Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды

932

Фото: https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-str/press/news/details/392383?lang=ruҰлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына бүгін тура 150 жыл толып отыр - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ахметтің атын атасы Шошақ қойған. Бала кезінде Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектепке түседі. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға аттанады. 1895-1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.
Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға сай келеді. Сол жылы Қоянды жәрмеңкесінде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторының бірі Ахмет Байтұрсынұлы болған. Петицияда жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілген.
Ахмет Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсынұлын қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдайды. Осы шешімге сәйкес, Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Ұлт ұстазы 1917 жылы революциялық өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ комитеттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүрді, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды.
Ақтар жеңілгеннен кейін Алаш Орда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. 1920 жылы В. И. Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген. 1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. 1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М. Горькийдің жұбайы Е. П. Пашкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады.
Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 қазанда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды.
Ағартушының ұлт үшін еткен еңбегі зор. Абай Құнанбайұлы туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жазып, ойшылға қазақ жазба әдебиетінің төрін ұсынған Ахмет Байтұрсынұлының өзіне «Қазақтың бас ғалымы» деген атақ берсе жарасады. Оған қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын, қазақ әліпбиі мен емлесін ғылыми дәйекпен ретке келтіріп, қазақ тілінің лексикалық қоры мен синтаксистік құрылымын өзге тілдердің ықпалынан тазартуға күш салған ғылыми еңбектері мен алғашқы оқулықтар дәлел. ХІХ-ХХ ғасырда қазақ халқы үшін қандай ауыр болғанын түсіну үшін Байтұрсын әулетінің арғы-бергі тарихына көз салса жетіп жатыр.
Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның «ұлт жайлы Ахмет, Міржақыппен ғана ашық әңгімелесе аламын» деген екен тірісінде. Әлихан Бөкейханың Ахмет Байтұрсынұлына жазған хаты да қалған.

«Абай мен Алтынсарының баласы жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең де кеш емес. Нәзір3 де Абай туралы жазбақшы. Мейлі, жазсын. Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ», - дейді хатында Ұлт көшбасшысы.



Әкесі мен ағаларының нақақ қудалануы жүрегіне шоқ боп түскен алаш арысы 1937 жылы атылғанға дейін ұлт ұпайын түгендеп өтті. Бұған да оның бүгінге цензура мен плагиаттан әупіріммен аман жеткен ғылыми еңбектері мен әлі күнге дейін табылмай келе жатқан құнды дүниелерінің даңқ-дақпырты дәлел. Ол қазақ публицистикасы мен ғылыми тілін жасанды, қасаң сипаттан арылтып, халық тіліне жақындату үшін төл терминологияның негізін қалады. Ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды, ұлттық журналистиканы дамытты.
Кезінде Ахмет Байтұрсынұлын «Ұлт ұстазы» деп алғаш атап жазған Тұрсын Жұртбайдың арқасында қазір барлығы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегіне толыққанды баға беріп, бір ауыздан «Ұлт ұстазы» дейтін болды.

«Артында  мол мұра қалған Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі, бас-аяғы толық түгенделіп, жан-жақты зерттелді деп әлі толық айта алмаймыз, алда әлі талай еңбектерін шаң боп жатқан архивтерден алып, зерттейтін жас ғалымдар шығатына сенімдімін»,- деген еді БАҚ-қа сұхбат берген кездерінде алаштанушы Тұрсын Жұртбай.