Алматыда Бибігүл Төлегенованың вокалистер байқауы өтпек

2 173

Алматыда қала күніне орай Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер байқауы өткізілмек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Осымен он екінші рет Алматы қаласының күні қарсаңында және Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрының 95-маусымының ашылуына орай Бибігүл Төлегенованың ХII Халықаралық вокалистер конкурсы өтуде.


Конкурс үстіміздегі жылы қыркүйек айының 11 мен 17-сі аралығында Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрында өтеді. Бұл туралы конкурс ұйымдастырушылары хабарлады. 


Бүгін, 12 қыркүйек күні іріктеу турына тыңдау басталды.


Ал бір күн бұрын Алматыда үстіміздегі жылдың 11 қыркүйегінен бастап Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының ашылу салтанаты өткен болатын. Абай атындағы Қазақ Ұлттық академиялық опера және балет театрының үлкен залы көрерменге лық толды. Классикалық музыка тыңдармандары үшін бұл күн нағыз мерекеге айналды.


Кеш қонақтары мен конкурсқа қатысушыларына Қазақстанның және КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның және КСРО Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова ыстық лебізін жеткізді.


Сонымен қатар, салтанатты кеште ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның әлемдік деңгейдегі конкурстың басталуымен құттықтау хаты оқылды. Арнайы құттықтау хатында Бибігүл Төлегенованың осынау халықаралық мәдени шара арқылы классикалық музыканы дамытуға қосқан үлесіне баса назар аударылып, жас вокалистердің жолын ашатын әлемдік байқау – ұлтымыздың мақтанышына айналғаны ерекше аталды.


Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсының лауреаттары Абай атындағы Қазақ Ұлттық академиялық опера және балет театрының солистері симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен концерт қойып, мәдени шараның көркін кіргізді. Кеш қонақтары танымал әндерді тыңдап, классикалық музыкамен сусындап қайтты.


Конкурс жас буынға эстетикалық құндылықтар тұрғысында тәрбие беруді мақсат тұтады. Халықаралық вокалистер конкурсы бүгінгі жастарды таза классикалық және халықтық музыкамен сусындатып, талғамын көтермек. Сонымен қатар, конкурс жас талантты орындаушыларды анықтап, қазақтың классикалық өнерін асқақтата түспек.


Люксембургтан арнайы келген жюри мүшесі, халықаралық конкурстардың лауреаты, әлемдік опера ханшайымы Елена Заремба сұхбатында: «Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсы – халықаралық және жоғары деңгейлі жастар үшін ең классикалық музыка байқауы. Яғни, бұл байқау жаңа таланттарға жол ашады. Қатысушыларға өздерінің шығармашылық әлеуетін паш етуге мүмкіндік береді. Кәсіби тәжірбиелік тұрғыда өздерінің шеберліктерін шыңдайтын, классикалық өнерде жоғары деңгейге шығуға жол ашатын алаң, ал өнер жолын жаңа бастап келе жатқан орындаушыларға алғашқы кәсіби алаң деуге болады», - деген пікір білдірді.


Қазақстанның әр түкпірінен, алыс және ақын шетелдерден конкурсқа қатысу үшін Алматыға опералық өнердегі жас вокалистер жиналды. 11 елден келген қатысушылардың саны биыл саны 73-ке жетті. Талап бойынша конкурсқа 1988 жылдың 1 қазанынан кейін және  2004 жылдың 1 қазанына дейін дүниеге келгендер қатысады.


Қатысушылардың өнерлерін жоғары мәртебеге ие кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында Италия, Люксембург, Чехия, ҚХР және Қазақстанның әлемдік деңгейдегі опералық өнер майталмандары бар. ХII Халықаралық вокалистер конкурсының қазылар алқасының төрайымы КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.


Жас әншілердің өнерін Халықаралық қазылар алқасы бағалайды, және әр қатысушыға орындау шеберлігі бойынша шығармашылық қорытынды жасалып, кәсіби жоғары мамандардың кеңесін алады. Бұл өнер мерекесі жаңа әншілердің есімін жарыққа шығарып, олардың әлемдік сахнаға шығуына ықпал етеді.


Байқауда қатысушылар іріктеу және финалдық турлардан өтеді. Барлық тыңдау ашық өткізіледі. Орындаушылардың қатысу реттілігі жеребе арқылы анықталып, байқау аяқталғанша сақталады. Финалға 14 қатысушыға дейін ғана іріктелгендер өтеді.


Байқаудың басты ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдениет қоры» қоғамдық бірлестігі.


Бибігүл Төлегенованың ХII Халықаралық вокалистер конкурсына Алматы қаласының әкімдігі үлкен қолдау көрсетіп отыр.