Түрік мәдениеті және мұрасы қоры Нидерланд корольдігінде мерекелік іс-шара өткізді

2 504

Гаагада түрік әлемінің ұлы қайраткері, Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиевтің туғанына 100 жыл, Түрік Республикасының құрылғанына 100 жыл және қазақ билеушісі Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мерекелік іс-шараны Халықаралық түрік мәдениеті және мұрасы қоры Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан, Әзербайжан мен Түркия елшіліктерімен бірлесіп ұйымдастырды. Оған мемлекеттік қызметкерлер, Нидерланд Корольдігінің депутаттары, елде тіркелген дипломатиялық корпус пен диаспора өкілдері қатысты.


Қор президенті Гюнай Эфендиева биыл түркі әлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызды екенін айтты. Әсіресе қазіргі тәуелсіз Әзербайжанның негізін салған, Жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Алиевтің 100 жылдығын ерекше атап өтті.


Гейдар Алиев мемлекетінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз еткен дана, көреген саясаткер ретінде әлемге танымал. Оның республика тарихындағы ерекше еңбегі – әлем елдерімен, оның ішінде түркітілдес мемлекеттермен саяси, экономикалық, мәдени және әдеби байланыс орнатып кеткені.


Түрік Республикасының құрылғанына 100 жыл толғанымен құттықтап отырып, Қор президенті елдің орталық мемлекет ретіндегі орнын, өткен он жылдықта қол жеткізген халықаралық аренадағы жетістіктерін атап өтті.


Сондай-ақ Гюнай Эфендиева Қазақстанды ұлы билеуші Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толуымен және ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Қор басшысы аз уақыт ішінде ел жүргізген саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар оң нәтиже бергенін айтты.

Іс-шараға қатысқан дипломаттар қордың көне түркі мәдени мұрасын сақтап қалуға және танытуға бағытталған жұмысына жоғары баға берді. Сонымен қатар, түрік қоғамының беделі өсіп келе жатқанын атап өтті.


Мерекелік іс-шара аясында жеті түрік мемлекеті – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан мен Мажарстан өкілдерінен құралған, кәсіби музыканттар жиналған «Жеті сұлу» музыкалық тобының концерті ұйымдастырылды.