-өзі басқару құқығына ие, тәуелсіз республика болу үшін «доминион» ұғымын енгізеді. Бұл сөзді «достастық» деп аударып, жаңа сөз тудырған. Асылында, осы еңбекпен жіті танысқан адам қайраткердің құқықтық-саяси көзқарасын, ұстанымын байқаған болар еді. Парламенттік республика, министрлік басқару жүйесі, сот бірлігі туралы сарабдал ойлар қамтылған тұщымды еңбек.
1911 жылы жазылған Қазақ елінің алғашқы Уставы
Кіріспе сөз
Қазақ елі – көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырудан7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында қалмақтардың күшті һәм көп әскеріне ауызбірлік жоқтығынан қарсы тұра алмады. Бірақ, Үш жүздің ақылды ұлдары бір байрақтың астына жиналуға уәде беріп, бас қосып, қалмақтарды күл-талқан жасады. Әбілқайыр хан асығыстық жасаумен Кіші жүздің қазақтарын Россияға бағынышты етті. Орыс патшасы жасалған шартты бұзып, қазақ жеріне бекіністер орнатты, жаулап алуды күштіледі, қара шекпенділерді қаптатты, қазақтың жерін, жеген нанын, ішкен суын тартып алды. Байғұс қазақтар өз жеріне ие болудан айырылды һәм айдалаға құмға ығыстырылды.
Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз. Қазақ елі республикасында жоғарғы билік жүргізуді бүкіл қазақ және басқа нәсілдердің өкілдері дауыс беру арқылы іске асырады. Сайланатындар елдің ең сүйікті, білімді, елі үшін жанын беретін адамдар.
Өз алдына ел болуды көздеумен дүниеде өзін-өзі билеген нәсілдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елді бақытты, теңдік, бостандық өміріне жеткізу үшін осы уставты кіргізеді.
1. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында
1. Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.
2. Қазақ елінің жеке туы бар. Ту жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышты ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі.
3. Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады.
4. Қазақ елінің ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.
5. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.
6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісін дауыспен шешеді.
7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.
8. Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице-президент. Ол Президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.
9. Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады.
2. Адам баласының хұқы турасында
10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді.
11. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар.
12. Қазақ елінде ер адаммен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.
13. Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруға һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ.
14. Нәсілдерді бір-біріне қарсы итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты.
15. Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатқа хүкім беруі шарт, болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады.
16. Қазақ елінде адам баласының хат-хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру – соттың мойнында.
17. Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға хұқы бар. Мүлікке ие болу, пайдалану һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлік хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады.
3. Қазақ жері турасында
18. Қазақ жері оның меншігінде болады.
19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты.
20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады.
4. Сот турасында
21. Сот билігі өз еркімен іске асады.
22. Соттың хүкімі законға һәм сот ережелеріне сүйенеді.
23. Судьялар дау шешкенде хүкметке яки адам баласына бағынбайды, закон һәм сот ережелері негізімен хүкім шығарулары шарт. Судьяларға әсер жасағандарға соттың хүкімі кесіледі.
24. Қазақ елінде бас судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады.
25. Орнынан алуды адам баласының арызы негізінде һәм Қазақ елі сотының Председателінің хүкімімен Ұлт мәжілісінде көп дауыспен растайды. Олай болмаса, судья өз атына қайтарылады.
26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар.
27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам.
28. Сот орнында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады.
С.Б. АЛАШИНСКИЙ,
13 маусым, 1911 жыл, Петербор.