«Алтын домбыра» иегері – Мақсат Аханов
Елордада «Еңбек – ел ырысы» тақырыбындағы қарапайым еңбек адамдарына арналған республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«AMANAT» партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі «Алтын домбыра» жыр аламанында бас-аяғы 16 ақын өнер көрсетті. «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек дәстүрлі доданың мәні мен маңызына тоқталып, партия алдағы уақытта да мәдениет пен өнерге барынша қолдау көрсете беретінін жеткізді.
Өз кезегінде, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев көзіқарақты көрермен мен ақындар қауымына шынайы алғысын білдірді.
Бұл ретте, қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова қазылар құрамы әдептен озбай, ардан аттамай, әділ шешім қабылдағанын айтты.
Осылайша, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды.
Ал жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы қызылордалық Мейірбек Сұлтанханға, 2-орын павлодарлық Аспанбек Шұғатайға бұйырды. 3-орынды ұлытаулық Төлеген Жаманов пен Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина өзара бөлісті.
Сондай-ақ, жамбылдық Алина Айдаралы, Батыс Қазақстан облысының айтыскері Мұрадым Мейрланов және алматылық Шұғайып Сезімхан арнайы жүлде иеленді.
Сайысқа түскен барша ақынға қомақты сый-сияпат табысталды.